Uncategorized

Пәтер сыйлады

Жеңіс мерекесі күні шымкенттік Төлепберген Мұраталы мен Нина Егоровна Мосунова ерекше сыйлыққа ие болды. Ардагерлерді қала әкімі Ғ.Сыздықбеков ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан алғыс хат табыстап, салтанатты жағдайда пәтер кілттерін тапсырды.

Мұнан соң Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Жеңістің 79 жылдығына орай «Даңқ» мемориалына гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.

Қала басшысы ардагерлермен және тыл еңбеккерлерімен бірге Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тікелей ұсынысымен биыл Жеңістің 79 жылдығына орай ҰОС ардагерлеріне көрсетілетін көмек көлемі 1 329 120 теңгеден 2 000 000 теңгеге дейін көтерілді. Сондай-ақ ҰОС ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға 166 140 теңге төленді. Бұған дейін олар 132 мың теңге алған. Тыл еңбеккерлеріне де материалдық көмек көрсетілді. Өткен жылы оларға 41 400 теңге төленсе, биыл бұл сома 55 380 теңгеге артты.

Мереке қарсаңында қала басшысының қатысуымен өткен қалалық мәслихаттың кезектен тыс он алтыншы сессиясында осындай бірқатар маңызды шешімдер қабылданған болатын. Сонымен бірге мерекеде қаладағы 1872 тыл еңбеккері ақшалай төлем алды.

Ал 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаға қатысушылар арасынан саяси қуғын-сүргін құрбандарына тиесілі біржолғы әлеуметтік төлем өсетін болды. Биыл олар 239 980 теңге (65 АЕК) алады. Сондай-ақ 29 тамыз Семей ядролық сынақ полигоны жабылған күнге байланысты ядролық сынақтар салдарынан мүгедек болып қалған және ядролық сынақтарға тікелей қатысқан тұлғаларға 45 АЕК көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бұрын бұл төлемнің мөлшері 36 АЕК болатын. Сонымен қатар, биылдан бастап қозғалу қиындығы бар I топтағы мүгедектердің жеке көмекшілерінің санаториялық-курорттық емделуіне 147 680 теңге (40 АЕК) көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді. Бұл қаражат жеке көмекшінің санаториялық-курорттық ұйымда болу құнын өтеу үшін жылына бір рет төленеді. Ал пробация қызметінің есебінде тұрғандарға 36 920 теңге (10 АЕК) аударылады.

Бұл орайда қала әкімі Ғабит Сыздықбеков халық тұрмысын жақсартуға бағытталып отырған маңызды шешімдерге қолдау білдірген мәслихат депутаттарына алғыс білдіріп, алдағы уақытта да мегаполисті дамытуда бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *