Түркістан облысы, Отырар ауданы, Мұхтар Әуезов атындағы жалпы орта мектепте жыл бойы жақсы бастамалар қолға алынып, олар өз нәтижелерін табуда. Мұндағы ұстаздар бірінші кезекте балалармен жұмысты жолға қояды. Соның арқасында білім сапасы жыл сайын артып, оқушылар арасындағы жетістіктер де көбейіп келеді. Білім ордасына бара қалсаңыз ұжымдағылар мұның негізгі себебін мектепке Айнұр Сыздықәлінің басшылыққа келуімен байланыстырады.
Біз соңғы бірнеше аптада аталмыш мектепте өткен іс-шараларға жеке тоқталғанды дұрыс көрдік. Кітапханашы Гаухар Сапарбекованың ұйымдастыруымен «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Кітап — рухани байлық» атты 20 минуттық оқу сағаты өтті. Қазіргі қоғамдағы оқырман белсенділіктерін арттыру, оқушылардың оқуға құзыреттілік деңгейлерін дамыту мақсатында Жаратылыстану бірлестігінің пән мұғалімдері Ақбөпе Әбдікәрімова Ф.Ницшенің «Балалықтан даналыққа», Әмина Жүсіпәлиева Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» атты кітаптарының мазмұнын таныстырды.
Көгалдандыру жұмыстары жалғасын табуда

9 желтоқсанда мектеп ауласына Отырар ауданының құрметті азаматы Оразхан Жанысбековтың демеушілігімен 300 түп көшет әкелінген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды», – деп ерекше атап көрсеткендей, Оразхан Кенжеғұлұлы күзгі ағаш отырғызуға осылайша өз үлесін қосып отыр. Істің басы – ниет, ниет болса тақыр жерді де гүлдендіруге болады. Бұған дәлел жерлесіміз О.Жанысбеков былтырдан бері туған ауылына 3000 түп ағаш отырғызғандығы.
Мектептің келбетін келістіріп, көгалдандыруға байланысты жеткізілген көшеттерді мектеп ауласына білім ошағының ер мұғалімдері отырғызды. Ағаш отырғызу сауапты іс. Мектептің жап-жасыл, жайқалған ағаштармен көріктенуіне мұғалімдер де өз үлесін қосуда. Тал-дарақ егу, жерді көркейту – барша халықтық сипат алуы тиіс. Ал экологтар мен бағбандар көшеттерді күзде отырғызудың артықшылығы көп екенін айтады. Көктемде егілгендерге қарағанда олардың көпшілігі ерте көктеп, өсіп кетеді екен. Бұл маңызды шаруа әуелі жер-анамызды сауықтыру үшін қажет. Мектептің ауласы жасыл желекке айналып тұрса, жаңаша үйлесім, жаңа сипат береді.
Ертегілер әлемінде
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялап, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек екенін айтып, тапсырма берген болатын. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы — біздің жалпыұлттық міндетіміз. Осы берілген тапсырма мен айтылған мәселе төңірегінде мектептегі «Балалар және театр» үйірмесінің жетекшісі Гүлназ Афизованың ұйымдастыруымен «Күнді іздеген достар» тақырыбында сахналық қойылым қойылды. Ертегі арқылы оқушылар мейірімді болуды, кез-келген қиындықта досты орта жолда қалдырмай көмектесе білуді үйренді.
«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында кітапхана ахуалы мен көркем әдебиеттерге деген оқушылар мен ұстаздардың қызығушылығын арттыру, оқырмандарды машықтандыру, тәрбиелеу, кітаптарға қызықтыра білуге үйрету, ұлттық тәрбиеге баулу мақсатында «Менің кітапханадағы бір күнім» атты іс-шара ұйымдастырылды. Оны мектептің бастауыш сынып мұғалімі Жаңагүл Қасым 4 «Г» сынып оқушыларымен бірігіп өткізді. Мұндағы басты мақсат — балалар өз уақытын тиімді пайдаланып, әртүрлі ертегі мен аңыз әңгімелер, өлеңдер оқып, кітапқа деген қызығушылықтарын арттыру.
«Менің кітапханадағы бір күнім» атты іс-шарасы аясында оқушылар қиял-ғажайып ертегілерінің бірі — «Алтын балтаны» көрермен назарына ұсынды. Мектептің жас ақыны Жания Тәжітай «Кітап — асыл қазына» атты өлеңін оқыды. Сыныптың «Үздік оқырманы» Нұрислам Әбдіхалық әлем ертегілерінің бірі «Асыранды аққу» ертегісін әңгімелеп берді. Балалар бір-бірлеріне мақал-мәтел айтып жарысып, «Кел достым кітапханаға» әнін хормен айтты. Соңында оқушылар әлем ертегілерін қызыға сүйіп оқып, бір-бірімен алған әсерлерімен бөлісті.
Ертегіден алған әсерін сыныптың суретшілері Мұхит Ерасыл мен Оразбай Айбол қағаз бетіне түсіріп, көркем суретпен бейнеледі.
Спортқа деген көңіл ерек

Мектепте спортқа да жоғары деңгейде көңіл бөлінген. Оқушылар арасында аудан мен облыста өткен жарыстардың жеңімпаздары аз емес. Бір ғана мысал, жуырда ғана Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы «Облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен 2022 жылдың 1-2 желтоқсан күндері Түркістан облысы әкімінің кубогі үшін спорттың шағын футбол түрінен 5-11 сынып оқушылары арасында облыстық кезеңі өтті. Бұл сайысқа аудан, қалалардан 24 команда, жалпы есепте 300-ге жуық оқушы қатысты. Осы сайысқа 5-6 сынып оқушылары арасында Отырар ауданының намысын М.Әуезов мектебінің оқушыларынан құралған «Отырар» командасы қорғаған болатын. «Отырар» командасы өз шеберлігімен көзге түсіп, жеңімпаздарға арналған арнайы кубок, дипломдар және қаржылай сыйақымен марапатталды.
Мектептің педагог-психологы Гүлмира Серікбаеваның ұйымдастыруымен 11-сыныптың ұл балалары арасында «Мен таңдаған өмір» атты тренинг өтті. Болашақ ел азаматтары өз бойындағы жақсы қасиеттерді көру, адами құндылықтарды бағалау, бір-бірімен қарым-қатынастарын жақсарту, адамгершілікке, мейірімділікке тәрбиелеу, өзіне деген сенімділікті арттыру дағдыларын үйренді. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Біржан Байысбаев пен Әлеуметтік педагог Нұртас Әбдуахиттың қатысуларымен ұл балаларға өмір ұғымын түсіндіру, өмірде кездесетін әртүрлі жағдайлар туралы ақпарат беру мақсатында тренинг сабағына атсалысты.
Сондай-ақ, өткен аптада Б.Байысбаевтың ұйымдастыруымен 5-8 сыныптар аралығында «Мен сыбайлас жемқорлыққа қарсымын» тақырыбында сурет байқауы өтті. Жас суретшілер жемқорлық дерті жайлы ойларын қағаз бетіне сырлы бояумен түсіріп, төл туындыларына арқау етті. Байқауға директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Өркен Сеңгірбеков, қосымша білім беру педагогы Әбдіманап Ахметов қатысты. Ақылдастар алқасы ақылдаса келе жүлделі үш орынға Кәусар Бабахан (7 сынып), Ұлсана Айтбай (8 сынып), Шырай Амангелдінің (7-сынып) шығармаларын лайықты деп тапты. Басқа қатысушыларға да ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Биылғы оқу жылының өзінде М.Әуезов атындағы мектепте ел ұзаққа дейін айтып жүретін өзге де іс-шаралар аз болмады. Үлгі боларлық мұндай игі істер легі Айнұр Сыздықәлі басқаратын білім ошағында алдағы уақытта да жалғасын таба беретініне сенім білдіргіміз келеді.
Ұ. ТӘМЕНОВ.