Мәселе

Қарабұлақтың балалары қашанғы тозған мектепте оқиды?

Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылдық округінде №104-ші мектеп бар. Онда 400-500 бала білім алады. Қарабұлақ халқы тығыз орналасқан, ауылшаруашылық саласы жақсы дамыған округ болғанымен, мұндағы біз айтып отырған білім ұясы ғимаратының тозығы жеткен. Оның бір бөлігі қам кірпішпен өрілген болса, екінші бөлігі шлакоблокпен тұрғызылған. Кезінде асар әдісімен салынған. Материалдық-техникалық база жұтаң. Жабық жағдайдағы спорт зал, мәдени іс-шаралар өткізетін думан зал жоқ. Биылғы қыстың ерте басталып, қары қалың болғанын ескерсек, оқушылар дене шынықтыру сабағын қалай өткізіп жатқанын аңғару қиын емес. Оқушылар күз-көктемде спорт алаңшасы жаңбырдан лайға айналып, қыста ақ қар басып жатқандықтан, көп сабақтар өтпей қалғанын жасырмайды. Үйірме жұмыстарының да тұрақты өткізілетініне күмәніміз бар.  

Оқушылар үшін ең қажет жайдың бірі – асхана. Талапқа сай болмағандықтан СЭС пен ТЖ қызметкерлері жыл сайын қомақты айыппұл салып, тегін ыстық тамақпен қамтылуы тиіс 200-ге жуық бала әбігерге түсуде. Олар қай жерден тамақтанып жүр деген сауал басы ашық күйінде қалып тұр. Осы қиындықтардың барлығын еңсеру үшін үкіметтен жаңа мектептің салынуын сұрап жүрген ата-аналар мен балалардың өтініші әл-әзірге назарға алынар емес. Негізгі сылтау – мектеп салатын жер телімінің жоқтығы.  

Ауыл тұрғындарынан жер телімі жайында сұрағанымызда, ауылдың сәл шеткерек тұсында бос жер бар екенін білдік. Бірақ, ол балалардың қатынауына қолайсыз. Дегенмен, жергілікті бір тұрғын оны ауыл ішіндегі өз жер теліміне ауыстыруға әзір екен. Тек аудан басшылары құлық танытып, көңіл бөлуі қажет. Мәселесі шаш етектен мұндай мектептің тізгінін ұстап, басшылық жасауға көпшіліктің көңіл ауаны соқпағандықтан, үш жылдай уақыт мектеп директорсыз бала оқытқан. Бұл білім сапасына кері әсер ететін жағдай екені түсінікті. Мәселеге бей-жай қарай алмай, өткен жылдың күз мезгілінде облыс әкімі Дархан Сатыбалдыны осы жайттан хабардар еткен болатынбыз. Ескертуіміз ескерілді ме, әлде басқа жағдай себеп болды ма, әйтеуір көп ұзамай мектепке директор болып Лола Абдиганиева тағайындалды.

Мектептегі мәселелерді қалай шешпек ниетте екенін сұрап білу үшін жаңа басшыны мектепке бір емес, екі рет іздеп барғанымызбен, бетпе-бет кездесе алмадық. Жиналысқа кеткен екен. Мектепте балалардың алаңсыз білім алуына көп жағдай кедергі келтіріп, абыр-сабыр болып жүргенде қандай бітпейтін жиналыс екенін түсінбедік. Сонда директорлар жұмыс істейді ма, әлде жиналыстан қолдары босамай ма? Бұл мектепте сабақтардың толыққанды өтуіне сынып бөлмелері жетіспейді. Осы мәселені қалай шешуге болады? Бәлкім, директордың жиналыстан қолы босамай жүрген болса, онда бұл сауалға аудандық білім бөлімінің жаңа басшысы Бауыржан Ахметов нақты жауап берер деген ойдамыз.  

Дәл қазір Түркістан облысының білім саласында түрлі қауесет өрттей қаулап тұр. Мұның барлығы тәртіптің босаңсып, жауапкершіліктің жоғалғандығынан болса керек. Қарабұлақтық 500 баланың обалына қалмауды ойласақ, оқушылардың заманауи ғимаратта оқуына жағдай жасау қажет. Мектеп директоры мен аудандық білім бөлімі басшысының негізгі міндеті осы және осыған ұқсас олқылықтардың орнын толтыру емес пе?  

Ұ.ТӘМЕНОВ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *