Ерте көктемде ауа райының жиі құбылуынан созылмалы аурулардың да қоза түсетіні мәлім. Осындай дерттердің бірі – гайморит. Ол мұрын маңайындағы «Гаймор қуыстары» деп аталатын қуыстарға инфекция, микробтар түсіп, қабынуынан пайда болады. Дер кезінде емделмесе, гайморит асқына келе адамға ауыр әсер етеді. Инфекция түскен жерде ірің жинақталып, қатып қалуы мүмкін. Іріңнің ұсақ тамырлар арқылы көзге, миға әсер ету қаупі де жоғары.
Гайморитке ұшыраған адамның мұрнынан тынымсыз су ағады, жалқық шығады немесе ұсақ ұлпалардың домбығуынан тыныс жолы тарылып, мұрнымен тыныс алуы ауырлайды. Бірте-бірте мұрын, маңдай тұстары ауырлағандай болып, ауырсыну сезіледі, басы жиі ауыратын болады. Ірің көбейген кезде жүрек айнуы, жағымсыз иіс сезіледі. Осындай белгілер сезілгенде дәрігерге көрініп, тиісті ем қабылдаған дұрыс. Оны гаймор қуыстарын рентгенге түсіру арқылы анықтайды. Гайморит асқынып кеткен жағдайда іріңді шығару үшін мұрынды тесуге тура келетін жайлар да болады.
Біз осыдан біраз уақыт бұрын шымкенттік бір әйелден қызын осы гаймориттен қалай арылтқаны туралы қызық әңгіме естіген едік. «Осыдан екі жыл бұрын қызым гайморитпен ауырды. Дәрігерлер «прокол» жасау керегін айтқан, соған дайындалып жүрген едік. Бір танысымнан «бунақ» па, әлде «бұрнақ» па екен, сондай бір шөптің гайморитке ем болатыны туралы естідім. Әлгі шөпті Қырғы базардағы шөп дәрі сатушылардан табуға болады. Сол кезде оның бір данасы 100 теңгенің төңірегінде тұратын еді. Біз сол шөпті іздеп таптық. Кәдімгі шоғайнаға ұқсайтын тікенекті шөп екен. Тікенегінің ішіндегі тозаңын пайдаланады. Біз соны емге қолдандық. Екі мәрте ғана қолданғаннан кейін қызым гаймориттен құтылды. Рентгенге түсірткенде мұрын қуысында ірің жоғын көрсетті. Мен гайморитпен ауырғандарға үнемі осы шөп туралы айтып жүремін. Бірнеше адам ауруынан соның көмегімен айығып, маған алғысын білдірді», – деген еді ол кісі.
Таяуда Шымкенттің Қырғы базарына жолымыз түскенде біз шөп дәрі сататын Шәкира деген апайға жолығып, одан әлгі аталған өсімдіктің қыр-сыры жөнінде сұрадық.
«Бурнакты айтасыз ба? Ол менде бар. Мынау ғой, – деді ол кісі бізге домалақ тікенекті өсімдікті көрсетіп. – Бұл расында да гайморитке ем болады. Тікенегін сыпырып тастап, ішіндегі тозаңын алу керек. Жапырағын құрғатып, ұнтақтап қолданса да пайдасы бар. Бірақ оны абайлап қолданған дұрыс. Бір реттік емге титтей бір шымшымы ғана жетеді. Қағазға салып, ақырын иіскеу керек. Сонда тозаңы мұрын қуысындағы кілегей қабатқа жабысады. Оның іштегі іріңді тартатын қасиеті бар.
Емді тік отырып істеген дұрыс, сонда іріңнің ағып шығуына оңай болады. Аққан нәрселер жиналуы үшін мұрын астына қандай да бір ыдыс ұстап отырасыз. Ыңғайсыздық тудырса, мұрынды анда-санда сүртіп отыруға болады. Емді күн жылыда істеген абзал, мүмкін болса, бірер күн далаға шықпаған жөн. Гаймориттен арылғаныңызды білу үшін рентгенге түсіп көру керек.
Осыны қолданып талай адам гаймориттен арылған. Дегенмен бурнакты абайлап қолданған дұрыс, мұқият болған жөн. Көп қолданған жағдайда оның ұнтағы мұрын қуысының кілегей қабатын кептіріп жіберуі мүмкін. Оның бірден аллергия туындату қаупі бар. Сондықтан сақ болған жөн».
…Міне, «бурнак» атты өсімдіктің шипалық қасиеті жөнінде біз осындай әңгімелер естідік. Қажет еткен адамға пайдасы тие жатар деген ниетпен бұл жайында да назарларыңызға ұсынуды ұйғардық. Әрине, бурнакты дәрігердің бақылауымен қолданғаныңыз дұрыс болмақ демекпіз. Ал оның расында да гайморитке ем болатыны жөнінде біз жоғарыда аталған кісілерден басқа да біраз адамдардан естідік.
Х. АСАН.