Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы наурыз айында «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына жолдауында Конституцияның ең жоғары заңдық күші барын, Ата Заңымыз еліміздің бүкіл құқықтық жүйесінің тірегі екенін, елімізде Конституциялық сот құрылатынын, өлім жазасына тиым салу туралы шешімді біржола бекітіу үшін Конституцияға тиісті өзгеріс енгізу керектігін, құқық қорғау мәселелерін үнемі жетілдіріп отыру қажет екенін, барлық деңгейдегі соттар, шын мәнінде, тәуелсіз, ашық және кәсіби болмаса, заң үстемдігін қамтамасыз ету мүмкін еместігін, судьялардың тәуелсіздігіне және оларға ешкімнің қол сұқпауларына кепілдік берілетінін, алқабилер қарауына берілетін істердің саны кеңейетінін, бұл жаңашылдық сот жүйесін демократияландыруға және оған қоғамның сенімін арттыруға мүмкіндік беретінін айтқан болатын. Тарихқа көз жүгіртсек, Ата заңның қайнар көзі, түп тамыры сонау ғасырлар қойнауындағы «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», Әз-Тәукенің «Жеті жарғысынан», яғни дәстүрлі құқық бастаулары ретінде танылатын осы негізгі үш дала «конституциясынан» бастау алатынын білеміз. Осыдан 31 жыл бұрын, яғни 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданып, Қазақстан Республикасы деген жаңа мемлекет пайда болып, ежелден еркіндік аңсаған барша қазақ халқының армандаған ең асыл мұраты орындалып, тәуелсіз елдің іргетасы қаланып, оны нығайту қолға алынды десек қателеспейміз.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының баспасөз қызметі.