Uncategorized

Жылудың жайы қазірден шешілуде

Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай «Естуші Үкімет» жобасы аясында халықтың талап-тілегін тыңдау, мәселенің мән-жайын тез арада анықтап, нақты шешім шығара білу аймақтағы әкімдіктің басты назарындағы міндет.

Бұл орайда Шымкент қаласының әкімдігі билік пен бұқара арасындағы байланысты нығайта түспесе әлсірете қойған жоқ. Нәтижесінде ел айтқан бірқатар мәселе өз шешімін тауып келеді. Елмен етене араласу, тұрғындармен жиі кездесіп отыру қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың дағдысына айналған. Сондай бір кездесулерде тұрғындар қысты күні жылуға жарымайтындарын, жылудың сапасын жақсартуға күш салуын өтінген.

Енді міне, келер қыстың қамына кіріскен сала мамандары Шымкентте жылу жүйелерін жөндеуге, қалпына келтіруге кіріскен. Бұл қытымыр қыста төтенше жағдайдың арын алмасы үшін, тұрғындар суық күнде жылусыз қалатындай қауіптің алдын алу үшін де маңызды шаруа болып тұр.

Жоспар бойынша биыл үшінші мегаполисте жылу жүретін желінің 30 шақырымы жөнделіп, 2 қазандық жаңартылады.

Шымкент қаласында жылу құбырларының жалпы ұзындығы 838,6 шақырымды құрайды. Ал оның 37 пайызының тозығы жеткен. Қыс ауасында қалада орталықтандырылған жылу жүйесімен қамтылатын пәтерлер мен мекемеерге 23 қазандық пен 17 сорғы стансасынан жылу таратылады. Қазандықтардың 30,5 пайызы тозған. Сорғы станцияларының да жайы мәз емес. 41 пайызы жаңартуды қажет етеді.

Былтыр жылу жүйелерінің 8,7 шақырымы ағымдағы жөндеуден өтті. «Нұрсәт» нысанында қайта жаңғырту жұмысы жүргізілді. Нәтижесінде  көпқабатты 2076 тұрғын үй мен бюджеттік 464 мекеме ғимараты тұрақты жылумен қамтамасыз етілді.

Ал биыл қала әкімінің тапсырмасы бойынша 30 шақырым жылу жүйесінде ағымдағы жөндеу, 4 нысанда құрылыс жұмысын жүргізу жоспарланып отыр. Оның екеуінде жылу қазандықтарын жаңғырту, екеуінде 7,2 шақырым жылу желілерін қайта құру жұмыстары жүргізіледі.

Қазіргі таңда тұрғындарды жылу жүйелерімен үздіксіз қамтамасыз ету және тозу деңгейін төмендету, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында көктемгі-жазғы маусымда жоспарлы жөндеу және қайта құру жұмыстары жүріп жатыр.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *