Бәрі де «Бір хатқа жауаптан» басталды…
Шымкент музыкалық училищесінде оқитын кезі. Ақұштап Бақтыгерееваның осы бір өлең шумақтары ойынан кетпей қойды. Қайта-қайта оқыған сайын әуезді бір әуен өлеңмен бірге өріле береді. Бірнеше күн сол әуенді ыңылдап жүрді. Алғашқы ән осылай туды. «Өнерге деген адалдық – сауатты болу» деген қағиданы ұстанатындықтан өзін композитормын деп әйгілеуге асықпады. Көп ізденуді, өнерді шыңдай түсуді мақсат тұтты.
Оқырман, сізге жақынырақ таныстырғалы отырған кейіпкеріміз – белгілі композитор Құралай Сәтмұхамбетова.
Бал дәурен балалығы әйгілі Қарауылда (Абай облысы, Абай ауданы) өткен Құралай ханымның өнердегі қадамы Оңтүстіктен басталды. Тұрмысқа шыққан әпкесіне қолғабыс болуға келген шығыстың шынары Шымкентке бірден бауыр басты. «Мұндағы ел ақкөңіл, жайдары. Жатсынуды білмейді ғой», – дейді өзі.
Арман қуған Алтынайдай-Құралай Шымкентте, Жамбыл атындағы гимназия-мектебінде оқығанын көпшілік біле бермеуі де мүмкін. Туған жері Қарауылдан жырақта жүрген балауса бойжеткен сол кездері сыныптасы Асанды інісі Қайратқа қатты ұқсатты. Бауырға деген сағынышы тағы бар, Асан екеуі әйтеуір мектепте бірін-бірі түсініскен дос.

Тоғызыншы сыныптан соң Құралай ел жаққа – Қарауылға қайтты. Шымкентте жүрген аруды туған ауылдың суы, ауылдың нуы аңсатты. Ауылында жарты жылдай аялдады. Шымкенттегі жездесі мен әпкесі бұ кезде қызмет бабымен Германияға кеткен-ді.
Қарауылдағы қыздың тыныш еді өмірі. Тыныштықты «қиялының қияндағы жұмағына» жолдаған сыныптас досы Асаннан келетін хаттар бұзады. Бозбала: «Сені көргім келеді де тұрады», – деген-ді. Айтуға сөз таппайтын, нәзік сезім бүр жарған шақ. «Тағдырының таусылмайтын сұрағына айналып, махаббаттың мың бір мақам құрамы» уақыт өте келе екеуін «көлдің көзмоншақтай көркем құрағына» орады.
Еліне жиі сапарлап кететін арудың уақыт өте келе жар болуға келісім бергені Асанға үмiтiнiң өшiп-жанған шырағындай болды. Екеуі отау тікті. Әлем бір сәт кірпігіне байланып қалғандай шығыстың аруы шырайлы Шымкентке осылай сіңді.
О баста өнерге деген құмарлықты Ұлы Абайдың әндері оятқан Құралай сахнаға бала күнінде-ақ шықты. Ауданаралық жарыстар, совхоз малшылары арасындағы слеттердің соңы концерттік бағдарламаға ұласатын. Сонда оқушы Құралай ән салады. Малшылар слетына жиылған көпшілік қошемет көрсете қол шапалақтайды.
Таудай талап талантты қызды өнерді кәсіби біліммен ұштастыруға жетеледі. Құралай Шайзадақызы музыкалық училищеден соң Шымкентте, мәдениет саласы мамандарын дайындайтын еліміздегі жалғыз оқу ордасы – әл-Фараби атындағы педагогикалық-мәдениет институтында хор дирежері мамандығы бойынша білім алды. Институтта оқи жүріп облыста тұңғыш құрылған «Достық» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің белді әншісі атанды. Сол ансамбльде қалуы үшін облыстық Халық шығармашылығы орталығына жұмысқа шақырып, уақытша «киномеханик» штатына тіркеді. Бір жылдан кейін сол мекемеде, методист, аға методист, Халық шығармашылығы бөлімінің басшысы болды.
Ал концерттерде «Тіршілікте айнымасқа тағдыр қосқан, Құс едің ғой кең далама бауыр басқан…» деп Ескендір Хасанғалиевтің «Бозторғай» әнін шырқағанда Құралайға тамсанбайтын тыңдарман аз. Тал бойына жарасқан мәдениеттілік, қарапайымдылық, ізеттілік көпшілікті тәнті етеді. Сахна адамының жүріс-тұрысы да сұлу болуы керектігін Құралай ханым мықтап ұстанады.

–Өнер адамына еліктейтіндер көп. Елдің алдында жүрген соң біздің бойымыздан мін табылмағаны жөн. Жаман, жағымсыз әдеттерден аулақ болу өнерпаздың бірінші кезектегі қағидасына айналуы қажет. Өнер адамы – халықтың айнасы, – дейді өзі бұл жайында.
Өнердің өз адамы өзгелердің талантын шыңдауға да жанын салды. Халық шығармашылығы орталығында методист болып жүріп ауыл-ауылдан талантты сазгерлерді іздеді. Олардың әндерін топтастырып, жинақ етіп шығарды. Әсем әуен әлеміндегі таланттармен сағынып көріспекке, ән-жырды бөліспекке ұмтылды.
Оңтүстікте ойлы да есті әнімен еліктіретін таланттар аз емес. Міне, солардың танылуына Құралай Сәтмұхамбетова түрткі болды. Жинақта композиторлардың көшін «Ақ босаға» әнімен танымал болған Мұхамеджан Рүстемов бастап, талай сазгердің есімі елге таныстырылды.
Десе де ән сиқы жоқ шығармалар да кездесті. Жақсыны жүректен өткізе саралайтын нәзік талғам көкжиегінде «мынадай әнді өзім де жаза аламын ғой» деген ой бас көтерді. Баяғы, училищеде жүргенде жазылған «Бір хатқа жауаптың» соңынан Аманкүл Әлімбекованың өлеңіне жазылған «Туған жер» әуені туды. Патриоттық әндер байқауында бұл шығармасы жүлделі екінші орын алды. Шабыт сыйлайтын шақтар көбейді. Кешегі қиындықтар бір күнгідей болмады, бәрі де артта қала берді.
Ақын Қуаныш Төлеметов екеуі тыңдарманның «күлім көзін нұрланта, тербеп нәзік сезімін» «Әппақ гүлдер» сыйлады көпшілікке. Шығармашыл адамдардың бұл тандемі бірқатар әндердің тууына негіз болды. Ақын мен сазгердің шығармашылық тығыз байланысынан «Ұзақтау жасап анаң, қызықсын барлық адам» деп келетін «Елім аман» сынды әндер тізбектеле берді.
А. Шамкеновтың сөзіне жазылған «Ару Ана» ән-балладасы қандай?! Ана тұлғасын әспеттей түсу мақсатында, «Мәңгілік қымбаттым, асылым сен –Ару Ана, Ару Ана!» — деп келетін қайырмасын Құралай Шайзадақызы өзі жазды.
Ақын Ханбибі Есенқарақызы екеуі Ош аспанын ойлантып –«Алтынай», З.Елғондиновамен бірге «жігіттердің жұлқып жанын, сиқырлы үн сыңғырымен баурап» «О, гитара!» әнін ұсынды.
Ал, Ибрагим Исаның сөзіне жазылған «Елге сапар» әнінің жөні – ерек, шоқтығы биік. «Аңқылдайды ауыл, қарамайды олар бар-жоққа. Ауылым жайлы, бауырым жайлы жыр жазам, Сүйеніп тұрып анам сүйенген шарбаққа» деген шақта талай тыңдарманның қиялы кіршіксіз бала күніне шарықтап кете барады. «Күйбең тірліктің дүрбең шуынан шаршап, ауылдың суы, ауылдың нуы аңсатқан» талайлар елге сапарлап келуді мұрат тұтты. Дәстүрге айналдырды. Елге жеткен есті ән осылайша халықтық әуенге айналды. Дәлелі сол той-томалақ, ауыл-аймақтағы концерттік бағдарламаларда дәл осы әнді ел болып орындау, әншіге қосыла шырқау үрдіс алды. Елдің әні. Өкініштісі көп ретте ән авторы атала бермейтіндігі. Авторлық құқықтың сақтала бермейтіндігі. «Сақталса не болады?» дейсіз ғой. О-оо, онда ақын-жазушы, композиторлардың өмірі дәулетті, сәулетті болар ма еді дейміз. Бәлкім сонда «Жол жүрем бүгін, тағы да бүгін жол жүрем, Ел жаққа барам қолдағы аздау қаржымен» дегізбес пе едік… Жә, авторлық құқық – басқа тақырып.
«Есiмді алған есiл жалған тұмары» – ән өнерінің өз өкіліне қайта ойыссақ. Мән-мағынасы азайған қоғамда талантты тани білу, оған қамқорлық жасау өнердің нағыз жанашырлары жасайтын тірлік. Сонау Бадамда жүрген Хадиша Сейітовадай талантты Шымкентке шақырып, үлкен сахнадан көрінуіне қамқорлық танытқан сол аз жанашырдың бірі – Құралай Сәтмұхамбетова.
–Шәмші Қалдаяқовтың «Сыған серенадасы» деген әні туралы мүлдем бейхабар екенмін. Құралай ұстазым маған сол әнді жарыққа шығаруға өтініш жасады. «Хадиша, қара да тұр, осы ән сені жарыққа шығарады, қалайда үйренуің керек» деді. Солай болды да. Ол әнді қалай орындауды үйретті. Байыпты да салмақты қалпынан танбаған күйі тәрбиеледі мені. Қазір қай концертке шақыру алсам да «Сыған серанадасын» орындауымды өтінеді,- дейді Хадишаның өзі.
Айтпақшы, Құралай композитордың «О, гитарасын» дәл осы Хадиша әнші нәшіне келтіре орындайды. «Сені көрсем лаулап денем, мұң артамын тағдырға» дегізгенде тыңдарманның бойында еріксіз жалын пайда болатындай. «Сиқыр үні сыңғырымен баурама» десе де қанды қыздырып, ойната түседі. Халық әніне айналған тағы бір әуен осы ма дерсің. Шәмшідей Ұлы композитордың «Сыған серенадасынан» кейінгі орында осы ән тұратындай.
Құралай Сәтмұхамбетованың «Өрік гүлдегенде» «Айтылмаған сыры» да бар. Өзі құрған «Руханият бірлестігінде» талай сыр, жыр төгіліп-ақ жатыр…
Көңіліңіздің басылмайтын құмарын руханияттан табуға тырысыңыз, оқырман! «Руханияттан алыстаған адамдар тәлім-тәрбиені жан-жақтан іздейді, жаттан көргенін өзіне жапсырып әлекке түседі екен. Қазақтың үлкенді сыйлау, құрметтеу әдебі, сарқылмас бай өнері, тамаша мәдениеті барда өзгенікін іздеп әуре болмаңыз». Бұл композитор Құралай Сәтмұхамбетованың ұстанымы.
Өмірі мен өнері өзгелерге көп үлгі жанға дәйім әппақ гүлдер ұсыныңыз. Түсіңізде де. Сіз сыйлаған әппақ гүлдер Үкіметтің осы кезге дейін қимай жүрген көп наградасынан да ардақты, құрметті! Себебі шын талантты халық қана шынайы мойындайды, құрметтейді.
Сізді көргім келеді де тұрады, Құралай ханым!
Жәмила Мамырәлі
