Спорт

Той жүргізушісі «Қоңыраттар, балуандарыңды шығарыңдар!» деп жар салды

немесе Есімнің қоңыраулы палуанмен күресі жайлы сыр

Арқада, Кіші жүз, тама руы берген үлкен асқа, жиенбет, көшей руынан Нәлібай деген ақсақал біраз ауыл адамдарына аттандырыпты. Сол кезде 16 жасар Есім палуан, ауыл адамдарынан кешігіп жалғыз аттанады. Жолда аттың ер-тоқымын жастанып түнепті. Түсіне атасы Шынқожа кіріп: «Балам, бұл жолға бекер шықтың ғой», – деп, басынан көк теріні алып лақтырып жіберіп: «Енді бара бер, балам», – депті.

Аста бәйге аттарын жіберіп болған соң, күрес басталған. Ортада мойнына қоңырау таққан, алып денелі палуан отыр екен. Той жүргізушісі «Қоңыраттар, балуандарыңды шығарыңдар!» деп жар салыпты. Нәлібай қария Есім палуанды күреске шақыртады. Есім палуан ортаға шығып, дәу палуанмен ұстаса кеткенде, қоңыраулы палуан Есімнің ұятты жерінен ұстап алып, жібермей қояды.

Есім амалсыздан қарсыласының ыштан бауын үзіп, дамбалын сыпырып жіберіпті. Дәу палуан отыра қалыпты, дау басталады: «Ел алдында абыройын төгейін дедің бе?» десе, екінші жақтан «Тарттырып жіберейін дедіңдер ме?» деген сөздер естілген. Екеуін қайта күрестіреді. Есім атамыз қоңыраулы палуанды шапшаңдықпен көтеріп, жерге тастап жібергенде, палуан орнынан тұра алмай қалыпты.

Есім атамызды киізге орап, жұрт көзінен жылдам алып шығып кетіпті. Күрестен кейін бәйгеге тігілген көк биені жетектеп шығып келе жатқанда, бие сол жерде құлап өліпті. Түсінде Шынқожа атамыздың көк теріні лақтырып жібергені сол екен. Ел-жұрттың көзі көк биеге тиген екен.

Есім палуан колхоз бастығы болып тұрған кезінде егін егу науқаны басталғанда, ауыл адамдары тегістеу жерге арық тартады. Арық қазып келе жатқан жолдан үлкен тас шығыпты. Тастың үстіңгі жағынан жүргізейін десе, ақпа болып, астынан жүргізейін десе, керме болып, тасты алуға тура келіпті. 5-6 кісі тастың айналасын қазып, ала алмай жатқанда, Есім палуан атпен келіп қалыпты.

«Қане, былай тұрыңдар, мен көрейін» деп, талтайып тұрып, тасты құшақтап алып, көтеріп алып, бір шетке қойған екен. Кейін сол тасты ауыл ақсақалдары Есім палуанның баласы Шайзаққа көрсетіп: «Шайзақ, сол әкең көтерген тасты есігіңнің алдына әкеліп қойсаң, немерелеріне, ұрпақтарына естелік болып тұрады», – деп ескертеді. Содан соң, Шайзақ ағамыз тасты машинамен әкеп, таразға салғанда 553 кг шыққан екен. Эксковатормен машинаға салып жатқанда және түсіру кезінде тастың шеттері сынған екен.

Суретте: Есім палуан көтерген сол баяғы тас
Мақсат Қарғабай

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *