Мәселе

Білім саласындағы «дерт» асқынып барады


Соңғы кездері Түркістан облысының білім саласына қатысты сын көп айтылып кетті. Кей аудандарда бірқатар білім ошақтары 1 қыркүйекке оқушы қабылдауға дайын емес деген күдік бар. Сарыағаш ауданында тұрғындармен кездескенде облыс басшысы Дархан Сатыбалды мердігерге: «1 қыркүйекте балалардың қайда баруы керектігін ойладыңыз ба? Өтірік уәдені қойыңыз. Көтере алмайтын шоқпарды белге байлаудың қажеті жоқ. Бір апта мерзім беріледі», – деп қатаң тапсырма бергеніне көпшілік куә болған-ды.

Бейресми мәліметке сенсек, алғашқы қоңырау қарсаңында облыста 200-ден аса білім ордасы басшысыз отырғанға ұқсайды. Соңғы екі апта көлемінде Жетісай, Шардара, Қазығұрт аудандарын аралағанымызда бір жарым, екі жылдан бері директорсыз «көшке ілескен» мектептердің бар екенін біліп, таңқалдық. Білім басқармасы тарапынан конкурс ұйымдастырылғанымен, оған үміттеніп барған білікті мамандар өте алмай, пұшайман күй кешіп қайтады екен. Білімі мен тәжірибесіне сенген талай үміткерлер әрбір әрекетінің нәтижесіз боларына көз жеткізіп, мектеп басқарудан күдерлерін үзеді екен.

Өткен аптаның бейсенбісі күні Сайрам ауданына іссапарлап қайттық. Аталған аудандағы №104 мектепте 3 жылдан астам уақыттан бері директор жоқ екен. Сұрастырып білгеніміздей, аталған білім ордасы ғимаратының екі бөлігі 2002 және 2012 жылдары асар жолымен салынған. Оның бірі лай кірпіштен, екіншісі шлакоблоктан тұрғызылған. Мектепте асхана, спорт зал, акт залы деген атымен жоқ. Жақын қалған жаңа оқу жылында 197 бала тегін ыстық тамақпен қамтылуы тиіс болғанымен, оған жағдай жасалмаған. Талапқа сай болмағандықтан санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасы, төтенше жағдай, тероризмге қарсы бөлім мамандары тарапынан жыл сайын айыппұл салына беретін мектепке кімнің басшы болып барғысы келеді дейсіз? Тізгінді қолына алып, мектеп жайын реттегісі келген үміткерді арнайы комиссия мүшелері конкурстан өткізбейді. Кей жағдайда үміткер табылмағандықтан конкурс өтпей қалады. Шыдамның да шегі бар, бұған наразы болған жергілікті тұрғындар «директордың міндетін уақытша атқарушыдан не талап етерімізді білмейміз, ол «мен уақытша адаммын» деп құтылады. Балалардан обал, сауаты төмендеп барады», – деп шағымданады. Сондай ата-ананың бірі Әлихан Смайлов: «№104 мектепте балаларым да, немерелерім де оқиды. Асар жолымен салынған мектеп болғандықтан ғимарат талапқа сай емес. Бізге заманауи мектеп қажет. Әкімнің әр есебінде мектеп салып бер деп сұраймыз, бірақ оған лайықты жер телімі жоқ. Осындай мәселемен директор айналысу керек қой, ал бізде төрт жылға жуықтады мектеп басшысыз отыр. Шыны керек, қазір біз директор өз ауылымыздың жанашыр адамы болсын деп сұрамаймыз, кім болса да іскер, білікті адам болса екен. 1 қыркүйекте мектепке директор тағайындалсын деп талап етеміз», — дейді амалы құрыған ауыл тұрғыны.

Бірақ Сайрам ауданының шалғай ауыл тұрғындарының бұл талабын ешкім орындағысы жоқ. Осы мәселеден Түркістан облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Әлібек Кенжебаевты құлағдар еткенімізде:«Біз ештеңе істей алмаймыз. Конкурстық комиссия шешеді. Конкурстан өте алмаса, демек біліктілігі сай келмейтін болғаны», – дегеннен басқа ештеңе айтпады. Айтқандай, директор тағайындауға қатысты ел ішінде түрлі әңгімелер айтылады. Олардың уәжіне құлақ түрсек, «біліктілігі сай келмей, конкурстан өте алмаған» кейбір үміткерлер араға бірнеше апта салып, қайта жарияланған конкурста «асығы алшысынан» тұрады екен. Мұның астарында қандай сыр бар? Ал, шалғайдағы, шешілмеген мәселесі шаш етектен келетін мектепке ешкім басшы болып барғысы келмейді. Бір емес, бірнеше рет конкурс арқылы директор қабылданбаған мектепке директорды бәлкім, білім бөлімінің бұйрығымен тағайындаған дұрыс болар деген ой келеді. Ондай жағдайда директор тағайындау құқын облыстан алып, аудандық білім бөлімінің құзырына берген дұрыс болады. Әрине, ол үшін заңнамаға өзгеріс енгізу керек.

Соңғы кездері бүкіл ұжымның, ата-аналардың қарсы болғанына қарамастан облыстағы комиссияның бес мүшесінің қолдауына ие болған адамның білім ордасына басшы болып келетіні туралы жиі айтылатын болды. Бұл олқылыққа тоқтам салу үшін директорға таңдау жасайтын комиссияны ауданнан жасақтау қажет. Жалпы алғанда, жергілікті білім саласының тізгінін қайтадан аудан құзырына қайтармаса, бұл сала құрдымға кетіп барады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының Қазығұрт ауданындағы тұрғындармен болған кездесуінде біз осы мәселені көтердік. Дархан Амангелдіұлы біздің ұсынысымызға орай: «Уақыт керек, бәрін де істеп береміз. Білім бөлімдерін ауданға қайтару керектігі жөнінде айтып та жүрмін. Бүгінде әрбір директорды атамағанда мұғалімнің өзі өзінше дербес саясаткер болып кеткен. Олар Президенттің жергілікті жердегі өкілі — аудан әкімін тыңдамайды. Ауданға бағынбайды. Әрине, білім саласына бір қожайын керек. Мұндай келеңсіз жайттардың орын алып жатқаны бірінші кезекте білім басқармасындағы жұмыстың жүйесіздігінен. Дәлірегі, басқарма басшысы жұмысын игере алмай отыр. Мұның зардабы орасан, бір адамның кесірінен тұтастай облыстың білім саласы ақсайды.

Директорларды тағайындау ісін аудандағы комиссияның құзырына өткізу керектігі жайындағы мәселені зерттеп-зерделейміз. Бұл мәселемен осы салаға жауапты орынбасарым айналысатын болады. Білім, лагерь, балабақшаға қатысты келеңсіз жайттар көп аудандарда кездеседі, оны реттеу кезек күттірмейді», — деп нақты жауабын айтты.

Әрине, балабақша балаларының, мектеп оқушыларының тағдырымен, болашағымен ойнауға болмайды. Мұны барынша ертерек қолға алмаса, ертең кеш болып қалу әбден мүмкін. «Адам мен адамды, халық пен халықты теңестіретін күш – білім» деп Мұхтар Әуезов еріккеннен айтқан жоқ. Қазір бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман. Ал, білім саласының дәл бүгінгідей халі қалайша ой жарыстыратын ұрпақ тәрбиелемек? Мектептен дұрыс білім мен тәлім алмаған оқушының болашағы да күңгірт. Сапалы білім беру үшін жақсы ұжым, жақсы ұжым қалыптастыру үшін мықты директор қажет. Білім саласындағы жүйені жөнге келтірмей, бұл аксиоманы ақиқатқа айналдыру бос әурешілік.   

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *