Басты жаңалықтар Мәселе

 Шардара су қоймасының тасу қаупі бар ма?


Сырдария өзенінің жоғарғы ағысының артуынан Шардара су қоймасына жіберілген су көлемі артып отыр. «Осыған байланысты апаттық жағдай орын алса қойманың төменгі бөлігіндегі 34 мың халқы бар 22 елді мекенді су басу қаупі бар». Осылай деп дабыл қаққан мамандар соңғы күндері қоймаға орташа есеппен секундына 1500, тәулігіне 42 млн. текше метр су келіп, секундына 1011 текше метр су босатылып жатқанын баяндады. Бұл су қоймасының мерзімінен бұрын толып, көктемгі жауын-шашында тасқын орын алу қаупін туғызатынға ұқсайды.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен өткен алқалы жиында су шаруашылығы саласының мамандары стратегиялық маңызы бар Шардара су қоймасындағы қауіпке Үкімет назар аудармаса болмайтынын айтты. Ол жиынға, сондай-ақ, «Қазгидромет» РМК Түркістан облысы бойынша филиалының басшысы Маханбет Жазықбаев, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Күлән Қожамқұлова, «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының директоры Қазбек Бедебаев қатысты. Облыс әкімі күн тәртібінде күйіп тұрған бұл мәселеге орай тағы да сараптау жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Айта кету керек, Сырдария өзенінің бойынан салынған жасанды теңіз – Шардара су қоймасы жарты ғасырдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілген. Қойманың сыйымдылығы – 5200 млрд текше метр. Онда қазір 4 млрд. текше метрден астам су бар. Көксарай су реттегішіндегі су көлемі де артқан.

«Қазсушар» РМК Түркістан филиалының басшылығы Түркістан облысында су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне наурыз айына дейін «Шардара» су қоймасының толуын 70 пайыздан (3600 млрд. текше метр) және «Көксарай» су қоймасын 1600 млрд. текше метрден асырмау керек деген ұсыныс айтып отыр. Қауіптің алдын алу үшін аталған министрлік тарапынан Үкімет деңгейінде штаб құрып, мәселені мемлекетаралық келіссөздер арқылы шешуге ықпал жасаудың маңыздылығын айтады.

Сала мамандары су астында қалған Мақтаарал ауданындағы бірнеше елді мекендегі жағдайды алға тартып отыр. Сардоба су қоймасының жарылуы салдарынан бір аудан халқы зардап шеккені әлі есте. Ал, сол Сардоба су қоймасында 900 млрд. текше метр су жиналса, Шардара су қоймасындағы су көлемі одан 5-6 есе көп. Сондықтан шұғыл түрде Шардара су қоймасының жанынан апатты су қашыртқы салынуы қажет.

Туындаған бұл мәселелер жөнінде жергілікті атқарушы билік пен сала мамандарынан артық дөп басып ешкім болжам айта алмаса керек-ті. Сол себепті біз бұл қауіпке қатысты шардаралық мамандарға тікелей хабарласып, ұсыныс-пікірлерін тыңдап көрдік.

  • Сіз не дейсіз?

Қайрат ЖОЛДЫБАЙ, Шардара ауданының әкімі:

         «Жағдай бақылауда»

– «Қазсушар» мекемесімен бірлесе су қоймасындағы жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Бір сәтке де назардан тыс қалдырған емеспіз. Биыл жауын-шашын әдеттегіден көп болып жатыр, қар да қалың түсуде. Қар жаппай еритін ақпан мен наурыз айларында қауіппен бетпе бет келмеудің қамын қарастыруымыз керек. Ол үшін сақтық шараларын күшейту қажеттігі жөнінде облыстағы тиісті мамандарға ұсыныс жасадық. Рас, қоймадағы су былтырғыдан көп, бірақ бұл халыққа қауіп төніп тұр деп байбалам салуға негіз болмауы тиіс. Суды көп жинай бермей, Сырдарияның төменгі сағасына уақтылы босатып отыру керек. Көктемде келетін суға бос орын болса жеткілікті.

Абай МҮТӘЛИЕВ, «Қазсушар» МКК Шардара өндірістік бөлімше басшысы:

«Қауіп жоқ»

– Мұндай әңгіменің қайдан шығып жүргенін білмеймін. Ондай қауіп жоқ. Қойма сыйымдылығы — 5,2 млрд текше метр, яғни оның толуы үшін әлі 1,2 млрд текше метр су құйылу керек. Мұнша көлемдегі су келмей қалуы да мүмкін. Жағдайды толық бақылауда ұстап отырмыз. Қажет болғанда артық суды Сырдарияға жібереміз.

Болат РАЙМҰХАНОВ, «Солтүстік жағалау» шағын ауданының биі:

«Дүрлігудің жөні жоқ»

– Бұрын да судың көбейген кездері болған, ондай жағдайда ауыл тұрғындары мәселені әкімнен бұрын бізге келіп айтатын. Су қоймасы ауылдың іргесінде орналасқандықтан, ахуалды өзіміз де бақылап тұрамыз. Қауіптеніп, елді дүрліктіретін мәселе жоқ…

Жаман айтпай жақсы жоқ. Әрине, қауіптің алдын алған дұрыс. Бірақ облыстық деңгейдегі басшылар сонда негізсіз байбалам салуғаны ма?

Бастысы, сақтықта қорлық жоқ екенін де ұмытпаған жөн.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *