Басты жаңалықтар Мәселе

Шымкенттіктер қандай ауамен тыныстап отыр?

Ауа ластаушы заттардың көлемі жылына 31,6 мың тоннадан 47,08 мың тоннаға дейін өскен

Кейінгі кездері Шымкент қаласының ауа сапасы нашарлап бара жатқаны жөнінде жиі айтылып жүр. Бұған байланысты бізге хабарласып, осы мәселені көтеруімізді сұрап, өтініш жасаған оқырмандар аз емес. Кезінде ол туралы жазғанбыз. Расында да ауаның ауырлай түскені сезіледі. Бұл қара күзде, қарсыз қыста анығырақ аңғарылады. Кейде желсіз күндері таңғы уақытта, әсіресе қаланың ойпаттау тұстарының үстін түтін мен шаң-тозаң бұлты торлап тұрғандай әсер береді. Шала жанған көмірдің иісі де шығып тұрады кейде. Ағаштар жапырағын тастап, қала жасыл желегін жасырып жатқан бүгінгі күндері бұл мәселенің маңызы арта түсуде. «Тиісті мекемелерге қанша шағымдансақ та нәтиже шығар емес», – дейді тұрғындар. Осыған орай біз Шымкент қаласы бойынша экология департаментінің басшысы Ермахан Қозыбаевтан (суретте) арнайы сұхбат алдық.

– Ермахан Тастанбекұлы, осы саланың маманы ретінде сізге қаламыздың экологиялық ахуалы жақсы таныс. Сондықтан да оқырмандарымыздың, шаһар тұрғындарының көкейінде жүрген сауалды өзіңізге жеткізіп отырмыз. Күн сайын дерлік түнде, таңалакеуім шақта түтін мен ыс, көмір иісі мазамызды алады дейді олар. Қаламыздың ауасы не себепті ластанып барады?

– Шымкент қаласындағы атмосфералық ауаның ластануына негізгі үш фактор әсер етеді. Мұның біріншісі – автокөлік шығарындылары. Қалада 534 мың 429 автокөлік тіркелген, оның ішінде 152 мың 867-сі 20 жылдан астам уақыттан бері пайдаланылып келе жатқан ескі көліктер. Сонымен қатар, Түркістан облысы мен жақын елді мекендерден күнделікті қатынайтын көліктер де ауа сапасына кері әсер етеді. Екінші себебі – өнеркәсіптік кәсіпорындар. Жаңа индустриялық аймақтардың ашылуы мен өндіріс орындарының көбеюі атмосфераға шығарылатын зиянды заттардың көлемін арттыруда. Әсіресе газ тазарту қондырғылары жоқ және экологиялық рұқсатсыз жұмыс істейтін кәсіпорындар алаңдаушылық туғызады. Жылыту маусымында жеке тұрғын үйлерде қатты отын түрлерінің пайдаланылуы да – ауаның ластана түсуінің бір себебі.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2023–2026 жылдары тұрақты көздерден шығарылатын ластаушы заттардың көлемі жылына 31,6 мың тоннадан 47,08 мың тоннаға дейін өскен. Ал «Қазгидрометтің» 2025 жылғы мониторинг қорытындысы бойынша қаладағы атмосфералық ауаның ластану деңгейі көтеріңкі деп бағаланған.

– Тұрғындардан қай кезден бері шағымдар жиіледі, ол бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?

– Осы жылдың басынан бергі он айда «Е-өтініш» жүйесі арқылы ауа сапасына қатысты 175 арыз-шағым тіркелген. Тұрғындардың өтініштері негізінде жағымсыз иістердің пайда болу себептерін анықтау, ауа сапасын бақылау және экологиялық заңнаманың сақталуын тексеру жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері жүргізілген 38 тексеру нәтижесінде заңбұзушылықтарды жою туралы 38 нұсқама берілді. Жалпы 66 әкімшілік іс қозғалып, 515 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Оның 285 миллион теңгеден астамы мемлекет бюджетіне өндірілді. Сонымен қатар, түнгі уақытта рейдтік іс-шаралар мен атмосфералық ауа мониторингі жүргізілуде.

– Ауаны жиі ластайтын қандай кәсіпорындар бар? Оларға нақты қандай шаралар қолданылды?

– Экологиялық талаптарды бұзған кәсіпорындарға қатысты ұдайы әкімшілік шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, ауаға рұқсатсыз және нормативтен тыс шығарындылар шығарғаны үшін металлургиялық зауыттарға қомақты айыппұлдар салынған. Заң талаптарын өрескел бұзғаны үшін «Су ресурстары-Маркетинг», «Rock Minerals» және «Polymettech» серіктестіктерінің қызметі сот шешімімен уақытша тоқтатылған.Сондай-ақ экологиялық рұқсатсыз жұмыс істеген «DIP TRANS LOGISTICS» және «Тазалық СК» серіктестіктеріне айыппұл салынып, жұмыстары әртүрлі мерзімге тоқтатылды.

Медициналық қалдықтарды жою және залалсыздандыру саласында заңбұзушылықтар анықталған «УтилСервис», «Аламан Береке» және «Эко-Лидер» серіктестіктеріне жалпы 5 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Кәсіпорындардың экологиялық талаптарды сақтамауы атмосфераға зиянды заттардың нормативтен тыс бөлінуіне және қоршаған орта сапасының нашарлауына әкеледі.

– Осы кәсіпорындарға қойылатын экологиялық талаптар туралы да айта кетсек…

– Өндірістік кәсіпорындар экологиялық рұқсат құжаттарын рәсімдеуге, шығарындыларды белгіленген нормативтерден асырмауға, газ тазарту және шаң ұстау қондырғыларын орнатуға міндетті. Сонымен қатар, өндірістік экологиялық бақылауды тұрақты жүргізіп, заманауи тазарту технологияларын енгізуі қажет.

Шымкент қаласында төрт ірі кәсіпорынға шығарындыларды бақылайтын автоматтандырылған мониторинг жүйелері енгізілген. Олар «ПКОП» ЖШС (Шымкент мұнай өңдеу зауыты), «Стандартцемент», «Шымкентцемент» серіктестіктері және «3-Энергоорталық» акционерлік қоғамы. Автоматтандырылған мониторинг жүйелері онлайн режимде жұмыс істеп, зиянды заттардың көлемін бақылауға мүмкіндік береді.

– Жалпы, бүгінде қаламызда қанша кәсіпорын бар? Олардың қоршаған ортаға әсер ету деңгейлері қандай?

– Қазіргі таңда қала аумағында ірілі-ұсақты мыңнан аса кәсіпорын тіркелген. Олар қоршаған ортаға әсер ету деңгейі бойынша төрт санатқа бөлініп қаралады. Атап айтқанда, I санатта 43 кәсіпорын, II санатта – 146, III санатта – 477 және IV санатта 368 кәсіпорын тіркелген.

– Бүгінде Шымкент ауасының құрамында қандай зиянды заттар көп кездеседі? Олардың адам ағзасына әсері туралы айтсаңыз.

– Біздің департамент пен Ұлттық сараптама орталығының мамандары «Ордабасы», «Оңтүстік» индустриялық аймақтары және «ПКОП» кәсіпорнына іргелес аумақтарда бір ай бойы атмосфералық ауаға мониторинг жүргізген. Зертханалық талдау нәтижесінде күкіртсутек, көмірсутектер және бензол сияқты зиянды заттардың белгіленген шекті мөлшерден асу фактілері тіркелді. Бұл заттар негізінен өндірістік процестерден, мұнай өңдеуден және отынның жануынан бөлінеді. Олар адамның тыныс алу жүйесін тітіркендіруі, ал жоғары концентрацияда жалпы денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан ауа сапасын тұрақты бақылау және ластаушы заттардың мөлшерін нормативтік шектерде ұстау маңызды.

– Негізінен қаланың қай аумағынан шағымдар көп түседі? Жұрт қай кәсіпорынның үстінен жиірек арызданады?

– Негізгі шағымдар «Ордабасы», «Оңтүстік», «Тассай» индустриялық аймақтары мен «ПКОП» кәсіпорнына жақын орналасқан елді мекендерден түседі. Әсіресе түнгі уақытта жағымсыз иістерге қатысты өтініштер көбейеді.

Сонымен қатар «Нұрсәт» шағынауданынан да жағымсыз иістерге байланысты шағымдар түседі. Алайда бұл аумақта тікелей ірі өндірістік кәсіпорындар орналаспаған. Шағымдардың себептерін анықтау мақсатында департамент пен Ұлттық сараптама орталығы бірлесіп мониторинг жұмыстарын жүргізді.

– Қала аумағы кеңейіп, тұрғындар саны артуда, жылдан—жылға көркейіп келеді. Шырайлы Шымкентімізге келіп орнығуға тырысатындар көп. Осындай тартымды қаланың бір кемшілігі ауасының ауырлап бара жатқандығында болып тұр. Шымқала ауасының сапасын жақсарту үшін қандай жұмыстар атқарылуы тиіс деп ойлайсыз?

– Жалпы, қаланың атмосфералық ауасын жақсарту үшін бірнеше бағытта жүйелі жұмыс жүргізу қажет. Біріншіден, өндірістік кәсіпорындардың экологиялық жауапкершілігін арттырып, шығарындыларын тұрақты бақылау керек. Екіншіден, қоғамдық көліктің сапасы мен қолжетімділігін арттырып, ескі автокөліктердің шығарындыларын бақылауды күшейту қажет. Үшіншіден, қала аумағында жасыл аймақтарды көбейтіп, ағаш отырғызу және жасыл желектерді күтіп-баптау жұмыстарын жандандыру маңызды. Төртіншіден, индустриялық аймақтарды орналастыру кезінде жел бағытын ескеріп, санитарлық-қорғау аймақтарының талаптарын сақтау қажет.

Сонымен қатар, кәсіпорындардың экологиялық талаптарды сақтауына тұрақты бақылау жүргізіп, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру жұмыстарын жалғастыру керек.

– Кәсіпорындардан зиянды заттардың таралуын болдырмау сияқты күрделі бағытта сіздердің мекеменің ғана жұмыс істеуі аздық етеді, әрине. Бұл маңызды шаруаға басқа да атсалысушылар бар ма?

– Шымкент қаласы әкімінің 2026 жылғы 7 қазандағы № 45-ө өкімімен мемлекеттік органдар мен қоғамдық белсенділер өкілдерінен құралған экологиялық мәселелер жөніндегі жұмыс тобы құрылған. Жұмыс тобының негізгі мақсаты – өндірістік кәсіпорындардың экологиялық заңнама талаптарын сақтауын зерделеу, қоршаған ортаға кері әсерді төмендету және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың тиімділігін бағалау.

Қазіргі уақытта Шымкент қаласында атмосфералық ауаның сапасын бақылау «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының алты бақылау бекеті арқылы жүзеге асырылады. Оның төртеуі қолмен сынама алу, екеуі автоматтандырылған бақылау бекеті. Бұдан бөлек, төрт ірі кәсіпорында шығарындыларды онлайн бақылау жүйесі жұмыс істейді.

Департамент тарапынан кәсіпорындарға тексерулер жүргізіліп, анықталған заңбұзушылықтар бойынша әкімшілік шаралар қабылдануда. Сонымен қатар, түнгі рейдтер мен ауа сапасына мониторинг жүргізу жұмыстары жалғасады. Негізгі мақсат – зиянды шығарындыларды азайту, жағымсыз иістердің пайда болуына жол бермеу және қала тұрғындары үшін қолайлы экологиялық орта қалыптастыру.

– Осы мәселе Шымкент тұрғындарын жиі алаңдатады, толғандырады, оны білесіздер. Қажетті шараларды жасап та жатыр екенсіздер. Қалалықтар істеріңізден нақты нәтижелер күтеді. Сұхбатқа уақыт бөлгеніңіз үшін ризашылығымызды білдіреміз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *