Қызылша – кең таралған жіті инфекциялық ауру. Онымен көбінесе балалар ауырады. Дене қызуының 38-40 градусқа дейін көтерілуі, мұрын, көз, тамақ қабынуы, теріде бөртпе пайда болуы белгілерімен сипатталады. Бұл инфекцияға шалдыққыштық 100 пайыз. Ол дегеніміз, егер бұрын қызылшамен ауырмаған және егілмеген адам қызылшамен ауырған адаммен қарым-қатынаста болса, ауру жұқтыру қаупі өте жоғары.
Қызылшаның белгілері: аурудың өрбу кезінде анықтау қиындық туғызбайды. Теріде қызылша бөртпелері шықпай тұрғанда науқастың қызылшамен ауырған ортада болуы, тамағындағы қабыну, көздің қызаруы, ұртта ақшыл бөртпелердің пайда болуы диагнозды растайды. Кейін теріде үш күнде біртіндеп шыққан бөртпелер диагнозды толық дәлелдейді.
Инкубациялық кезең – жұқтырғаннан бастап 7-ден 14 күнге дейін. Есте сақтау керек: ауру бөртпе пайда болудан емес, суық тию белгілері сияқты басталады. Дене қызуы 38-40 градусқа дейін көтеріліп, тәбет жоғалады. Әлсіздік, құрғақ жөтел, мұрыннан су ағуы мазалайды. Соңынан конъюктивит — көзі қызарып, қабыну пайда болады. Алғашқы белгілері байқалып, шамамен 2-4 күннен кейін ауыз қуысында ақыл тістеріне қарсы ұсақ ақшылдау бөртпелер пайда болады. 3-5 күні бөртпелер айқын дақ түрінде қаптап, көбейіп кетеді. Құлақтың түбінен, маңдайдан бастап, ары қарай бүкіл денені жауып кетеді. Ұсақ қызғылт дақтар үлкейіп, бір-бірімен қосылып, формасы өзгереді. Бөртпе пайда болып, 2-3 күннен кейін дақтар өршіп тұрған кезде дене қызуы тағы да көтеріліп, 40,5 градусқа жетуі мүмкін. Бөртпе 4-7 күн тұрады. Олар жоғалған соң орнында қоңырлау дақтар қалады, екі аптадан соң тері тазарады.
Аурудың себептері: берілу жолы — ауа-тамшы арқылы. Вирус сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауру адамның сілекейінен сыртқы ортаға түседі. Инфекция көзі – төртінші күн бөртіп ауырып жүрген адам. Бесінші күннен бөртіп жүрген адамнан жұқпайды. Ауырып, жазылған адамда өмір бойына иммунитет сақталады. Анасы қызылшамен ауырып қойған балада туғаннан 3 айға дейін қызылшаға шалдығу болмайды, өйткені осы уақытта оның қанында анасының қарсы денелері сақталады. Қызылшамен ауырмаған және егілмеген адамда өмір бойы ауруға шалдығу қаупі кез-келген жаста болады.
Емдеу жолдары: жұқпаның жеңіл түрінде, үй жағдайы қанағаттанарлық болғанда, яғни кішкентай нәресте, балалардың болмауы, жатақхана, тағы басқа науқастар үйде емделеді. Ешкімге жұқпауы үшін жұғу кезеңінде төсекте жатады. Көзіне күн жарығы түспейтіндей жағдай керек. Тамағын шайқап, көзге 2 пайыздық сульфаций натрий сұйығын күніне 3-4 рет тамызады. Науқасқа мол құнарлы сұйықтар беріледі. Шағымына байланысты жазылғанша дәрігер бақылауы қажет.
Алдын алу: қызылшаның алдын алуда тиімді де сенімді шаралардың бірі – екпе егу. Ол сақтану иммунитетін қалыптастырады. Бірінші екпе бала 1 жаста, екінші екпе 6 жаста болғанда жүргізіледі. Екпе 15 жыл бойы тұрақты салынып, сақтау тиімділігін қамтамасыз етеді. Қызылша пайда болса, ауырған адам болған инфекция ошағында, ұжымда эпидемияға қарсы шаралар жүргізіледі. Инфекция ошағында күн сайын аурумен қарым-қатынаста болған адамдарды тексеріп, термометрия жүргізеді. Жұқтырған адамдар болса, дереу оқшаулайды.
Қызылша, қызамыққа және шошқамойынға (ҚҚП) қарсы екпе осы жұқпалы аурулардан сақтайды!
Е. Бөкшебаев,
«Мырзакент» Мақтаарал аудандық ауруханасының эпидемиолог дәрігері
