Түрлі салалардағы зерттеулерге қатысты материалдарды жариялайтын «Сайенс-Дейли» (ScienceDaily) сайтында қызық жаңалық шықты. Онда Барселонадағы эволюциялық биология институтының ғалымдары ежелгі замандарда өмір сүрген жүздеген адамның тіс тасына зерттеу жүргізгені жөнінде айтылады. Зерттеу тақырыбы – адамдардың жәндікпен азықтануы мәселесі.
Жәндіктерді азыққа пайдалану қазір де бірқатар Еуразия, Африка, Австралия, Америка елдерінде бар. Ғылымда бұл «этномофагия» деп аталады. Барселона ғалымдары зерттеу нәтижесінде Еуразияның солтүстігін мекендеген адамдардың жәндіктерді азыққа өте сирек тұтынғанын анықтаған. Осыдан 9 мың жыл бұрын, ауыл шаруашылығының дамуы барысында олардың ағзасындағы жәндік хитинін қорытатын ферменттердің белсенділігін төмендететін мутациялар орныққан екен. (Хитин – жәндік қаңқасын құрайтын зат). Сол себепті батыс тұрғындарында жәндікті асқа тұтынуға құмарлық жойылған, одан жирену бірте-бірте тұрақты әдетке, мәдени дәстүрге айналған. Оның үстіне солтүстікке қарай жәндік ареалы жұтаңдай түсетіні мәлім. Ал бұған керісінше, неандертальдықтар мен тропикалық белдеуге жақын аумақ тұрғындары жәндікті асқа белсенді түрде тұтынатын болған. Оларда жәндікті қорытып жіберетін гендер сақталған. Осы себепті және климат айырмашылықтарына орай әрі жәндік қолжетімді, мол ақуыз көзі болғандықтан бұл жақтың халықтарында этномофагия күні бүгінге дейін сақталып қалған.
Тараканнан, сарышаяннан жасалған тағам…
БҰҰ мәліметтеріне сенсек, бүгінде әлемде шамамен 2 миллиардтай адам жәндіктерді тұрақты түрде асқа жаратады. Алысқа бармай-ақ, жақын көршіміз – Қытайды алайық. Онда жәндік атаулының 150-ге тарта түрі азыққа жаратылады екен. Жұмыртқасы, дернәсілінен бастап, ересегіне дейін. Шырылдауық шегіртке, қара шегіртке, тіпті біз түрін көргеннен безіп кететін сарышаян – бәрі-бәрі азыққа жаратылады. Дүкендерінде қорапталған, қалтаға ұқыптап салынған кептірілген жәндіктерді, құрттарды сату ол жақта үйреншікті көрініс.
Корейлер болса, жібек құртының дернәсілдерін «бонджанг» деп аталатын асқа пайдаланады екен. Жібек құртының қуыршақтарын жапондар да жақсы көреді, олар сондай-ақ сонаның, араның жұлдызқұрттарын да асқа жаратады. Вьетнамдықтар өрмекшіні, бамбук құрттарын, су қоңыздарын пісіріп жей береді. Ал таиландтықтар шегірткені де, жібек құртын да, сарышаянды да, тіпті тараканды да жиренбей жейді. Оларда шегіртке, қоңыз, құрт, қара шегіртке — бәрінен «маланг тод» деп аталатын соя соусы мен келімдәрі қосып қуырылған рагу жалпыға танымал жеңсік асқа жатады.
Бүгінде БҰҰ азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы жәндіктердің жеуге жарамды 1900-ге жуық түрін тіркеуге алыпты. «Олар – ақуыздың, пайдалы майлардың, дәрумендер мен минералдардың көзі», — дейді ұйым мамандары. Бұл ұйым этномофагияны әлемнің азық-түлік қауіпсіздігі проблемасын шешуге мүмкіндік беретін тәсілдің бірі ретінде қарастыруда. Олардың тұжырымынша, жануарлар қоршаған ортаға зиянын көп тигізеді, суаттарды, жайылымдарды, ауаны, топырақ қабатын бүлдіреді, ал жәндіктерді өсіруге шығын аса қажет емес, олар парниктік газды да аз бөледі.
Кейінгі жылдары АҚШ-та, Еуропаның бірқатар елдерінде шегіртке, қара шегіртке, піте сияқты кейбір жәндіктердің кептіріліп, ұнтақталған денесі азық түрлеріне араластырылып шығарылып жатыр екен. Асқа жарамды жәндіктерді өсіріп-көбейтуді қолға алып, бұдан табысты бизнес жасап жатқандар да бар деседі.
Кептірілген жәндікті ұнтақтап, ұн шығарып жатқан елдер бар. Оны «ақуыздың, протеиндер мен микроэлементтердің баламалы көзі, құрамында майы аз» деп мақтайды. Мысалы, Ресейде 2023 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тізіміне қара шыбынның немесе оның дернәсілдерінің ұнынан жасалатын пюре мен түйіршіктерді қосу жөнінде қаулы шыққан екен. Осы жылы Еурокомиссия өндірушілерге нан мен макарон қамырына шегіртке мен қоңыр қоңыз ұнын қосуға рұқсат беріпті. Әрине, әзірге адамдарға жәндік ұнынан жасалған ас жегізу ешқандай да елде жаппай қолға алынған жоқ. Ондай азықтарды жаппай шығаратын болса, өнім сыртындағы жапсырмасында құрамы міндетті түрде көрсетілетін болады. Дегенмен осындай «эксперименттер» баршылық сияқты. Мысалы, Финляндияда бидай ұнына аздап шегіртке ұны қосып пісірілген тойымды нан сұранысқа ие деседі. Ал Канадада шегіртке ұнынан пісірілген чипсы, арасына шегіртке салынған батондар сатылады екен. Еуропа дүкендерінен осындай азықтар, қытырлақ нан, тәтті күлше алып жеуге болады дейді. Франция астанасы Парижде жәндік ұнынан түрлі тағам жасайтын мейрамхана жұмыс істейді екен. Ал тағамға қажетті жәндіктер мен құрттарды мейрамхана қожайынының өзі бақшасында арнайы өсіреді.
Сұраныс бар жерде ұсыныс бар. Бүгінде Америка мен Еуропада кей фермерлер мал өсіргеннен гөрі жәндік өсірген тиімді деп жұмысын ауыстырып та жатқан көрінеді. Мысалы, Еуропаның Азықтық өнімдер қауіпсіздігі жөніндегі агенттігі ұн құртын асқа жарамды деп таныған, сөйтіп оны сатуға рұқсат берген екен.
