Біз «полиция халықты қорғайды» деп ойлаймыз. Негізі солай болу керек. Өкінішке қарай, кей жағдайда біз ойлағандай бола бермейтіні бар. Жуырда еш қаперсіз үйде отырғанмын. Жеке көлігімен жолаушы тасымалдайтын інім тез келуімді өтініп, тұрған жерін айтты. Барсам үш полиция қызметкерінің ортасында тұр. Сұрастырдым. Полиция қызметкерлері ініме қатысты «Тромадол» сатады деген ақпарат түскендіктен, анықтау үшін Түркістаннан келгендерін айтты. Құжаттарын сұрадым. Келес аудандық полиция бөлімінен тергеуші келді. Бұл аралықта мен де блогер інімді шақыртып, камерасымен дайындап үлгердім. Полицейлердің қасында куәгерлері бар екен. Біз оларды мойындамай, сол жерден басқа бейтарап куәгер қостық. Сол жерде блогер інім «өздерің бірнәрсе тастап жіберулерің мүмкін» деп, полиция қызметкерлерінің қолдарын қарап шықты. Содан олардың әрбір қимылын камераға түсіріп, машинаның ішін тексерттік. Ештеңе таппады. Тергеуші тінту барысында інімнің өзінен де, көлігінен де ештеңе табылмағандығы жөнінде қорытынды беретін болды. Мен тергеушіге: «Қорытындыны қазір дайындап бер, ертең облыстық прокуратураға мыналардың үстінен шағым түсіремін» дегенді айтып едім, соған дейін қоразға ұқсап қоқиланып тұрған әлгі полицейлердің тез арада жүні жығылып, жалына бастады. «Түсірілімді өшіріңізші, бәрі осы жерде қалсын» деген өтініш білдірді. Біздің ұсынысымызды қабыл алып, жалған ақпарат берген адамды айтып берді. Ол ініммен бірге такси жүргізушісі болып жүрген Алмат есімді жігіт екен. Бұған дейін ол кімдерді сатқанын да айтты. Оларды жіберіп інімнің «питагына» барсақ Алмат тұр. Бәрін жинап, Алматтан сақтанып жүрулері керектігін, бұған дейін екі-үш адамға опасыздық жасағанын айттық. Оның өзіне: «Мұның не, қасыңдағыларды сатқаның, егер бұл ұсталып кеткенде не болар еді?» – дедік.
Ол басқа амалы қалмағанын, өзінің бұған дейін оларға ұсталғандықтан енді 5 адам тауып беру керектігін, әйтпесе өзін тыныш қоймайтынын, інімді айтқан себебі онда «тромадол» болмайтынын анық білгеннен кейін мәжбүрліктен жасағанын айтып жыларман болды.
Полиция қызметкерлері бір адамды ұстаса оның бостандықта жүруі үшін бес адамды ұстап беру туралы талап қоятынын естігенде өз құлағыма өзім сенбедім. Сонда бұлар қылмыскерді жазалағаннан оған басқа адамдарды тауып беріп, өзің жөніңе жүре бер дейді дегенді бұрын естігенде сенбеуші едім, мынаны естігенде жағамды ұстадым.
Оқиға болған жерге ағам да келді. Ол полицейлерге «Сендерге тромадол сататынды ұстау керек болса жүріңдер, мен үйіне ертіп барайын», – деп айтты. Бірақ олар әр сылтауды бір айтып барғысы келмеді. Сөздерінде де нақтылық жоқ. Соған қарағанда арнайы тапсырмамен келгендер емес, оңай ақша табудың амалын қарастырып жүрген тәжірибесіз біреулер ма деген ойда қалдық.
Мен бұл арқылы полицияның барлығы мұндай деп айта алмаймын, бірақ арасында жоқ жерден ақша жасағасы келетін пысықай, жемқорлыққа бейімдердің бар екенін жоққа шығаруға болмайтынын айтқым келеді. Форма кигеннің бәрін адал полиция қызметкері, құқымды қорғайды деп ойлай беру дұрыс емес. Олардың арасында да қой терісін жамылып жүрген қасқырлардың болуы бек мүмкін. Әйтпесе, Келесте «тромадол» сатқандарды табу, ұстау қиын емес. Әлгіндей полицейлерге олардың ұсталғанынан, жекелеп сатқандарды ұстаған тиімді секілді. Ал бұл жараны кесіп алып тастағаннан, оның бетін матамен жауып қоя берумен тең болса керек.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол кезде біз барып үлгермесек, ініме қолдан қылмыстық іс ұйымдастыра салуы да мүмкін ғой. Көліктің бір қуысынан «тромадолдың» бір таблеткасы «шықса» болды, қазіргі талап бойынша қылмыстық іс қозғап, інімнің сау басын сарсаңға салуға жетіп жатыр екен.
Байқап жүріңдер бауырлар, қасыңдағалардың бәрі дос еместігін естен шығармаған абзал.
Жеңісбек Қиянтаев.