«Өкімет көшемізді жарықтандырып берсін» деп
қарап жатпады. Түнгі уақытта көшеміз тас қараңғы болмасын деп созақтық жастар
өздері әрекетке көшті. Сөйтті де әр үй бір мың теңгеден ақша шығарып, көше
бойына жарық шамын орнатып шықты.
Бұл Созақ ауданы Созақ ауылы тұрғындарының алғашқы игі ісі емес. Кез-келген шаруаны атқаруда бірігіп кететін, ауызбіршілігі жарасқан тұрғындар талай тірлікті бір үйдің баласындай атқаруда. Жыл сайын мектепті бітіргендеріне 10, 20 жыл толатын түлектер баспанаға зәру екі отбасыға үй салып беруді дәстүрге айналдырған. Әсіресе, жастар жағы белсенді. Олар ұзындығы бір шақырымнан асатын Қ.Тоқмағанбетов көшесіне жаңадан 36 бағана орнатып, оған шам ілді. Бағаналарды өздері орнатып, дәнекерлеу жұмыстарын да өздері істеді. Электрик мамандар да араларынан табыла кетті. Бұрын тас қараңғы болып тұратын көше енді түнде жап-жарық.
Айтпақшы, бұл ауыл тұрғындарының өз қоры бар. Оған ай сайын 1000 теңгеден жинап отырады. Жиналған қаржыны тұрмыстық түйткілдерді шешуге жұмсайды. Ауылды көркейтуге пайдаланады. Болашақта олар ауылдан саябақ ашуды жоспарлап отыр. Жергілікті билік ол үшін жер аумағын бөліп беретін болса, сол маңды көгалдандырып, ағаштар егіп, саялы бақ етуге әзір.
Сонда жергілікті бюджеттен елді мекендерді көріктендіру мен әлеуметтік нысандар салуға қарастырылатын қаржы қайда кетіп жатыр?
Сіздің де көкейіңізде осындай сұрақ тұр ма?