Мәселе

КЕНТАУ: Іс бітті, қу кетті…

   Көпқабатты үйді жөндеген мердігердің әрекеті осыған саяды

Кентау қаласының жылуына қатысты күн суытқанда басталған тұрғындар наразылығы әлі басылар емес. Тұрғындар суып кеткен үйді жылыту үшін қосымша электр пештерін қосып, күндіздің өзінде көрпе жамылып отыратын жағдайға жеткен. Кентау қалалық әкімдігіндегі салаға жауапты мамандардың айтуына қарағанда бұл мәселеден облыс тұрмақ Үкімет басшыларының да хабары бар екен. Бірақ, нақты көмек болмай тұр.

Кентаудағы жылу тақырыбын қозғасаңыз болды модернизация деген әңгіме алдыңыздан шығады. Жалпы, модернизация дегеніміз не, оның мақсаты қандай? Сөздікке көз салсақ, модернизацияны жаңалау, жаңарту, жаңғырту, жетілдіру, тиімділікті арттыру деп түсінуге болады. Мәселен, зауыт-фабрикалардың ескірген еңбек құралдарын, станоктары мен ғимараттарын жаңарту десек болады. Тіпті, көліктің тозған дөңгелектерін жаңасына ауыстыру да модернизацияға жатады. Сол секілді тұрғын үйлер де модернизациядан өткізіледі. Қажет қаржыны Үкімет төлейді немесе келісім-шарт бойынша тұрғындар көтереді. Жылы, төбеден тамшы тамбайтын үйде тұру үшін бұған келіспеске амал жоқ. Алайда, кейде сол үйлерді бүтіндейміз деп бүлдіретіндер де жоқ емес. Міне, Кентауда осыған ұқсас жағдайлар жиі кездескен секілді.

Өткен аптаның бейсенбісінде Кентау қаласы Ататүрік көшесіндегі №52 үй тұрғындарының шақыртуымен аталмыш қалаға бардық. Тұрғындардың сөзіне қарағанда бұл үйді 2021 жылы кондоминиум негізінде модернизациядан өткізуді бастаған. 2023 жылы өртенген шатыр мен қасбетін қайта жөндепті. Дегенмен, тұрғындар кондоминиум аясында кіре беріске өздері қойған «домофон» мен жертөледегі кәріз желісінің құбырларын да ауыстыру керек болғанын кейін білген. Ал төбеден аққан су терезе жақтаулары арқылы бөлме ішіне өтіп, пәтер иелерін әлекке салуда. Керек десеңіз, кіре беріс пен сыртқы әспеттеу жұмыстары да сапасыз атқарылғандықтан, тұрғындар көңілінен шықпаған. Осылайша әкімдік таңдаған мердігер мүлде істемеген және сапасыз атқарылған жұмыстар құнын бастапқыда 31 миллион теңгеге бағалап, кейін 28 731 121 теңгеге төмендетіпті. Ендігі жерде қалай болса солай жүргізілген сапасыз құрылыс үшін әрбір пәтер иесі (30 отбасы) 15 жыл бойына ай сайын 5-8 мың теңге аралығында ақша төлеп отырулары тиіс.

Тұрғындар бұл талапқа келіскісі келмейді. «2021 жылы жөнделген үйдің шатырынан от шығып, оны әкімдік қайта жөндеді. Аудандық әкімдіктің құрылыс бөлімі тарапынан таңдалған мердігер төбені жауып, суағар істейтін болды. Жертөленің құбырларын ауыстырып, домофон қойып, үйге кіре беріс бөлмені жөндеп, үйдің алдын бетондау керек екен. Жөндеу жұмыстары барысында бізге ешқандай сметалық құжат көрсетпеді. Есіктерді, жертөледегі құбырларды өзіміз ауыстырдық. Ал мердігер мұның барлығын «өзіміз істедікке» жатқызып, онысын 31 миллион теңгеге бағалаған», — дейді үй тұрғыны Жәмила Мұсаева. Үйдің тағы бір тұрғыны Назликат Әліқоджаеваның айтуынша, жертөледе жөндеу жұмыстарын істеу былай тұрсын, керісінше онда заттарын қойып, ақыр аяғында қоқыс етіп тастап кеткен екен. «Кейін сол қоқысты өзіміз тазалауға мәжбүр болдық», — дейді ашынып.

Енді 15 жыл бойына ай сайын 7400 теңгеден төлеуге мәжбүр екенін айтқан екінші топ мүгедегі Бегалы Ыдырысов 20 жыл құрылыс саласында қызмет атқарған маман екен. «Қабырғаны бояды да қойды. Суағардан шыққан су далаға кетудің орнына ішке құйылады», – дейді ол. Ал сол үйдегі жасы үлкен Әуелбекова Мінай апамыз: «Біз бұлар көрсеткен ақшаны төлемейміз. Ортадан қаржы жинап, жертөле мен есікті өзіміз істедік. Мердігер сметаға оны біз істедік деп қосып жіберіп отыр. Өзіміз істеген жұмысқа неге ақша төлейміз?», – дейді ашу шақырып. Гүлжаһан Ахметова болса ешқандай келісім-шартқа қол қоймағандарын, бірақ не себепті ай сайын төлеуі тиіс ақша есептелгенін түсінбей дал. Осы уәж рас болса, жөндеу жұмыстарының сапасыз жүргізілгенінен бөлек тұрғындар құқының бұзылғандығы да байқалады. Мұны тиісті орган қызметкерлері тексеруі тиіс. Пәтер иелерінің ендігі талабы — үйдің іші-сыртын қайтадан жөндеп, сметаны білікі мамандарға тексертіп, көпшілікке ашық түрде таныстыру болып тұр.

Тұрғындар талабын қағазға түртіп, Кентау қалалық әкімдігіне бардық. Бірақ аудан әкімі Жандос Тасов облысқа, құрылыс саласына жауапты орынбасары Астанаға іссапармен кеткен екен. Қала әкімінің Тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Талғат Искақовқа хабарласқанымызда ол: «Жақын күндерде терезенің суағарын істеп береді. Кіре беріс пен үйдің сыртын көктемде реттейміз. Ал домофон қойылған есік пен жертөледегі құбырларға жұмсалды деген қаржы сметадан қысқартылады», – деп тұрғындарды қуантарлық мәлімет айтты.

Иә, қай ауылда, қай қалада тұрсақ та өз құқымызды талап ете алсақ, көп нәтижеге жетуге болады. Біздің алға басқан қадамымызды кері тартатын енжарлық, қолды бір сілтеу секілді жаман әдеттерден арылу — қоғамды түзеуге қосқан үлесіміз болмақ. Сонда ғана билік, жергілікті атқарушы орган қызметкерлері халықпен тең дәрежеде санасып, сапаға мән беретін болады. Ал өзіміз құқықтық жағынан сауатымыз төмен болып, тиісті талапты төтесінен қоя алмасақ, әділдікке жету, даму үрдісін қалыптастыру мүмкін емес.

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *