Мәселе

Әжетханаға айналған қайран мемориал

Келесте майдангерлерге осылай құрмет көрсетіледі ме?

Өткен аптада Келес ауданының Қошқар ата ауылдық округіне жолымыз түсті. Ауылдық әкімдік апаттық жағдайдағы ғимараттан ауылдағы мәдениет үйінің бір бөлігіне уақытша көшіп алыпты. Алайда, округ әкімі Қонай Бекмұратов ескі әкімдікте қанша жыл отырса да оған жапсарлас жатқан сол жағындағы нысандарға назар салмаған секілді.

Ескі әкімдік ғимаратының сол жақ бөлігінде не бар дейсіз ғой? Айтайық. Онда Жеңіс саябағы орналасқан. Жас буын өкілдерінің патриоттық сезімін оятатын, тұрғындардың тынығуына арналған саябаққа атқарушы билік өкілдерінің көз қырын, ат ізін салмайтыны бірден байқалады. Тозып кеткені алыстан көрінеді. Саябақта Ұлы жеңістің құрметіне маңдайшасына «Ер есімі – ел есінде» деп жазылған мемориалдық ескерткіш орнатылыпты. Алайда, «жазылған» деген аты ғана, әйтпесе бірнеше әріптердің орны қарайып, үңірейіп тұр. «Сонда қошқараталықтар отан үшін от кешкен боздақтарды осылай құрметтейді ме» деген ой еріксіз мазалайды. Ескерткіштердің плиталары да жоқ. Ұрланған немесе сынып жоқ болған. Кей жерлерінің сылақтары құлаған. «1945» деп жазылған санның да бояулары өшкен. Бір сөзбен айтқанда мемориал ескерткіш жанашыры жоқ жетімнің күйін кешіп тұр.

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, осының барлығы көрер көзге ерсі көрініп тұр десек те ескерткіштің артқы жағындағы көріністер бұдан да сорақы екен. Адам айтса нанғысыз жағдайға куә боламыз деп кім ойлапты? Созбалаңдыққа салмай, турасын айтар болсақ, саябаққа ертелі кеш келетіндер мемориалдың арқа тұсындағы қуысты (өзі де соған ыңғайластырылып жасалған екен) әжетханаға айналдырып алғаны көрініп тұр. Анайылау айтты демеңіздер, әлгі жердегі үлкен дәретті тазалаушы мекеменің адамдары сыпырып-сиырып алып кетен болар, бірақ іздері сарнап жатыр. Жеңіл дәреттің жоғары жақтан төменге дейін ағып келгені де ирелеңдеген іздерінен көрініп тұр.

Әрине, мұны мемориалға ең жақын орналасқан әкімдік қызметкерлерінің тарапынан келген келеңсіздік деуден аулақпыз, бірақ олардың моралдық тұрғыдан оның тазалығына жауапты екенін қалай ұмытып кетті деген сауал санамызды сығалады. Егер әкім тұмсығының астында деп айтуға болатындай жерде тұрған саябақта не болып жатқанын білмейтін болса, онда шалғай ауылдар мен көшелердегі келеңсіздіктерді әңгімелеудің өзі әбестік болатын шығар.

Иә кешеге дейін ескі ғимаратта отырған әкімдік қызметкелерінен бар-жоғы 10-15 метр жерде орналасқан мемориалды ескерткішті бұлайша әжетханаға айналдыруға қалай жол берілгенін аудан басшылары анықтай жатар. Әйтпесе терезеден қарап тұрып та: «Әй балалар, әрі барсаңдаршы, әжетхана анау көрініп тұр ғой», – деп келеңсіздікті тоқтатуға болады. Бірақ Қошқар ата ауылдық округінің әкімдігінде қызмет атқаратын оннан аса адамның ешқайсысынан ескерткішке деген жанашырлықтың байқалмағаны кімді де болса қынжылтатыны анық.

«Ер есімі – ел есінде». Мемориал ескерткіштегі осы сөз тағы ойыма оралып отыр. Келестік шенеуніктердің бұлай деп айтуға моральдық тұрғыда қақысы бар ма? Егер бар болса, онда неге ер есімін ел есінде әжетханаға айналдырып емес, қадірлі жағдайда сақтамасқа? Оның үстіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі Жолдауында келесі жылы Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өту керектігін шенеуніктердің есіне салды. Сонда Президенттің тапсырмасын орындау үшін шенеуніктерге Президенттің тағы бір тапсырмасы керек болғаны ма?

Жеңіс саябағындағы келеңсіз көрініс жайында ауылдық округтің әкімі Қонай Бекмұратовтан сұрағанымызда тұщымды жауап айта алмады. Ол кісіні де түсіндік. Ешкімді ұстап алған жоқ. Бірақ әкімі бар, полициясы бар, ауылдың белсенділері бар, ақсақалдары бар, тым құрыса жабылып болса да қасиетті жерді күтіп-баптап таза ұстауға болады емес пе? Осындайда аңдып жүріп, жерге байқамай түкірген немесе темекінің тұқылын тастағандарға айыппұл салғыш белсенді полицейлердің ескерткіштің алдына келіп әжетін өтеп жүргендерді қалай байқамайтын бейқамдығына да таң қаласың.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *