Біле жүріңіз

Қазақтың қасиеті

Ақ таңның  атқаны мен қызарып күннің батқаны, қым-қуыт қарбалас тіршіліктің көп көрінісін елеусіз ететіні белгілі дүние. Сол тынымсыз тіршілікте әрбір адамзаттың амал әрекеті әлімсақтан қалыптасқан қасиеттерден хабардар ететінін аңғара білу – болашақ ұрпақты тәрбиелейтін әрбірімізге сабақ секілді.

   Екінің бірі білмесе де көпшілік естіп, көріп жүрген мына жайттан бастасақ.

   Екіқабат келінінің алдын кесіп өтпейтін кемпірдің ізеті —  ер азаматқа деген құрметі. Самай шашы ағарған әжеміз «Жасым үлкен ғой, кәзіргі жастар бұл ырымды біле қояр деймісің»,- деп өтіп кетсе де ешкім өкпе артпас. Алайда ақ жаулықты апаны мазалайтын ар, ұяты. Сол жібермейді. Аманатқа адал аналардың бұл қасиеті —  ар тазалығы емес пе!

     Дәстүрінің өзін діннің діңгегіне мықтап байлаған ата-бабаларымыздың іс-әрекетінен алар өнеге, үлгі жетерлік. Үйге келген қонаққа ас ішер алдында, астан кейін қолға су құюды жас балаларға жүктеу арқылы жастайынан тазалықты санасына сіңірген тәрбие екені даусыз. Сүннетке сай бұл амал адамды тазалыққа үйретеді.

     Алты жасымнан ес білгенге дейін ата әженің бауырында  өстім. Леубай атам көкпарға көп баратын. Атқа мінер алдында өзі бастап балаларына «дәрет жаңалаңдар» деп бұйыратын.

     Алла нәсіп етіп, Меккеге барғанда Ақтөбеден келген апамен  бөлмелес болдық. Сол апаның  дәрет алғанда іш көйлекпен шомылатынын байқадым.

 – Алла көріп тұр ғой, қалай жалаңаш жуынамын,- дейді.  Бұл мен үшін бала жастан көріп өскен көрініс еді. Жүз жастың жүзін көріп дүниеден өткен Үрсана апам таңсәріде баудағы ағаштың тасасында жібек матадан тігілген көйлегін киіп, бұрымын тарқатпай төбесінен ожаумен үш қайтара су құятын.

Ата-әжелердің бұл қасиеті —  тән тазалығы емес пе!

   Жарық дүниеге қазақ болып келген әрбір қандасымыз тайға басқан таңбадай танып, білген тағы бір өзгермейтін өмір заңдылығы бар. Ол – жеті атаға дейін қыз алыспау. Ұрпақ болашағын ойлаған ұлтымыздың  бұл қасиеті – қан тазалығы емес пе!

Жаһандану заманына жұтылып кетпей, орыс та емес, кәріс те емес, араб та емес, қазақ екенімізді есімізге сәт сайын салып тұратын тағы бір қасиет – жан тазалығы  емес пе!

Әке-шешеміздің  «тәйт» деп тыйған тыйымдарының түгелі – осы жан тазалығын былғап алмай, боямасыз шынайы өмір сүруге бейімдегені екен ғой…

Ұстазын үлгі тұтып өскен біздің замандастар үшін мұғалім мәртебесі өте биік болатын. Ақыл айтса да ақысын сұрайтын кәзіргі «апайлардың» пайда болуы батыстың батпағы мен шатпағы.

     Ар, тән, қан, жан тазалығын танып, біліп, көріп өскен ұрпаққа артық ақыл айтудың да қажеті болмай қалады-ау.

       Таза болайықшы…

    Ақмарал Леубаева, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ғылыми қызметкері, айтыскер ақын.

Шымкент қаласы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *