Uncategorized

Шымкентте колледждерге грант бөлінді

Таяуда Шымкентте колледждерге грант бөлу бойынша комиссия отырысы болып өтті. Мемлекеттік грантқа тапсырыс алу бойынша қаладағы 40 колледждің 29-ы өтінім берген, соның 26-сы конкурстан өткен. Комиссияның шешімімен осы колледждерге 8 мың орын бөлініп отыр. Қалған 3 колледждің уәкілетті орган бекіткен талаптарға сәйкес еместігі анықталған. Бұл аталған колледждер білім бере алмайды деген сөз емес, олар тек биылғы мемлекеттік грантқа ие бола алмайды. Студенттерді ақылы негізде оқытады. Қызметтерін жетілдіріп, жоғары балға қол жеткізсе, келесі жылға тағы да тапсырса болады.

Жаңа оқу жылына бөлінген  мемлекеттік білім беру тапсырысының 2343 орны білікті жұмысшы кадрларын, 4800-ден астамы орта буын мамандарын даярлауға,  276 орын қолданбалы бакалавриат бойынша бағытталып отыр.

Мемлекеттік тапсырыс орнын иелену үшін талапкерлер колледждерге құжаттарын egov  веб-порталдары арқылы 27-маусымнан бастап тапсыра алады. Басқа мамандықтар бойынша, соның ішінде жұмысшы мамандықтары бойынша ешқандай емтихан тапсырудың қажеті жоқ. Мектепте алған білімінің нәтижесі, аттестат балы есептеледі. Ал шығармашылық мамандықтары бойынша 21 – 28-шілде аралығында шығармашылық емтихандары өтеді. Педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша 9-сыныпты бітіргендер 18-тамызға дейін, 11-сыныпты бітіргендер 21-тамызға дейін қосымша психометриялық тесттен өтеді.

Бұл туралы қала әкімдігінің, білім басқармасының ресми парақшаларында, конкурс өтетін колледждер маңында орнатылған арнайы тақтайшаларда міндетті түрде қосымша ақпараттар жарияланатын болады. Қажет болса, білім басқармасының, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің «сенім телефондары» бар, түлектер мен олардың ата-аналары тарапынан сұрақтар туындаған жағдайда соларға хабарласса болады.

Грант алу үшін басқаша «жол» іздеп, үшінші бір тараптармен байланысудың  жөні жоқ. Мұндай әрекеттердің соңы заңдық тұрғыда жауапкершілікке соқтыруы мүмкін.

Жалпы, 2024 – 2025 оқу жылында қаладағы 290 мектепті 269 мың 358 оқушы бітірген. Олардың 15 мың 639-ы 11-сыныпты аяқтаған. «Алтын белгіге»  680 үміткер болды, олардың  650-і «Алтын белгі» иегері атанды.  1128 түлек үздік аттестатқа ие болды.

Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткізілген брифинг кезінде қала әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек мәлім етті.

Д. ОРАЗ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *