Қоғам Мәселе

Жол салу жұмысы неге ұзап кетті?

Құрылыс саласында басталған жұмыстың аяқталу мерзімі созылып кеткен жағдайда «сақалды құрылыс» деген қосымша атауға ие болады. Ондай атауды алуды ешбір мердігердің қош көрмейтіні рас. Дей тұрғанмен кейде шындықтан айналып өте алмайтын кездер де болады екен. Бұл жөнінде Сайрам ауданына қарасты Қарасу ауылының тұрғыны Сүндет Райымбеков былай дейді: «Шымкент пен Ақсукенттің аралығы 20 шақырымға жуық. Осы аралықта екі бағыттағы жол құрылысының басталғанына биыл үшінші жыл. Ұят болмасын дей ме, әйтеуір жылда жолдың аз ғана бөлігін бітіріп қояды. Жаз шыға жол шаңға батып, жүргізушілер көліктің қозғалтқыштары істен шыққанын айтып шағымданады.

Одан бөлек сапасыз жолдың кесірінен көлік кептелісі де жиі орын алады. Таңертеңгілік және кешкі мезгілдердегі кептелістен қашқандар Сайрам, Қарабұлақ ауылдары арқылы айналып өтуге мәжбүр. Ең сорақысы — жол салынып бітпей жатып, кей тұстары қайта жөнделуде. Сонда не болды?

 Жол республикалық маңызға ие болғандықтан тапсырыс берушінің де жоғарыдан болатыны белгілі. Бұған Шымкент қалалық немесе Түркістан  облыстық әкімдігіне қарасты бөлімдердің араласа алмасы анық. Жергілікті билік араласпайтындықтан болар, әйтеуір үш жылдан бері осы жолдың жыры бітер емес».

Расында С.Райымбековтың айтып отырғаны орынды. Ол кісінің көтерген мәселесі көптің көкейінде жүрген жайттар. Шынында да айналдырған 20 шақырым жолды төсеп келе жатқанына үш жыл өтсе де әлі аяқталар түрі байқалмайды. Сонда мердігер компания немен айналысып жатыр? Жұмысшылар бұрынғыдай жұмысты қолмен істеп әуреге түспейді. Барлығы техниканың күшімен атқарылады. Соған қарамастан атқарылған жұмыс көлемі мардымсыз.  

Жуырда осы жолмен жүріп келе жатып, жұмысшыларды әңгімеге тарттық. Олар өздеріне бөлінген аймақты жыл соңына дейін қалай да бітіретіндерін, оған дейін мерзімдері бар екенін айтып қалды. Әрине бар жоғы 7-8 шақырым жолды аяқтай алмай, келесі жылға қалдырып кетсе тіпті масқара емес пе? Бұл сағатына бірнеше көлік өтетін шалғайдағы жол болса сөз басқа. Шымкент-Ақсукент бағыты көлік қозғалысы өте тығыз жол есептеледі. Сондықтан осындай жолды жөндеуге немесе қайта салуға тапсырыс берген тиісті басшылар неге бірінші кезекте жүргізушілерге, тұрғындарға қолайсыздық тудырмау жайын ойламады екен?

Бүгінде әлемнің төрт бұрышындағы жаңалықтар адамдар үшін қолжетімді. Ғаламтор арқылы жердің үсті былай тұрсын, судың үстіне қысқа мерзімде жол салғандарды көріп жүрміз. Тауды тесіп, қырды қопарып жол салып жатқандар да жетерлік. Ендеше, осы жолды салуды жоспарлағандар бас-аяғы 20 шақырымды неге бір жылда бітетін етіп жасамағандары түсініксіз. Жол азабын жолда жүргендер жақсы біледі. Сонымен қатар, жол бойында тұратын тұрғындар үшін де ұзаққа созылған бұл жөндеу жұмыстарының оңай болмай отырғаны түсінікті. Жұмысты елге тиімді, кедергісі аз етіп қашан жасайды екенбіз? 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *