Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары күн ыстықта салқын самал іздеп, су бойын жағалап, өзен-көлдерде шомылуға асығатын тұрғындар үшін бірінші кезекте рұқсат етілмеген су айдындарында шомылуға болмайтынын естертеді. Одан бөлек жаздың аптап ыстығында айналамызда өрт қауіпі болуы мүмкін жағдайлар да аз емес. Тұтанған бір ши сіріңкенің зардабы орасан болуы әбден мүмкін.
Міне, осындай келеңсіздіктерді болдырмау үшін, қауіптің алдын алу үшін төтеншеліктер жер-жерде үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Жуырда Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау мен Абай ауданы Төтенше жағдайлар басқармаларының қызметкерлері және Жедел-құтқару жасағының құтқарушыларымен жазғы өрт қауіпті кезеңде өрт оқиғаларын алдын алу мақсатында үгіт-насихат шараларын өткізді. Демалушылар арасында үгіт-насихат шараларын өткізу барысында өрт пен суда қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Дәл осындай насихаттық іс-шара дендросаябақта да болды. Саябақтың өрт қауіпті кезеңіне күштік құралдарының дайындығы бойынша қарап-көру жұмыстары жүргізілді.
Департамент мамандары мүдделі мекемелермен бірлесіп қала аумағындағы шомылу маусымы кезіндегі судағы қауіпсіздік бойынша рейдтік іс шараны 5 аудан көлемінде және қала аумағында орналасқан субұрқақтарда үгіт-насихат жұмыстарын да жүргізуде. Мысалы, Еңбекші ауданының аумағында орналасқан шомылуға тыйым салынған орында (Бадам өзенінде) рейдтік іс-шараны өткізу барысында ӘҚБтК-нің 412 бабының (Су айдындарында қауiпсiздiк қағидаларын бұзу немесе орындамау) талаптарын бұзғандығы анықталып, 2 адамға (1988 ж.т. және 1996 ж.т. балаларын қараусыз жіберіп, мекен-жайы бойынша анықтап) Шымкент қаласы ТЖД тарапынан хаттама толтырылып, 25 844 теңге көлемінде айыппұл салынды. «Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта жалғасын табады» дейді мамандар.
Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Б.Қамбаровтың төрағалығымен жеке құрамға кәсіби сабақ өткізді. Сабақ барысында Анықтау бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы, азаматтық қорғау майоры О.Қырықбаев «Қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арызды, хабарды немесе баянатты қабылдау және тіркеу, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімін жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 2014 жылғы 19 қыркүйектегі №89 бұйрығы туралы жеке құрамға жеткізді. Сонымен қатар «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу туралы» азаматтық қорғау майоры Н.Сейдуллаев баяндама жасады.
Еңбекші ауданы ТЖБ қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Маятас елді мекенiнде орналасқан «Гавай» демалыс орнында орналасқан жазғы сауықтыру лагерiнде шартты түрде өртті сөндіру бойынша өрт-тактикалық сабақ өткізді. Өрт, судағы қауіпсіздік, жер сілкінісі кезіндегі iс әрекет, терезеден құлаудың алдын алу тақырыбында балалар мен қызметшiлерге түсіндірме жұмыстары, сонымен бірге алғашқы дәрігерлік көмек көрсету, адамдарды судан құтқару бойынша сабақтар өтуде. Аталған iс-шараға аудандық Төтенше жағдайлар басқармасы, Өрт сөндіру қызметі, Жедел-құтқару жасақ және Апаттар медицина орталығы қызметкерлері қатысты.
Ал, кәсіпкерлермен «Саудада өрт жағдайы мен өрт қауіпсіздігі» тақырыбы талқыланды. Жиын Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Э.Ережепованың басшылығымен өткізілді. Жиынға Шымкент қаласы «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасынан 30-ға жуық кәсіпкерлер, оның ішінде сауда, өндірістік және қызмет көрсету нысандарының өкілдері қатысты. Іс-шара барысында кәсіпкерлермен проблемалық мәселелер талқыланды және өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Төтеншеліктер Шымкент қаласының тұрғындары үшін сақтық шараларына қатысты насихаттық жұмыстарды жандандыра түскен. Сіз де сақтық шарасын сақтаңыз!