— Түйткілдің түйінін тарқата алмаған соң өздеріңізге хабарласуға мәжбүр болдым. Мен Қайырғалитегі Нұрбол Өзбекстанның Самарқан облысынан көшіп келіп, Қазақстан азаматтығын алғаныма бірнеше жыл болды. Осында келген соң дүние есігін ашқан екі балам да Қазақстан азаматы. Мәселе менің әйелімде болып тұр. Ол өзбек ұлтының өкілі. Өзбекстан азаматы. Біз сол жақта үйленгенбіз. Ата-анам мен бауырларым тарихи Отанға қоныс аударатын болған соң біз де бірге көшіп келдік.
Шымкентке келіп Үкіметтен ештеңе сұрағанымыз жоқ. Өзіміз үй алдық. Жұмыстың да бұйырғанын істеп, бала-шағамызды асырап отырмыз. Қазақстанның демографиялық жағдайын жақсартуға қолдан келгенше үлес қосудамыз. Бір әттең-айы, жұбайыма азаматтық ала алмай жүрміз. Азаматтық былай тұрсын, тұруға рұқсат та (вид на жительство) берілмей келеді. Осыған байланысты әр үш ай сайын шекарадан бір өтіп келуге мәжбүр. Күннің мынадай ыстығында шақалақпен шекарадан өтудің өзі оңай болмай тұр. Бұған дейін «3 айдан көп тұрып, тәртіп бұздың» деп шекарадан шығарып жіберген болатын. Ол жақта бірнеше ай жүріп, қайтып келді. Биыл жыл басынан бері тұруға рұқсат алу үшін тиісті құжаттар жинадық. Жинайтын құжат та, сылтау да көп екен. Біреуі керек емес деп алып тастаған қағазды екіншісі сұрайды. Ақыры тұрақты тұруға «отказ» келді, бірақ себебін айтпады. Осылай жүргенде тағы 3 ай өтіп кетті. Енді мәселе Сарыағашта сотта қаралатын болыпты. «Кез келген уақытта шақырады, дайын болыңдар» деген соң әйелім кішкентайымызбен шекарада үй жалдап тұрып жатыр.
Мен балаларыммен Қазақстан азаматы болғандықтан Өзбекстанда көп уақыт тұра алмаймыз, ал әйелім Өзбекстан азаматы болғандықтан Қазақстанда тұрақтай алмай жүр. Осылай екі ортада сенделіп жүрген жайымыз бар. Бәлкім газетке шыққаннан кейін жағдайымызды түсінер бір жанашыр адам табылып, көмек қолын созар ма деген үмітпен хабарласып отырмын. Көмектесіңіздерші!
