Өмірдің өзі

Тірі кезінде жаназасы шығарылғандар

                    Немесе шыңыраудағы азапты 6 күн

1977 жылдың күз айы болатын. Жұбайым Люба екеуміздің үйлену тойымызға арнайы қонаққа келген әкемнің досы Құрбан ақсақал Қайыпназар ағаны да шақыртқан екен. Ол кісі сыртқы есіктен кіргеннен көзіне жас алып, екеуінің құшақтап көріскені, өксігін тия алмаған Қайыпназар ақсақалдың сол кездегі ахуалы әліге дейін көз алдымда. Кейін түсіндім, 6 күнді опырылған құдықтың түбінде — 30 метрлік шыңырауда өткеру, бұл дүниемен, бала-шағамен, жалпы елмен қоштасып, ажалды күтіп жатқанда құтқару жұмыстарын ұйымдастырған осы екі кісі екен. Атап айтқанда, сол кездегі милиция бөлімін басқарған Шоқанов Құрбан мен Тамды аудандық жастар ұйымының басшысы, менің әкем Мамыр Сатанов екен.

Құрбан ақсақалдың осы оқиға туралы өлеңмен өрілген туындысын біздің тойға келген кезде әкем Мамырға тапсырған-ды. Басынан өткенді шығармасына арқау еткен дүниені толқымай оқу мүмкін емес. Оқиға 1936 жылы 27 сәуірде Тамды ауданы «Теңдік» колхозындағы «Қарасақал» құдығында болған. Байлардан игерусіз қалған құдықтарды мал басы өскен сайын қалпына келтіру қолға алынған кез. Байком деген малшы иеленген құдықтың тереңдігі 30 метр. Оның 15 метрі — соқ, ал жоғары 15 метрі — баялыш, қандыммен шегенделген. Соқ дегеніміз құдықтың суға жақын төмен тұсы, табиғи су шайып престелген бөлігі. Өте қатты болады. Ал жоғарғы жағы ыспа құм болғаны үшін қоянсүйек, баялыш сияқты бұталармен шегенделіп, құм тоқтатылады.

Қуандық ақсақал құдық басында шығыр мен қауғаға ие болып тұрады, ал Қайыпназар ата қауға тартқан түйеге мінеді. Ақыр, астау суға толып, келген түйелер су ішіп қанған, қайта өріп жатқан уақытта бір тайлақ ойнақтап құдық басына келгенде айналасы опырылып, құлап кетеді. Құлаған тайлақ қауғамен бірге құдықтың соққа жақын жеріне барып тіреліп қалады. Ел болып ойласып, тайлақты сойып аламыз деген көпшілік ұйғарымымен Қуандық пен Қайыпназар ақсақал пышақтарын сайлап, белдерін арқанмен байлап, тепкішекпен ақырындап тайлаққа жеткен кезде шіріген шеген бұталар шыдамай үзіліп кетеді. Екеуі шыңырауға құлап, толассыз сусып аққан құм астында қалады. Сырттағы жұрт құдыққа жақындай алмайды.

Бір мүрдеге көмілдік, бізді бұдан аршып алар күш жоқ деп ойлап, екеуі көз жасын төгіп, құдық түбінде қалады. Ал сырттағы жұрт әрекеттерінен нәтиже шықпаған соң өлдіге санайды. Үшінші күн дегенде үй ішіне хабар беріп, жаназаларын шығарады. Сол күні жақын маңдағы шөп дайындау бригадасынан Айжарық Құлманов деген жігіт осы оқиға жайында ауданға хабар береді. Аудан басшылары Пахриддин мен Базар Жүсіпов сол кездегі милиция бөлімінің бастығы Құрбан Шоқанов пен жастар одағы аудандық Кеңесінің бастығы Мамыр Сатановқа шыңырауда, құм астында қалғандарды құтқару бойынша тапсырма береді.

1936 жылдың мамыр мейрамы қарсаңында аудан орталығында үлкен көкпар өтіп жатыр екен. Көкпаршыларға болған жайт баяндалып, жедел жәрдем қажеттілігі айтылғанда дереу «Қарасақал» құдығының басына аттанады. Оларға аудан орталығынан 10 атты милиционер мен сол құдыққа жақын маңда шөп дайындап жатқан 137 адам да қосылады. Аудандық жер бөлімінің бастығы Өрқараев бастаған бір топ азаматтар да қатарға қосылып, құтқарушылардың жалпы саны 270-ке жетеді. Бұл сәуір айының 30-ы күні болатын. Құдық түбіндегі екеудің ас, сусыз, ауасы да аз тар қапаста жатқанына 3 күн өткен. Құдықтың басына жақындау қиын, өйткені құм сусып ағып, жақындатпайды. Көпшілік ұйғарымы бойынша құдық басына қауға түйе қатынаған бәйге арқылы тынымсыз су себу керек болды. 50 түйе жинап, 100 бөшкемен тоқтаусыз су себу арқылы құмды шығару басталды. Әрекетке берекет деген, дәу шұңқырды айнала жол салынып, диаметрі 40 метр апан қазу арқылы соққа жетті. Осы кезде жұмыс жеңілдеп, біртіндеп құлаған шеген алына бастайды. Құдық ұңғысына кептелген бұта, шеген-шымы алынып, шыңырауға құлақ салып көрді. Еміс-еміс ыңырсыған адам даусы естілді. Сол кезде көмекке келген 300 адамның қуанышында шек болмады. Дереу құмды қазып, Қуандық пен Қайыпназарды құдықтан шығарғанда дел-сал күйде болған олардың жағдайы өлі мен тірінің арасында еді. Осылайша құм астында алты күн жатқан қос азаматты құтқаруда Тамды халқы бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай ұйымшылдық танытты. 

Манай Сатанов.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *