18-мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай Шымкент қаласының музейлер бірлестігіне қарасты «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінде арнайы іс-шара ұйымдастырылды. «Музей түні» жобасы аясында «Тарих қойнауындағы Шымқала» тақырыбымен өткен шарада көрермен назарына «Шымқала жәдігерлері» экспозициялық көрмесі ұсынылды.
«Бұл музей 2021-жылы көктемде ашылған. Күнделікті жұмыс істейді. Тек дүйсенбі – тазалық күні. Жаз айларында сағат таңғы 10-нан кешкі 7-ге дейін келушілер үшін есік ашық. Күз бен қыста сағат таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін жұмыс істейді. Шымкентіктер мен туристер көп келеді», – деді бізге осында тәртіпті қадағалап отырған келіншек.
Билет құны ересектерге 500 теңге, студенттерге – 300, балаларға – 200, шетелдік туристер үшін 1000 теңге. Ашық аспан астындағы музейді тамашалауға келгендерге гидтер тарихтан сыр шертеді.

«Бозарықта» қазба жұмыстары жүруде
Шымкент қалалық музейлер бірлестігінің директоры Жандос Құрбанның айтуынша (суретте сол жақта) «Халықаралық музейлер күніне орай Шымкент қалалық музейлер бірлестігіне қарасты бес музейде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінде 2018-жылдан бері жүргізілген кешенді археологиялық қазба жұмыстарында табылған жәдігерлер қойылған.
Ал «Бозарық» индустриалды аймағында табылған обаларға қазба жұмыстары жүргізілуде.
«Қазір онда қарқынды жер игеру жұмыстары жүріп жатыр. Сол аумақтағы ескерткіштердің сақталуын, ондағы жәдігерлерді аман алып қалуды қамтамасыз ету үшін биыл онда біздің тапсырысымызбен қазба жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде табылған жәдігерлер осы музейге қойылды.
Негізі ондағы обалар тегіс қазылып бітті. Ал елді мекен орнын қазуға алдағы қараша айына дейін уақыт берілген. Табылған жәдігерлер алынған соң ол жер индустриалды аймақтың қажеттіліктеріне пайдалануға берілетін болады», – деді Жандос Керімұлы.
Жүздеген жәдігер табылған
Көрмеге қойылған тарихи-мәдени экспонаттар тарих тереңіне біздің жыл санауымызға дейінгі замандарға, ежелгі және орта ғасырларда, одан бертіндегі дәуірлерге жетелейді. Көкбұлақ, Қайнарбұлақ, Қайтпас, Қулық, Таскен, Бадам, Мәртөбе, Мазараттөбе, Ұлықтөбе, Тақиятөбе, Қостөбе, Қаратөбе, Күлтөбе, Газтөбе, Алтынтөбе, Қызылсу, Құрсай, Жыланбұзған мекенжұрт, қалажұрттарының, жеке обалары мен қорымдарының қазба жұмыстарынан қойылған суреттер, табылған экспонаттар адам санасын өткен замандарға жетелегендей. «Қайнарбұлақ-2» обалар қорымына жерленген адамның толық қаңқасы қазып алыныпты. Тағы бір суретте ежелгі зираттың кіре беріс құрылысы көрсетілген.
Қазба жұмыстары кезінде табылған қыш құмыралар, су сақтайтын ыдыстар, күміс және қола әшекей бұйымдар, мыс түймелер, моншақтар, қыш шырағдандар, дән үккіш тастар, су құбырларының бөліктері, шыны ыдыстар, ерте замандардағы түрлі патшалықтардың күміс ақшалары, тимуридтер, саманидтер, аббасидтер дәуіріндегі, Қытайдың Цин әулетінің кезіндегі монеталар, Қоқан хандығының ақшалары, қола айналар… – қойылған экспонаттар жүздеп саналады. Пештің, қазан-ошақтың түрлі жабдықтары тұр. Қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын бейнелейтін көріністер қойылған. Музыка аспаптары, қылыш, қалқан, шиті мылтық, ілгек сияқты қарулар мен құралдар көз тартады. Шымкент қорғанының, Шымкент қазақтарының ерте кездері салынған суреттері де бар. Металдан жасалған құман, шелек, кальян, самаурын, қолжуғыш, шылапшын, табақтар, тостағандар көзге түседі. Парсы тіліндегі «Хидая» деген отбасылық заңдар жазылған кітап, 1295-жылы жарық көрген хадистер жинағы, ХІХ ғасырда Ташкентте басылып шыққан әзірбайжан ақыны Физулидің өлеңдер жинағы тұр. Осындай керемет жәдігерлер өте көп.
Музейдің бір тұсында Шымкент уезі бастығының бөлмесі бейнеленіпті. Онда театр қызметкерлері генерал Черняев пен оның адъютанты немесе тілмашының ролін сомдап тұр. Әскери киімдегі адамдар сол дәуірдің атмосферасын беріп, қажет кезінде сөйлеп те қояды.
Қысқасы, Шымкент қаласының музейлер бірлестігі «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінде ұйымдастырған іс-шара әсерлі өтті. Жиылған жұртшылық Шымкент төңірегіндегі тарихи ескерткіштерден табылған түрлі жәдігерлерді көріп тамашалады, тарих қойнауына бір сүңгіп шыққандай өзгеше әсер алды десек болады.

«Патша обасы» ма, әлде қарауылтөбе ме?
Музейлер күні қарсаңында біз қаланың «Рысқұлов – Қонаев» даңғылдары қиылысындағы «Патшалық оба» аталып жүрген аумақта қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан жерді арнайы барып көрдік. Онда жиырма шақты адам төрт-бес жерден ауқымды шұңқырлар қазып, оның топырағын біршама қашық тұсқа апарып төгіп жатты. Оларға басшылық жасап жүрген өңірімізге белгілі археолог, тарихшы, өлкетанушы Александр Грищенкомен жолығысудың сәті түскен.
«Біздің пайымдауымызша, бұл жер ілгері замандарда болған қарауылтөбелердің бірі. Біз мұнда 2007-жылы қазба жұмыстарын жүргізгенбіз, сол кезде ешқандай да патша жерленбеген, ондай оба емес деп тұжырымдама жасап, қорытынды бергенбіз. Алайда кей ғалымдар «сендердікі дұрыс емес, мұнда патша жерленген» дейді, сол себепті қайта қазу жүргізуге кірістік. Бұрын бүкіл ұзындығы бойынша қазғанбыз.
Негізі жұмыстар 1990-жылдары осы маңнан троллейбус линиясын жүргізу кезінде басталған болатын. Төбе аумағын тазартқанбыз. Сол кезде біреулер Т.Рысқұлов даңғылының бергі бетінде бір аумақтан топырақ ойылып төмен түсті дегенді айтты. Ғалымдардың бірі сол маңайда патша жерленген, катакомба болуы тиіс деген тұспал жасады. Ұзын дәліз, сосын жер астынан үңгір жасап, сонда адамдарды жерлеген деген болжам айтты. Бірақ біз 2007-жылы қазып тексергенде ондай ештеңе де таппадық. Сосын шағын шұңқырлар қазғандықтан байқамай қалдық па деген оймен енді үлкен шұңқырлар қазып жатырмыз. Бірақ катакомба, дромос (зират дәлізі) сияқты нәрселердің ешқандай да белгісі байқалмайды.
Негізі 1917-жылға дейінгі дерек көздерінде бұл жерде қарауылтөбе болғаны жазылған. Яғни адамдар табиғи төбеге қарауылтөбеге қажетті нысандар салған. Шамамен X-XI ғасырларда, саманидтердің, қараханидтердің заманында. Жерді қазып, оған сазбалшықтан үлкен блоктар құйып, іргетас ретінде бір-біріне лаймен бекітіп көмген. Сосын үстіне алыс-жақын жерді бақылап отыру үшін мұнара немесе қандай да бір жайлар тұрғызған. Қазір біз төрт шұңқыр қазу үстіндеміз, соларда анық көрініп тұр. Біразын аштық, ары қарай жердің адам қолы тимеген қиыршықтасты тереңіне дейін қазамыз. Негізінен ол қабатқа дейін 4,5 метрдей болады, кей тұста одан тереңірек те болуы мүмкін. Әзірге адамдар тұтынысында болған бірен-саран ыдыстар, тамақ, су сақтайтын ыдыс қалдықтарынан басқа ештеңе табылған жоқ. Адам сүйегі, жануарлар сүйектері де табылмады. Біз қазір ауданы 70х70 аумақты, төбені төрт жағынан қазудамыз. 24 адам күніне 60 текше метр топырақ шығаруда. Қазуды бастағанымызға бір аптадай болды, енді бірер күнде аяқтаймыз.
Біз осыған дейін тамақ өнеркәсібін жүргізу үшін таңдалған «Бозарық» арнайы индустриалды аймағында қазба жұмыстарын бастағанбыз. Қайнарбұлақтың арғы жағында 16-дан аса қорған, елді мекен болған. Обаларды қазып біттік, мына жұмысты бітіргесін сол жаққа барып, елді мекен орнын қазуды жалғастырамыз. Сол жерді қазып, босатып болғасын онда жылыжай және басқа да шаруашылық нысандары салынады», – деді А.Грищенко. Кешегі дүйсенбі күні хабарласқанымызда ол кісі «Патша обасы» аталып жүрген жерден әзірге мандымды ештеңе таппағандарын, қазба жұмыстарын енді бірер күнде аяқтайтындарын айтты.
…Қысқасы, Шымкенттің тарихын, тарихи-мәдени ескерткіштер мен олардан табылған жәдігерлерді жинау, сақтау, жұртшылыққа насихаттау бойынша осындай жұмыстар жүруде. Бұл жақсы ғой.
Д. НҰРПЕЙІС.