Мәселе

Шымкентте кептелістен қалай құтылуға болады?

Тосын сұрақ
«Оның басты себебі — Шымкенттің көшелерінде жол жүру жылдамдығын 20, 40, 60-пен шектеп тастаған. Осының кесірінен көлік кептелісі жиі орын алады. Әйтпесе, айналма, қосымша жол салынып, қос қабатты көпірлер пайдалануға берілген.

Көлік кептелісін болдырмау үшін жасалынған бұл істен пайда болмай тұр. Жол жүру жылдамдығын қаладан шығар үлкен көшелерде 80-ге көтермейінше, бағдаршамдарға дейінгі бұрылыстарды, үзік жолақтарды көбейтпейінше кептелістен көз ашу мүмкін емес» дейді көлік жүргізушінің көбі. Сіз осы пікірмен келісесіз бе?


Шырынбек ОҢҒАРОВ, заңгер, ҚР ІІМ ардагері:


– Шымкент қаласының жыл сайын халық саны артып, көлік жүргізушілер қатары көбеюде. Сонымен қатар, қаланың ішкі жолдары өте тар, бас жоспарға тиісті өзгерістер енгізу керек. Ал жылдамдықты 40 және 60-қа төмендету кептелістен бұрын адам өмірі мен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, жол көлік оқиғасының алдын алу болып табылғанымен 40 км/сағ меніңше, қажет емес. Қазіргі автокөліктер бұрынғы кеңес заманындағыдай емес қой.
Жылдамдықты қадағалайтын құрылғылар өте жиі және одан түсетін айыппұлдар қай қалтаға түсуде? Мемлекет қоржынына ма, әлде жеке меншікке ме? Бұл жайлы жергілікті билік БАҚ өкілдеріне тоқсан сайын брифинг арқылы құлағдар етіп тұрса дұрыс болады.
Жетекші партияның тізімі бойынша Мәжіліске сайлауға түсу барысында созақтық партиялас азамат елдің өтініші ретінде «ауыл арасы мен қала ішінде автокөлік жүргізушілерге белдік тағуды алдыртып, тек ашық трассада ғана тағуды міндеттесе дұрыс болар еді» деген-ді. Бұл пікірдің де жаны бар, өйткені, ауыл, қала ішіндегі жылдамдық сағатына 60 шақырымнан аспайды. Күннің ыстығында терлеп, суығында киімге ыңғайсыздығы айтылған болатын. МАИ қызметкерлері де белдік тағылмаған деген сылтаумен көп жағдайда орынсыз тоқтататындығы және коррупцияға тәуекелдік артатындығы ұсынылған. Бұл да ойланатын жағдай.


Жасұлан АМАНОВ, көлік жүргізуші:
– Кептелісті азайту үшін ең алдымен, әсіресе жол қиылыстарында оңға бұрылып кететін қосымша жолды көбейту керек. Сонда бағдаршамға жиналып тұрып қалатын көлік нөпірі азаяды. Сосын, бағдаршамның қарсы бетіндегі қызылын 5 минутқа болсын кешіктіріп жағуды реттеу керек. Сонда оңға, солға бұрылатын көлік үлгереді. Әйтпесе, «мигающий» светке де өтіп кететіндер бар. Бәрі де үлгеру үшін жанталасады. Ал, жол жүру жылдамдығына қатысты белгіні расымен де ауыстыру қажет. Мысалы, Қонаев даңғылының бойымен 80, 100-бен жүруге болады емес пе? Алматының негізгі даңғылы — әл-Фарабидің бойында солай жүреміз. Неге Шымкентте де солай етпеске?! Сондай-ақ, бізде бір жолдың бойында бірнеше жерден жаяу жүргіншіге арналған жолақ бар. Тым жиі орналасқан. Соны да реттеп, қысқартып, жүргіншілер жолағын тиімді жерден ғана белгілесе. Жаяу жүргінші жолағы жиі болған сайын апатты жағдай туындатады.


Ержан ТӘЛІП, жол-көлік колледжінің оқытушысы:
– Бізде жолды жылда қырнап, қайтадан салып жатады ғой, менің қарнымның ашатыны сол жолды ең болмаса жарты метр кеңейтуге тырыспайтыны. Мысалы Қазыбек би, Дулати, Желтоқсан көшелерін қайта жөндеуден өткізді, тура бұрынғы орнына қайта сала салды. Екі жақтауынан жарты метр қосқанның өзінде ол жолға бір жолақ қосылатын еді. Баяғыда Өмірзақ Әмет қала әкімі болып тұрғанда, жолды кеңейтуді бастап еді, одан кейін тоқтап қалды. Қаладағы светфоролар да 55-60-80 секунд бір көзі жанып тұрады, ол кезде де көлік нөпірі жиналып қалады. Қосымша көздері тым аз. 60-қа риза боласың ғой кейде, себебі 20-40 деген белгілердің түбіне сергек қойып қояды. Алпыс деген баяғы алпысыншы жылдардағы стандарты ғой. Алпыспен келе жатқан көлік қақса, адамның тірі қалуы неғайбыл деген. Ол кездегі көліктер, «Москвич», «Волгалар» – сүйектері ауыр, темірлері қалың, біз әлі сол стандартпен жүрміз. Қаладағы шекті жылдамдықты 80-ге, қалааралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолында шекті жылдамдықты 130-ға көтеру керек. Негізінде камераларды адамдардың қауіпсіздігі үшін емес, біздің билік бірінші кезекте қала қазынасын толтыру үшін қоятын сияқты. Ол ақша қазынаға түссе де мейлі еді, «штрафтың ақшасы жеке меншік компанияларға түседі» дейді кейбір білетіндер…


Ерғали СҮЛЕЙМЕНОВ, Шымкент қаласы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы:
– Шымкент қаласында автокөлік жолы 2347 шақырымды құрайды. Осы жол бойында көлік қатынасын реттейтін 293 сигналды бағдаршам, 15500 жол белгісі және 33000 метр квадраттан астам жол таңбасы сызылған. Жол қозғалысын қауіпсіз ету шаралары ең алдымен адам өмірін сақтауға, денсаулығына залал келтірмеуге негіз болады. Жолдардың жағдайын оңалту, жол-көлік оқиғаларынының алдын алу, көлік қозғалысы қауіпсіздігін сақтау, қамтамасыз ету және кептелістерді болдырмау мақсатында белгілі бір шаралар қабылдануда. Кептелістің жиі орын алуына қаламызда автокөлік санының күннен-күнге арта түсуі себеп болуда. Шымкент қаласында жолда күнделікті шамамен 500 мыңнан астам автокөлік қозғалыста. Оның 420978 Шымкент қаласында тіркелген болса, 80 мыңға жуық автокөлік қаламызға күнделікті басқа өңірлерден келіп-кетеді.
Қаламызда 4 мыңнан астам жол салынған болса, оның 89-ы магистралды жол. Осы автожолдардың санаулысында ғана қарбалас уақытта (ЧАС ПИК) кептелістер орын алады. Атап айтатын болсақ, қарбалас уақытында Республика, Д.Қонаев, Тәуке хан, Байдібек би даңғылдарында, Темірлан тас жолы, Қ.Төлеметов, Жібек-жолы, Ұ.Арғынбеков, А.Байтұрсынов, Б.Момышұлы көшелерінің қиылыстарында орын алады.
Қалалық полиция департаменті кептелісті болдырмаудың алғы шараларын барынша қолға алған. Әрине, оған жүргізушілердің жол ережесін сақтауы, жол жүру мәдениетін меңгеруі де қажет. Сонда ғана бізде мегаполиске тән жол-көлік қозғалысы реттелетін болады.


Серік ЖАҚСЫЛЫҚОВ, ӘПБ жол-техникалық инспекция бөлімінің Ерекеше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
– ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы №1196 Қаулысына сәйкес, «Жол жүрісі қағидалары» ережесінің 10-бөлім 2-тармақшасында айтылғандай, көлік құралдарына елді мекендерде тиісті жол белгілерімен белгіленген, бірақ сағатына 90 шақырымнан аспайтын арнайы жүру режимдерін қоспағанда, сағатына 60 километрден аспайтын, ал тұрғын аймақтар мен аула аумақтарында сағатына 20 километрден аспайтын жылдамдықпен жүру рұқсат етілген. Сонымен бірге, апаттылығы жоғары деп танылатын орындарға, мектептер мен балабақшалар және жаяу жүргіншілер өткелдеріне жол жүрісі қағидаларының 3.24 ең жоғарғы жылдамдықты шектеу 40 километр болып белгіленген. Бұл ҚР «Жол қозғалысын реттеудің техникалық құрылдары» Ұлттық стандартының 5.4.24 талаптарына сәйкес орнатылады. Яғни, қаланың негізгі көшелерінде орын алып жатқан кептелістер жолға қойылған 40 немесе 60 «Ең жоғарғы жылдамдықты шектеу» жол белгілерінің себебінен деу негізсіз.
«Кептелістің» негізгі ұғымы көлік қатынастарының ретсіздігінен пайда болады. Ұдайы емес «кептеліс» күтпеген тығырыққа тірелген, кептелуге мәжбүр болған жағдайда ғана туындайтынын ескеру керек. Шымкентте автокөлік санының артуынан, сондай-ақ, көше қиылысындағы бағдаршамдардың рұқсат етілген сигналды жарығынан өтіп үлгермей қалуынан 5-10 минут шамасында тұрып қалатын кезі болады. Ал, бағдаршамдардың циклдары барынша ұзартылған. Полиция департаменті Шымкент қаласы әкімдігімен бірлесіп, жолдарға зерделеу жұмыстарын жүргізіп, жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында жол айрықтарын салуда. Сонымен қатар, қаланың орталығындағы Д.Қонаев даңғылы, Өтегенов, Арғынбеков көшелерінің қаладан шығып кету жолдарын ұзартуда. Сол сияқты, Қ.Қазиев көшесін жалғастыру жұмыстары және Момынов пен К.Тіленші көшесінен өтетін темір жол бекетіне аспалы көпір салу жұмыстары жоспарланған.
Шымкент қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы қызметкерлерімен жоғарыдағы аталған жолдарға зерделеу жұмыстарын жүргізіп, көлік кептелістерін болдырмау мақсатында 15 жерге экипаж бөліп, қарбалас уақытта (час пик) көлік ағынын тоқтатпай өткізіп тұруға арнайы Патрульдік полиция бекеттері жұмыс атқаруда.


Тосын сауалға жауап алған Ж.Шалабаева.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *