Бұл туралы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау депаратаменті хабарлап отыр.
Аталған мекеме тарапынан Шымкент қаласындағы балабақшаларға тексерулер жүргізілген. Балабақшаларды Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының интернет-ресурсында орналастырылатын ерекше тәртіп бойынша тексерулердің жартыжылдық кестелеріне сәйкес тексерді.
Айта кету керек, мектепке дейінгі ұйымдардың, нысанның меншік иесіне қарамастан, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 9 шілдедегі № ҚР ДСМ-59 бұйрығымен бекітілген «Мектепке дейінгі ұйымдарға және сәбилер үйлеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар», сонымен қатар дезинфекция, дезинсекция мен дератизацияны ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын талаптар, медициналық қарап-тексеруден өткен және жұмысқа рұқсат берілген жеке медициналық кітапшалардың болуы, паразиттік аурулардың алдын алу бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық- профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын талаптар және өндірістік бақылауға қойылатын талаптар туралы қолданыстағы бұйрықтарға сәйкестігі тексеріледі.
2022 жылдың 11 айында Шымкент қаласы бойынша ерекше тәртіппен 3 балабақша тексерілген. Жүргізілген тексерулер нәтижесінде балабақшадағы кейбір топтарда жиһаздың тұтастығы бұзылған.
Ойыншықтар жуылмайтыны, ойыншықтарды жууға және өңдеуге арналған ыдыстар таңбаланбағаны анықталған. Ал, баланың күні бойғы ермегі ойыншық екенін, бала ойыншықты аузына салатыны, қолымен ұдайы ұстап жүретінін ескерсек, ойыншық деген бала денсаулығына залал келтіретін инфекцияның нағыз ошағы болып табылмай ма?! Қарапайым ғана осы қағидатты білмейтін балабақша иелеріне, мамандарына не айтуға болады?!
Сонымен бірге санитар мамандар балабақшаларда балалар бөлмелерінде бір типті шамдар орнатылмағанын, оның қорғаныш құралдармен қапталмағанын, люминесцентті шамдарды сақтау және кәдеге жарату үшін үй-жай немесе арнайы орын көзделмегендігін айтып отыр.
Ал, жұмыртқаны өңдеуге және сақтауға қойылатын талаптар сақталмағанын көргенде тіптен бас шайқауға тура келеді екен. Дайын тағамдар мен зертханалық зерттеуге алынған сынамалар, дезинфекциялау құралдарының нәтижелері қолданыстағы гигиеналық талаптарға сәйкес келмейді.
«Пайдаланылатын шикізатқа, тамақ өнімдеріне олардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын сәйкестік туралы құжаттар ұсынылмаған.- Тамақ өнімдерін қабылдау бойынша бракераж журналы ұсынылмаған. Өндірістік бақылау бағдарламасы ұйымдастырылмаған. Санитар-эпидемиологтар осылай деп отыр. Балаларға сатып алынатын өнімге олардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын сәйкестік туралы құжаттар (ойыншықтар, жиһаз, мектеп-жазу керек-жарақтары, жеке гигиена құралдары және т. б.) ұсынылмаған;- жинау мүкәммалы (легендер, шелектер, жөкелер, шүберектер) толық таңбаланбаған және жекелеген үй-жайларға (санитариялық тораптар, медициналық пункт, ас блогының өндірістік үй-жайлары, топтық үй-жайлар) бекітілмеген, оларды арнайы бөлінген үй-жайларда (орындарда) сақтау ұйымдастырылмаған» дейді сала мамандары.
Жүргізілген тексерулердің нәтижелері бойынша әрине айыппыұл салынады. Анықталған кемшіліктерді жою туралы санитариялық ұйғарымдар берілген. «Лауазымды және жауапты тұлғаларға әкімшілік шаралары қолданылды» дейдә санитар мамандар. Онысы – 658545 теңге. Анықталған 5 айыппұлдың жалпы соммасы. Әрине, мұндай айыппұлға кемшілігі көп балабақшаның мұрты да қисаймасы анық.
Бала – болашағымыз дейтін болсақ, оның денсаулығы мен өмір қауіпсіздігі жолында кездесетін кез келген кемшілікпен ымырасыз күресіп, келеңсіздікке жол бергендерге қатаң шара көрілуі керек. Олай болмайынша, біз болашағымыздың саулығына балта шабарымыз анық.
Ж. ШАЛАБАЕВА