Түлкібас ауданында инвестициялық штаб отырысы өтті. Жиынға аудан әкімі Асқар Естібаев төрағалық етті. Штаб отырысына аудан прокуроры Ескендір Бекманов, аудандық полиция бөлімінің, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері, бөлім басшылары және бірқатар кәсіпкерлер қатысты.
Онда кәсіпкерлікті дамыту, инвестициялық ахуалды жақсарту және инвестициялық жобаларды тиімді іске асыру мәселелері талқыланды.
Ауданда жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың барысын саралау, жобаларды іске асыру кезінде туындаған проблемалық мәселелерді талқылау, оларды шешу жолдарын айқындау және жаңа инвестициялық жобаларды тарту жайында сөз болды. Жиын барысында аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Бекайдар Құрманалиев аудан аумағында іске асырылуы жоспарланған бірқатар ірі және орта инвестициялық жобаларды таныстырды. Атап айтқанда, «Састөбе» инновациялық кешені» серіктестігінің каустикалық сода, поливинилхлорид, кальций карбиді, цемент және әк өндіретін өндірістік кешен салу, «Стандарт Пауэр» ЖШС-нің аралас циклді газтурбиналық электр станциясын салу, «Қарқын Трейд» ЖШС-нің жылына 48 мың тонна құс етін өндіретін заманауи құс фабрикасын іске қосу жобасы таныстырылды. Сонымен қатар, «BEIBARS BOTTLERS» ЖШС-нің ауыз су және алкогольсіз сусындар өндірудің II кезеңі, «МК Алтын НАН» ЖШС-нің ұн диірменін қайта құрылымдап, екінші өндірістік жүйені іске қосу, «Sultan Trade-25» ЖШС-нің сыйымдылығы 8 мың тоннаға дейінгі көтерме-тарату орталығын салу жобалары жөнінде айтылды. Сондай-ақ, «Ақ-Су Жабағылы» ОСҚ ЖШС-нің сауықтыру кешендерін қайта құрылымдау, «Майлыкент Ферм» АӨК-нің 400 басқа арналған тауарлы сүт фермасын салу, «RAFE COM» шаруа қожалығының мал бордақылау алаңын, «Шәдібек Ата» шаруа қожалығының мал сою бекетін іске қосу жобалары таныстырылды.
Инвестициялық штаб отырысында әрбір жоба бойынша туындаған проблемалық мәселелер ортаға салынып, олардың шешу жолдары қарастырылды. Жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берілді, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және инвесторларға қолдау көрсету бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігі айтылды. Аудан әкімі өз сөзінде кәсіпкерлікті дамыту мен инвестиция тартудың аудан экономикасы үшін маңызы зор екенін атап өтті. Әкімдік тарапынан кәсіпкерлердің бастамаларына барынша қолдау көрсетілетінін, жобаларды жүзеге асыру барысында туындайтын мәселелерді шешуге тиісті бөлімдер тарапынан ықпал жасалатынын жеткізді.
«Инвестиция тарту – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Кәсіпкерлердің әрбір бастамасы біз үшін маңызды. Жобаларды жүзеге асыру барысында туындайтын мәселелерді уақтылы шешіп, инвесторларға қажетті қолдауды көрсету – біздің басты міндетіміз. Әкімдік тарапынан кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі. Барлық жауапты сала басшылары инвестициялық жобалардың жүзеге асуына қажетті жағдай жасауға атсалысуы тиіс», – деді аудан әкімі.
Инвестиция тарту арқылы жаңа өндіріс орындарын ашу, жаңа жұмыс орындарын құру, жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыру әне аудан экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ету көзделіп отыр.
