Оқшау ой

ҚЫЗҒА ТОЙХАНА БОСАҒАСЫ ҚЫМБАТ ПА?

Оқшау ой

Жаһанданамыз деп, дәстүрдің озығына емес, тозығына тәуелді болып барамыз. Ұзатылар қыздың сыңсу айтып, өз жұртымен қош айтысар ұзату тойын кіндік қаны тамған жанұясында емес, тойханада өткізетін дәстүр таптық. Жат жерге, жаңа өмірге қадам басқан бойжеткен балалық қызық шағы өткен өз босағасынан емес, әлдебір кәсіпкердің арақ-шарап иісі сіңген ақ дастарханынан ұзап кете барады. Қызды алып кетуге келген құдалар да «қонақ қойдан жуас» деп, болашақ келіндерінің алтын босағасын көрмеген күйі, бар бата-ниеттерін тойханаға төгіп, жарымжан көңілмен кете барады. Бірін-бірі танып білместей, сөйлесе алмастай, даңғаза-шу, даңғырақтан бастары қазандай болып, ішкені ірің, жегені желім, той бойы сағат тіліне қарағыштап, әйтеуір шулы жерден тезірек құтылғанша асығады. Түнгі 12-ден қалдырмай қызды алып кету дейтін еш жерде жазылмаған «заң» бар. Соны желеу етеді.

Сағат тілі он екіге тақаған кезде күйеу бала да өрекпіген достарымен бірге жалға алып келген қымбат көліктерін тойхананың табалдырығына тақап қойып, елді зар илетіп, жақсы кешті қаралы жиынға айналдырған әнші мен асабаның соңғы «сау бол» сөзін күтер-күтпес, көз жасын тыя алмай тұрған Золушка-жарын ата-анасының, бүткіл ағайын-туыстарының көзінше ұяты мен ары боп саналатын бұтынан көтеріп алып, болашақ жарын бағып-қағып өсірген қайын жұртына қош деуге де жарамай, тура жын қаққандай далаға тұра ұмтылады. Аңтарылған жұрт асабаның: «артыңа қарама, тойханаға қайта кірме» деген желеу сөзіне сеніп, жындарынан айрылған бақсыдай бастары салбырап, солығын баса алмай тұрған ата-анасына басу айтқансып, үйлеріне қайтады…

Үйден ұзаса сырлас екі жеңгесі қолтығынан сүйеп, көңілі күпті қызға демеу танытар еді, ал мұнда танымайтын әнші мен биші қолтықтап алып, тура соғысқа аттандырып жатқандай сыңсыма әндерін өздері айтып, елдің ебіл-дебілін шығарып, берекесін алады.

Ілгеріде қалай еді? Қыз өзінің ақ босағасынан ұзайтын. Күйеу еліне аттанарда ауылын аралай жүріп жақын-туыстарымен қоштасатын. Әр туыстың от орнымен, шаңырағымен қоштасып, сол шаңырақ иелерінен ескерткіш есебінде ұсынған сыйлықтарын алып, ықыластарына ризашылық білдіріп аттанатын. Соңынан ақ босағасына келіп, ата-анасымен, атажұртымен, құрбы-достарымен қоштасып, «сыңсу» айтып, өзінің жаңа мекеніне жеңге-қайынсіңлілерімен бірге сапар шегетін. Күйеу бала бұтынан көтермек түгілі, жанына жақындай алмай, тек алыстан барлай бақылап еріп жүретін.

Жарым көңілмен жат жұртқа кетіп бара жатқан қызға өз босағасы қымбат па, әлде тойхана босағасы қымбат па? Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

Бекжігіт Сердәлі, журналист

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *