Соңғы кездері Қазақстанда полицейлердің күлкіге қалып, көпшілікке мазақ болып жүргені жайлы суреттер мен бейнетүсірілімдер көбейіп кетті. Біреуінде полицейлер көлікті көлеңкеге қойып, ішінде ұйықтап жатса, екіншісінде жаяу қашқан адамға жете алмай, көше айналып жүргенін байқайсыздар. Осындай келеңсіздіктерді ескере келе, мен қазақстандық полицейлерді мотоциклге отырғызу керек деген ойға келдім.
Естеріңізде болса, осыдан он шақты жыл бұрын оңтүстікте полицейлер атқа отырды. Миллиондарға жылқылар мен одан да көп қаражатқа аттарды алып жүретін көлік сатып алынғанымен, қылмыс азая қоймады. Есесіне, шетелдік қымбат көлік «тістегеннің аузында» кетті. Ал жылқыға мініп, қылмысты құрықтаймыз деген шенеуніктердің ойы арман күйі қалып қойды. Демек жылқы тиімсіз. Егер полицейлерді мотоциклге отырғызар болсақ, оның бірнеше тиімді тұсы бар. Біріншіден, шығын аз, жанармайды үнемдейді. Екіншіден, экипажда қазіргідей қос-қостан қызметкерлер қосақтасып босқа жүрмейді. Үшіншіден, мотоциклді көлеңкеге қойып, онда ұйықтай алмайды. Ең бастысы діттеген жерге жылдам жетеді. Кептелісте тұрып қалмайды. Ереже бұзып, қашқандарды тез ұстауға мүмкіндік болады.
Мотоциклдің бір артықшылығы — жылқы секілді артық күтімді қажет етпейді. Тұрақ табу да оңай. Алайда, сонау алыс шетелдерден ең қымбат мотоциклдерді сатып алып, бюджетке салмақ салудың қажеті жоқ. Қазір Қытай елінде мотоциклдің неше атасы шығып жатыр ғой, соны арзан бағаға алдыруға болады. Қымбатын сатып алғанның өзінде оны ұзақ уақыт күтіп мінбесі анық.
Тағы айтарым, мұндай тәжірибе соңғы кездері көптеген шет мемлекеттерде қолданылып келеді. Сондықтан мұның еш артықшылығы жоқ. Бүгінде полицейлерді қымбат шетелдік көліктерге отырғызғанымызбен қылмыс төмендеудің орнына өсіп барады. Сол себепті осындай тәсілді де қолданып көрген жөн-ау.
Ә.Науайы