Әлеумет

Шымкенттің қақ төрінде – домбыра!

 Қарап тұрсаңыз әлемде неше түрлі ескерткіштер бар. Олардың кейбірі, тіпті, еріксіз күлкі шақырады. Ал «нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп, ұлттық музыкалық аспапты ұлықтауға келгенде ішкен асын жерге қоятын қазақ елінде домыбараны насихаттайтын ән-жырлар жиі кездескенімен, ескерткіш некен-саяқ. Міне, жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың пәрменімен осы олқылықтың орны толтырылып, мегаполистің жүрегі — әкімшілік-іскерлік орталығы маңындағы «Түркістан» сарайының тура алдынан, яғни Шымкенттің қақ төрінен биіктігі 7 метр болатын домбыра монументі ашылды. Ұлттық домбыра күні орын алған бұл жағымды жаңалық көпшіліктің көңілін бір көтеріп тастады.

Монумент Суретшілер одағының мүсіншілерімен соғылған. Таза салмағы 500 келі тартатын ескерткіш толықтай қатты металдан жасалыпты. Себебі, темір оңайлықпен тозбайды. Демек, домбыра монументі қалалықтар мен қала қонақтарына ұзақ уақыт қуаныш пен көңіл-күй сыйлайды деген сөз. Монументтің салтанатты түрде ашылуында жиналған көпшілікпен бірге қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы іс-шараның соңына дейін қатысты. Ал журналистердің қойған сауалына «Мен бұрын, мектеп кезінде домбыра үйірмесіне қатысқанмын. Сол кезде бір-екі күй тартып үйрендім. Сосын басқа пәндерге көбірек уақыт жұмсалғандықтан домбыра үйірмесін жалғастыра алмай қалдым. Мүмкін сол домбыраны қайтадан қолға алудың уақыты келген шығар деп ойлаймын», деп жауап берген қала басшысы бәлкім алдағы уақытта шымкенттіктерге домбырамен әсем күй ұсынатын күн де алыс емес шығар.

Монументтің тұрғызылуына бюджеттің қаражаты емес, жергілікті меценаттардың демеушілігі себеп болды. Бұл, әрине Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған «Туған жер» бағдарламасының сәтті жүзеге асуының бір көрінісі десек те болады. Елбасы осы бағдарламасында «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деп атап өткен болатын.  

Иә, елдің рухын көтеретін, патриоттық, сүйіспеншілік сезімін оятатын осындай нысандар көбейе берсін.     

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *