Шымкент

Жасыл желекке оранған шаһар

         

Көктемгі Шымкенттің ажары айрықша. Айнала түгел жасыл желекке оранып тұр. Еліміздің үшінші мегаполисінде саябақтар мен гүлзарлар көбейіп келеді. Ендігі кезекте оны уақытылы күтіп-баптау, гүлзарларды ретке келтіру міндеті тұр. Қазір қалада магистральді көшелер көгалдандырылып, жасыл желектер ретке келтірілу жұмыстары қарқын алған. Арнайы бригадалар газондарды орып, ағаштарға күтім жасап жүр. Көгалдандыру шараларына өткен аптада 270 жұмысшы, 28 техника және 176 көгалшапқыш жұмылдырылыпты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдары ел аумағында орманды алқаптарда 2 миллиард, ал елдімекендерде 15 миллион көшет егуді тапсырған болатын. Осының негізінде Шымкентте қаланы көгалдандырудың 5 жылдық жоспары жасалғаны белгілі. Сол жоспарға сәйкес 2025 жылға дейін қала аумағында 12,5 млн. жасыл желек болуы шарт.

Қазіргі таңда эколог мамандар мегаполистің жасыл желегі 6 миллионнан асады деп отыр. Бұл көрсеткіштің күн сайын көлемі арта түспек. Себебі, жыл сайын көктемде айналамызға тал-терек отырғызу үрдісі Шымкентте дәстүрге айналған. Оған шымкенттіктер белсенді түрде атсалысады.

Шымкент қаласында экологиялық ахуалды жақсарту, аулаларды абаттандыру және қоршаған ортаны қорғау ісінде айтарлықтай жобалар жеткілікті. Мысалы, пайдалануға берілгеніне көп бола қоймаған «Алатау» саябағы сол төңіректегі тұрғындардың көзайымына айналған. Саябаққа сол аумақтағы көпқабатты тұрғын үйдің ғана емес өзге шағын аудандардан да демалуға, саясында таза ауамен тыныстап, демалып қайтуға барушылар қатары көп. Қазір қаланың атмосфералық ауасының жай-күйі жөнінде халықты хабардар ету үшін арнайы датчиктер орнатылып, LED-экран арқылы тұрғындарға жарияланып тұратын қондырғылар қаланың әр аумағында бой көтеруде.

Мегаполистің кескін-келбетін, өзіне ғана тән сән-салтанатын қалыптастыруда көріктендіру ісі маңызды рөл атқарады. Содан да болса керек бұл іске арнайы дизайнерлер де тартылып отыр. Мысалы, Тұран ауданы аумағындағы айналма жолдың жиегі өткен аптадан бері көпжылдық гүлдермен көмкерілуде. Сальвияның — 6000,  цинерарияның — 2500, остеоспермумның — 1500, шафранның — 6000 данасы белгіленген аумақтарға отырғызылуда. Алдағы уақытта арнайы орындарға жалпы саны 550 мың түп көпжылдық және біржылдық гүлдерді отырғызу жоспарлануда. Көріктендіру шараларына жұмысшылар мен техникалар жұмылдырылып, агрономдар да атсалысуда.

Шымкент қаласында 2020 жылға дейін 6 млн жасыл желек бар болатын. Содан бері әр жыл сайын кемінде 300, 500 мың түп көшет отырғызылуда. «Ал 2025 жылы қала аумағында 12,5 млн. жасыл желек болады» дейді сала мамандары. Айта кету керек, дәл қазір қалада 9 саябақ, 39 гүлзар бар. Олардың барлығына арнайы қызметкерлер күн сайын ерекше күтім жүргізеді.

– Қалада «Жасыл белдеу» қалыптастырудың жоспары бекітілген. Соған сәйкес тиісті басқарма мамандары қала аумағында жасыл желектің көлемін ұлғайту бойынша жұмыс істеп жатыр. Қаладағы ағаш қоры екі есеге артады, -дейді М.Әйтенов.

«Шымсити» шағын ауданында 40 гектар аумақта саябақ бой көтеруде. Одан бөлек көше бойындағы гүлзарлардың санын көбейту де күн тәртібінен түскен емес. Жасыл желек қорын молайтуға мүдделі мамандардың айтуынша Еуропа елдерінде әр адам басына 24 шаршы метр жасыл желектен келеді екен. Ал бұл көрсеткіш еліміздегі Алматыда – 13 шаршы метр, Шымкентте 5-6 шаршы метрді құрап отыр. Жалпы стандарт бойынша жан басына шаққанда жасыл желек 10 шаршы метрден кем болмауы тиіс екен. Олай болса, 2025 жылға қарай Шымкенттің жасыл желегіне қазіргісіне қосымша 23 гүлзар, 4 саябақ салынып, үлес қосады деген жоспар бар.

Бұл орайда қаладағы 37 субұрқақ пен 44 ұңғыманың да үлесі барын айтпай кетуге болмас. Гүлзарларға, субұрқақ айналасына тұрғындар мен қала қонақтарына әдемі әсер сыйлап, қолайлы көрік беруі үшін кішігірім сәулеттік пішіндер қою да мамандардың жобасында бар дүние. Жыл сайын жасыл желек қорын сауықтыру, жаңарту жұмыстары да оңай емес. Оны жүйелі түрде атқарып отыру міндетті. Сала мамандары бұл орайда аянып қалмауда.  

Жалпы Шымкентті абаттандыру, көгалдандыру ісінде әрбір шаруа нақтыланып, жоспарланған. Қаланың жасыл желек қорының қазіргі ахуалы толық зерделеніп, болашақта қай бағытта жұмыс істеу керектігі нақтыланып, барлық аумақтарды теңдей көгалдандырудың кешенді жосапары құрылған. Оның ішінде жаңадан салынған шағын аудандарда саябақтар мен скверлер, аллеялар салу, тұрғын үй аулаларында тал егу, көгалдарға суару жүйесін орнату, жасыл желекті күтіп-ұстау міндеттемелерін бөлу сынды мәселелер қамтылған. Тек оны жүзеге асыру уақыт еншісінде. Әйтесе де бұл игілікті іс 2025 жылға дейін жүзеге асуы тиіс.

Қала әкімінің тиісті сала мамандарына қойып отырған талабы да осы. Шымкентте бос, топырағы шығып жатқан жер болмауы керек. Көпқабатты тұрғын үй аулалары абаттандыруда «асфальт, аяқжол төсемелері және көгал» ұстанымы басшылыққа алынып, тұрғын үйлердің қасбеттері жарықтандырылуы тиіс. Аулаларда қолайлы орындықтар, қоқыс жәшіктері қойылып, балалар ойын алаңшалары болуы керек. Қала орталығынан шалғайда жатқан аумақтарды абаттандыруды назарға алған шаһар басшысы, сай-салаларда егілген көгалды аумақтарды кәдеге жаратудың тиімді жолдарын белгілеуді тапсырды. Құрылыс қалдықтарын жойып, экологияны сауықтыру бойынша пәрменді жұмыстар атқаруды жүктеуде.

Қаланы абаттандыру талаптары қалалық мәслихат шешімімен бекітілген Ережеде қамтылған. Ендігі жерде мегаполистің 5 ауданының әкімі осы талаптардың орындалуын күнделікті бақыласа болғаны. Айтпақшы, айналаның тазалығына жауапкершілікті арттыру жөнінде коммерциялық нысан иелері және мердігер ұйымдар арасында нақты жауапкершілік міндеттемелер де бөліп берілген. Мердігер ұйымдарда мониторинг және бақылау құрылымдары ашылып, атқарылған жұмыстарға бақылау жүйесі күшейтілуі тиіс. Бұл өз кезегінде қаланы абаттандыру және санитарлық тазалығын сақтау саласындағы жұмыстарды жүйелендіруге ықпал етеді.

Тұрғындар арасында экология талаптарын сақтау, қоршаған ортаны ластамау, тазалыққа жанашырлық танымын қалыптастыру үшін кешенді ақпарат-насихат жұмыстарын жүргізу қажеттігі де күн тәртібінен түскен емес.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, қалалар экологиясын жақсартуда еліміз бойынша «Жасыл қала» Ұлттық жоспары шеңберінде ірі өндіріс орындарының ауа ластау деңгейін төмендету, елді мекендерге табиғи газ тарту, шаруашылық субъектілерді газға көшіру, қоғамдық көліктерді сұйық газға көшіру жұмыстары атқарылуда. Заңсыз қоқыс орындарын жою міндеті бойынша Шымкент қаласында бей-берекет қоқыс орындары анықталып, оларды дер кезінде жою жұмыстары ұдайы жүргізіліп тұрады. Қала аумағындағы бұрынғы құрылыс қалдықтары полигонының орнына аумағы 4,48 га. болатын жаңа саябақ салынды. «Жасыл белдеу» қалыптастыруда жан басына шаққанда жасыл желек қорын стандартқа сәйкестендіруге үлкен мән берілуде. Қаланың гидрожүйелерін дамыту шеңберінде Жол картасы әзірленіп, жүзеге асырылуда. Ауаның ластану деңгейін бақылауда «Қазгидромет» ұйымының 6 станциясы орнатылған. Экологиялық мониторинг жүйесін жетілдіруде ауаны автоматты бақылайтын 10 станция жұмыс істеуде.

Қала әкімі Шымкенттің экологиялық ахуалын жақсарту, өндіріс, құрылыс қалдықтарын жою, жасыл желек қорын ұлғайту, тазалық сақтауда қоғамдық сананы өзгерту бағыттары бойынша сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар жүктеп, олардың орындалуын қатаң бақылауына алды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *