Соңғы бірнеше күнде әлеуметтік желіде сынықшыға апарамын деп о дүниелік болған 13 жасар шымкенттік бала туралы көп айтылып жүр. Тіпті «неге дәрігерге апармайды» деп анасын кінәлап жатқандар да жоқ емес. Негізі барлығы өтіп кеткен соң сынап-мінеуге шеберміз ғой. Шын мәнінде басына іс түскенде адам не істерін білмей қалады екен. Осыған ұқсас оқиға менің де басымнан өтті.
Екі жыл бұрын баламның қуығы мен аталық безінің төменгі тұсы ісетін болды. Балабақшада суықтап қалған екен ғой деп ойлап, бақшаға жібермей, өзімше үйде ем-дом жүргізе бастадым. Майлап, сылап қоямын. Ісігі кетіп қалады да, екі-үш күннен кейін қайта шығады. Дәрігерге апарып көрсетуге, шыны керек, операция жасаса қайтем деп қорқамын. Бір рет өзіміздің учаскелік педиатрымызға көрсеткенімізде, оның да онша тәжірибесі жоқ па, білімі жетіспейді ме, әйтеуір «суықтап қалған ғой» деді де қойды. Сосын суықты кетіреді деген майдың неше атасын жағуды бастадым. Бірақ ісік күннен-күнге үлкеймесе кішірейе қоймады.
Не істерімді білмей, ақыры балалар уролог-дәрігеріне көрсету керек деп ойладым. Бірақ біздің емханада ондай дәрігер жоқ. Диагностикалық орталықта да жоқ екен. Тағы бірер жеке клиникалардан сұрастырып көріп едім, ол жақтарда да болмай шықты. Не істеймін енді деп уайымым күшейе түсті. Ауылдағы бір тәуіпке көрсетіп ем, ол: «Ештеңе етпейді, атын «Қошқар» деп атасаңыз қалып кетеді. Болмаса операциямен алып тастатасыз ғой», – деді. Операция десе баламнан айырылып қалатындай қорқып кетем. Не істесем де жазылмай жүргенде Астанада тұратын педиатр танысым келіп қалып, баламның жағдайын соған көрсеттім. Ол хирург дәрігерге көрсетуге кеңес берді. Сонда ғана білдік мұндай ауруды хирург қарайтынын. Дәрігер «шап жарығы» (паховая грыжа) деген диагноз қойып, операция жасату керектігін айтты. «Одан басқа жолы жоқ па», – деп ем, дәрігер бірден: «Басқа жолы жоқ, оқып кетіремін дегендер шығады, оған мүлдем сенбе. Мұның емі – тек қана операция», – деп қадап айтты. «Әлі кішкентай ғой, қазір жаз, күзде істетейін», – дедім. Дәрігер қарсы болмады. «Қай уақытта істететініңді өзің білесің. Бірақ бала ауырды деп жыласа дереу жедел жәрдем шақыр, тамыры қысылып қалады», — деп ескертуді де ұмытпады.
Сонымен отаны күзде жасатамыз деп жүргенімізде балам бір күні қатты ауырып, шыңғырып жылады. Шақырған «Жедел жәрдемім» араға екі жарым сағат салып әрең келді. Онда да ауырғанды басатын укол салып кетпекші болғанда баламның жағдайын ойлап, сол жедел жәрдеммен Темірландағы орталық ауруханаға бардық. Онда балалар хирургы жоқ екен. Сөйтті де «Нұрсәттегі» облыстық балалар ауруханасына жіберді. Онда жетеміз дегенше қуығындағы ісігі тарап кетіп, жедел операция жасалынбады. Ертесіне өз емханамыздағы дәрігерге көрініп, портал ашуға дайындалдық. Он шақты күннен кейін ол да дайын болып, ауруханаға жаттық. Ондағы хирург-дәрігер грыжасын әбден үлкейтіп жібергенімізді айтып, ертесіне операция жасады. Дәрігердің қолы жеңіл ме, әлде шынында біз қорқатындай емес, жеңіл операция ма, балам сол күні кешкісін-ақ жүгіріп ойнап кетті.
Қазір сол күндерімді еске алсам езуіме күлкі үйіріледі. Операция десе неге сонша шошиды екенбіз? Бар-жоғы жиырма минутта жасап бітті. Екі жыл бойы түрлі ем-дом жасап, не болар екен деп уайымдап, басымды ауыртқанша, неге бірден маманға көрініп, операция жасата салмағанымды айтам да.
Негізі бала немесе ересек адам болсын ауырса өз бетімізше бірдеңелерді істеп ауруды асқындырғаннан дер кезінде дәрігерге көрініп, тиісті ем-шара қабылдаған жөн екен ғой. Операциядан да шошудың мүлдем қажеті жоқ екен. Қазір, Құдайға шүкір, балам аман-есен шауып жүр. Балаларымыз ауырмасын! 5@