Басты жаңалықтар Құқық

6213 іс медиациялық келісіммен аяқталған

Түркістан облыстық сотының бастамасымен Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңына 15 жыл толуына орай дөңгелек үстел өтті. Оған Түркістан облысының судьялар корпусы, мемлекеттік органдардың өкілдері, кәсіби және қоғамдық медиаторлар, қоғам қайраткерлері нотариустар, адвокаттар мен заң консультанттары қатысты. Шараның мақсаты – қоғамдағы дау-жанжалдарды бейбіт жолмен шешудің маңызын насихаттау, медиацияның құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы рөлін арттыру және кәсіби медиаторлардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау.

Жиын барысында Қазақстандағы медиация институтының 15 жыл ішінде қол жеткізген жетістіктері сараланып, дауларды сотқа дейін реттеудің тиімділігі, қоғамдық келісім мен татулықты нығайтудың маңыздылығы жөнінде баяндамалар жасалып, Медиация институтының даму қорытындылары жөнінде әзірленген бейнеролик ұсынылды. Сондай-ақ, медиация саласын одан әрі дамыту, халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту және тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.

Дөңгелек үстел жиынында Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Аида Байтурова баяндама жасап, меиацияның маңызы мен тиімділігі жайында төмендегідей деректерді келтірді. «Қазіргі таңда сот медиациясы сот төрелігінің ажырамас бөлігіне айналып отыр. Судьяның басты міндеттерінің бірі – тек заңды қолданып шешім шығару ғана емес, заң мүмкіндік берген жағдайда тараптарды татуластыруға ықпал ету. Өйткені сот шешімі әрқашан бір тараптың талабын қанағаттандырып, екінші тараптың мүддесін шектейді. Ал медиацияда мұндай жағдай болмайды. Медиациямен аяқталған дауда жеңген де, жеңілген де тарап болмайды. Себебі дау соттың билік өкімімен емес, тараптардың өзара ерікті келісімі арқылы шешіледі. Тараптар бір-біріне ымыра жасап, өздеріне тиімді шешімді өздері қабылдайды. Сондықтан медиациядағы ең үлкен жеңіс – бір тараптың жеңісі емес, екі тараптың келісімге келуі, өзара түсіністікке қол жеткізуі және болашақтағы қарым-қатынасты сақтап қалуы. Әсіресе отбасылық, еңбек, көршілік және кәсіпкерлік қатынастарда бұл өте маңызды. Себебі адамдар сот процесі аяқталғаннан кейін де бірге өмір сүреді, бірге жұмыс істейді, көрші болып қалады. Сондықтан медиация тек дауды шешіп қоймай, адамдар арасындағы сенімді қайта қалыптастырады».

Ресми мәліметтерге жүгінсек, 2026 жылдың 7 айында Түркістан облысындағы соттарда 15 487 іс, оның ішінде
6 213 іс медиациялық келісіммен аяқталған. Бұл көрсеткіш медиация институтының қоғамдағы сұранысының артып келе жатқанын және оның тиімділігін айқын дәлелдейді.

Шара соңында медиация институтының дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар Алғыс хаттармен марапатталды.

Медиация – қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімді нығайтатын тиімді құқықтық тетік. Ол – адамдарды бір-біріне жақындастыратын, өзара сенім мен сыйластықты нығайтатын, қоғамдағы татулықтың алтын көпірі. Сол себепті осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, қоғамдық тұрақтылықты сақтауға өз үлесін қоса береді деген сенімдеміз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *