Мәселе

Бал арасы неден қырылып жатыр?

Омарташылар алаңдаулы

 Адам баласына немқұрайдылық көп зардап шектіреді. Соған қарамастан біз айналамызда болып жатқан көп нәрсеге бей-жай қарап, салдарын кейін тартып жататынымыз бар. Мәселен, жуырда Түркістан облысының аумағында «бал аралары қырылып жатыр» деген мәлімет тарағанда оған көпшілік селт ете қоймады. «Өлсе ара өліпті да, кім өлмей жатыр?» деген селқостық сезілді. Омарташылардың сөзіне сенсек, Шардара, Отырар, Төлеби, Арыс аудандарында айтарлықтай ара шығыны болған.

Жалпы, бал арасы жер бетінен жоғалса не болмақ? Әлемді қандай өзгерістер күтіп алуы мүмкін? Ең алдымен гүлдерді тозаңдандыру процесі тоқтайды. Ал тозаңдану болмаса өсімдік атаулы өнім бермейді. Ғылыми тәжірибеге сүйенсек, бал аралары жер бетіндегі өсімдіктер мен азық-түліктің 70 пайызын жарамды етіп, ағзаға жетуге жол ашып береді. Аралардан бөлінетін көптеген дәрумендер жеміс-жидек пен азық-түлік арқылы адам ағзасына өтеді. Адам сол дәрумендер арқылы ұрпақ жалғастырып, ауруға төтеп бере алады. Егер аралар жойылып кетсе, аталған азық-түліктің пайдалы түрі күрт азайып, аштық орнайды. Денсаулыққа пайдасы орасан әселдің де дастархан мәзірінен бұлбұл ұшары айтпаса да түсінікті. Әуретімізді жасырып, жазда ыстықтан, қыста суықтан қорғайтын киімсіз қалғымыз келмесе де араларды қорғау керек екен. Аралар осы киімге материал болатын мақтаның өсуіне және оның жетілуіне тікелей әсер етеді.

Биоотын қазіргі кезде тұрмыста кеңінен қолданылып келе жатқан, газ түріндегі өндіріс түрі. Осы биоотын бөлетін түрлі құрамдағы элементтер де араның тозаңдандыруының арқасында келеді. Демек, аралар жойылар болса адамзат тағамсыз және киімсіз қалады деген сөз. Тіпті, адамзаттың өсуі тоқтап, өлім көбейеді. Бір сөзбен айтқанда, адамзат арасыз өмір сүре алмайды. Мұның бәрі ғылыми дәлелденген деректер. Жалпы, Жаратушы иеміз жер бетіндегі барлық тіршілік иелерін бір-бірінің өмір сүруіне тәуелді етіп қойған. Артық немесе кем ешқандай да жаратылыс жоқ. Сол себепті, кез-келген тірі жанның шамадан тыс кемуі немесе көбеюі қандай да бір апатқа себеп болары анық.

Негізгі тақырыбымызға қайта оралайық. Түркістан облысында бал аралары қырылып жатыр деген мәліметтен құлағдар болған соң бей-жай отыра алмай, оның себебін анықтауға тырыстық. Сөйттік те бірден жоғарыда аталған аудандардың ауылшаруашылық бөлімдері мен ветеринарлық қызмет мекемесінің басшыларына хабарластық. Олардан сұрап білгеніміздей, бал араларының өлу фактісі тіркелгенімен, оның себебі әлі анықталмапты. Омарташылар мұның себебін ветеринарлардың далаға дәрі шашуымен байланыстырады. Ал ветеринарлар болса бір ауыздан аралар өлген кезде дәрі шашу жұмыстарының әлі басталмағанын алға тартады. Бірақ ол кезде санитарлық эпидемиологиялық орталыққа қарайтын залалсыздандыру топтарының жұмысты бастағанын жоққа шығармайды. Бәлкім аталмыш аудандарда аралардың жаппай қырылуына осы жағдай әсер еткен болар. Мұның нақты себебін алдағы уақытта арнайы сараптама анықтайды.

Мәселенің мән-жайын ұғыну үшін әуелі Отырар ауданының Қоғам ауылындағы омарташы Дастан Алтынбековке хабарластық. «Өлді деу аз, қырылып қалды ғой. Бұған ауа райының ешқандай қатысы жоқ. Кенеге қарсы дәрі ретінде «дус» шашқан. Бұл ара деген жақпас нәрсені жаласа болды сол жерден көтеріле алмай, өле береді. Менде де солай болды. Араның бір ұясы бір отбасы болып есептеледі. Үш вагонға және жерге орналастырылған аралардың ішінде 80-ге жуық отбасы қырылды. Өлген аралардың орнын толтыру үшін Ащысайдың қасындағы Тоқтас ауылынан, Арыстан, Кентаудан ара сатып алып келдім. Ұяны бос ұстап отыра алмаймын. Өйткені, күн ысыса олар құрттайды да ұя жарамай қалады. Мен аралардың өлу себебін анықтау үшін арнайы сараптамаға берген жоқпын, бірақ, дәріден өлді деп ойлаймын. Енді оның өтемін кім өтейді?», — дейді Дастан Алтынбеков бізбен әңгімесінде.

Омарташының уәжі, уайымы орынды. Ал ветеринарлар не дейді? «Иә, бұл жайттан хабардармын. Аралар «ветеринарлар дәрілеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін өлді» деген әңгіме барын да білемін. Бірақ, бұл ешқандай шындыққа жанаспайды. Өлу себебі әлі анықталған жоқ. Негізі омарташылардың ескертуіне байланысты біз жұмысты екі аптаға кешеуілдеттік. Яғни ол кезде біз тарапымыздан ешқандай дәрілеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Білуімізше санитарлық эпидемиологиялық орталықтың арнайы топтары далаға дәрі сепкен. Бірақ олар қаладан 5 шақырым алыс аумақты дәрілеген, ал омарташылардың үйшіктері қала аумағында. Мен бұл аралар дәрілеуден емес, кеселден өлген болуы мүмкін деп ойлаймын. Жалпы араларда 5-6 кесел түрі кездеседі. Сол кеселдің бір түрі тиген болар», — деп есептейді Шардара аудандық ветеринарлық қызмет саласының басшысы Бақытжан Мыңбатыров.

Біз үшін маман пікірі маңызды. Ара шығынына қатысты Шардара аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Талғат Әліқұл өз тұжырымын төмендегідей түсіндірді: «Аралардың неден өлгенін әлі зерттеп біле алмай отыр. Алматыдағы зертханаға тағы жіберіпті. Мен де сұрастырып жүрмін. Жетісайдағы бір омарташының 40 ұяшық, яғни 40 отбасы арасының 30-ы қырылған. Алайда, ол қалған 10 отбасы өзінен өзі көбейіп, орнына келетінін айтты. Ол кісі де бір кесел келді деп отыр. Биылғы қатты аязды қыстың да бұл жағдайға әсері болуы мүмкін. Негізі, бір бал арасы 40 күндей өмір сүреді екен. Одан кейін жаңасы шығып, үнемі айналымда болады. Мен сөйлескен омарташылар бұдан келер қауіп жоқ деп отыр».

Халқымыздың ерекше дарын иесі, болашаққа саналы оймен қарай білген жырау Мұрат Мөңкеұлы «Мен қауіп еткеннен айтамын» деп көкейге түйген қаупін жырға қосып, заманның аяқ алысына алаңдап, ұрпағына өсиет айтып, ғұмырын зор уайыммен өткізген екен. Иә, омарташылар да қауіп еткеннен уайым жеп отырғаны түсінікті. Бұл уайым омарташылардың ғана емес, жалпы адамзаттың уайымы болуы тиіс. Ал мамандарды, тіпті, ұйықтатпауы тиіс. «Бәрі қалыпты» деген уайымсыздықтың соңы баршамызды сан соқтырып жүрмегей. Орын алған оқиғаны сала мамандарының күн тәртібіндегі маңызды мәселе деңгейіне көтеріп, ара шығынының себеп-салдарын анықтауға, соған байланысты жоспарлы жұмыс жүргізуге күш салмасқа болмайды.  Қазақта «ескермеген ауру жаман» деп босқа айтылмаса керек-ті.

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *