Әлеумет Қоғам

Кіл мықты Шымкентте шеберлік сынасты

 Кешегі аптаның сенбі-жексенбі күндері Шымкент алғаш рет «Shymkent ASTC Triathlon Asian Cup» Азия кубогын қабылдады. Құрамына 35 ел кіретін Азия Триатлон Конфедерациясының бастамасымен кәсіби спортшылар арасында өткізілетін бұл сайыс құрлықтық турнир есептеледі.

         Қазақстан, Өзбекстан, Сербия, Словения, Австралия, Жапония, Гонконг, Люксембург, Сирия, Франция, АҚШ пен Оңтүстік Кореядан 55 спортшы жиналған бұл үлкен доданың бас ұйымдастырушысы Қазақстандық және Шымкент қаласының Триатлон Федерациясы болса, бас серіктес «Shymkent» ӘКК» АҚ болды. Ал Шымкент қаласының әкімдігі мен Қазақстан Респбликасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті, «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ жан-жақты қолдау көрсетті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарысты өткізудегі басты мақсат – елімізде олимпиада ойындарына енетін триатлон спорты мен салауатты өмір салтын дамыту, қазақстандық спортшылардың, бапкерлер мен төрешілердің шеберлік деңгейі мен біліктілігін арттыру болып табылады екен.  

Азия Кубогының ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов спортшыларға сәттілік тілеп, Қазақстан триатлон федерациясының президенті Кәрім Мәсімовтың құттықтауын жеткізді. Нағыз мықтылардың жеңіске жетуіне тілектестігін білдірді.

 Қаламызда алғаш рет өткен турнирде 14 мемлекеттің атлеттері бақ сынады. Азия кубогы сарапқа салынған сайыста 31 ер мен 11 әйел өзара шеберлік сынасты. Спортшылар 2 сағатқа жуық уақытта 1500 метр қашықтықты жүзіп, 40 шақырымды велосипедпен жүріп, 10 шақырым жолды жүгіріп өтті. Нәтижесінде ерлерден алғашқы болып мәре сызығын 1 сағат 54 минут 13 секунд көрсеткішпен сербиялық спортшы Огнжен Стоянович кесіп, чемпион атанды. Өкше басып, одан небәрі 17-ақ секунд кеш келген отандасымыз Аян Бейсенбаевтың еншісіне екінші орын бұйырды. Үздік үштікті австриялық спортшы Лукас Гсталтнер қорытындылады. Оның көрсеткіші – 1 сағат 55 минут 27 секунд. Сонымен қатар үздік ондықтың құрамына қазақстандық Темірлан Теміров пен Мейірлан Ысқақов енді.

            Қыздар арасындағы сайыста бірінші орынды 2 сағат 13 минут 15 секунд көрсеткішпен румын спортшысы Антоанела Манак иеленсе, күміс медальға корей қызы Юн Жунг Жанг қол жеткізді. Ол басты қарсыласынан 7 секундқа қалып қойды. Қола медаль қазақстандық спортшы Арина Шульгина жеңіп алды.

Шымкентте өткен дүбірлі доданың маңыздылығы жайында Қазақстан Триатлон Федарциясының бас хатшысы Максим Кряк былай дейді: «Біз Шымкентте өтіп жатқан жарыста Азиялық спортшыларды ғана емес Люксембург, Америкалық спортшылардың да басын қостық. Бұл сайыс тек Шымкент қаласы үшін емес, Қазақстан үшін де өте маңызды оқиға болып отыр. Себебі Азия кубогі біздің елімізде көп өтпейді. Ал Шымкентте алғаш рет ұйымдастырылды».

Бұйыртса, 2020 жылы Токиода өтетін олимпиада ойындарына спортшыларды қатыстыруға ниетті Шымкент қалалық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев бұл жарыстың еліміздегі ішкі жарыстар арқылы спортшылардың деңгейін көтеруге өз септігін тигізетінін атап өтті.

«SHYMKENT ASTC TRIATHLON» Азия кубогының аясында әуесқойлар арасында «TEMIRADAM» кубогінің ІІІ-ші кезеңі өтті. Оған Ресей, Өзбекстан мемлекеттері мен еліміздің Нұр-Сұлтан, Павлодар, Қарағанды, Алматы қалаларынан 73 атлет пен 1 команда қатысуға ниет білдірді. Бұл сында алғашқы болып мәре сызығын кескен өзбекстандық спортшы Андрей Шарипов жеңімпаз атанды.

 Кілең мықтылар бақ сынайтын «TEMIRADAM» кубогі 13 кезеңнен тұрады. Шымкентте өткен бұл жарыс үшінші кезең. Жарыстың қорытынды кезеңі Ақтау қаласында өтеді деп жоспарлануда. 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *