Шымкентте сатирик, қоғам қайраткері, қарымды қаламгер Көпен Әмірбектің 75 жылдығына арналған республикалық «Шымкент думан» әзіл-сықақ фестивалі екі күнге жалғасты. Бірінші күні Шымкент сатира театрында шымылдығы түрілген доданың қорытындысы екінші күні «Tulip Hall» концерттік залында гала-концертке ұласты.

Сатира сардарын еске алуға арналған дүбірлі байқау 1 сәуір — Халықаралық күлкі күніне орайластырылды. Шымкент қаласының әкімдігінің қолдауымен қолға алынған шараны Мәдениет басқармасы ұйымдастырды. Сатира жанрын дамыту мен әзілкеш әртістердің шеберлігін дамытуды мақсат тұтқан фестивальге еліміздің бірнеше өңірінен өнерпаздар келіп қатысты. Оларға өнер майталмандары Бауыржан Ибрагимов, Мұхтар Шерім, Берік Тұрсынбеков, Жұлдызай Дүйсенбиева бастаған тарландар қазылық етті.

Үміткерлер алдымен еркін тақырыптағы монологтар мен интермедиялар орындаса, екінші турда Көпен Әмірбектің шығармалары бойынша өнерін ортаға салды. Сатира жанрында мол мұра қалдырған қаламгердің өткір тілмен елді күлдіргені де, ойландырғаны да ел есінде. Ендігі жерде сол әзілдерді халық санасынан өшірмей, жаңғыртып отыру қажет.
– Алғаш өткізіп отырған әзіл фестивалінің Шымкентте өтуі заңдылық. Олай дейтініміз, Шымкент өңірі әзілдің ордасы сияқты. Жалғыз сатира театры да Шымкентте. Ағам күлкіні өнер деп бағалап, оны ұлттың рухани азығы деп санады. Оның әрбір шығармасы қоғамдағы түйткілдерді әзілмен астарлап жеткізіп, халықты ойландыруға бағытталған. Көпен бір әулеттің ғана емес, мұқым қазақтың Көпені болған азамат. «Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер, күлкі болу – өлім» деген қазақ үшін бүгінгі жиынның маңызы зор, – деді Көпен ағаның інісі, белгілі журналист Ерсұлтан Әмірбек.
Фестивальге қатысушыларды марапаттау екінші күні «Tulip Hall» концерттік залында өтті.

Қазылар алқасының шешімімен «Көрермен көзайымы» номинациясы – «Күлкі терапиясы» халықтық әзіл-сықақ театрына, Келес ауданы, Түркістан облысы (200 мың теңге), Көпен Әмірбек атындағы арнайы жүлде – Құдыс Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры (300 мың теңге) берілді.
Ал, III орынды Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан облыстық сазды-драма театры және Шығыс Қазақстан облысының «Керемет» әзіл-сықақ театрының әртісі Ерік Тоқтаубаев (300 мың теңге жүлде қоры), II орынды «Тарту» халықтық әзіл-сықақ театры, Түркістан қаласы (500 мың теңге), I орынды Құдыс Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры (700 мың теңге) иеленді.
Бас жүлде – Қызылорда облысының «Күлкістан» әзіл-сықақ театрына (1 000 000 теңге) табыс етілді.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінен кейін фестиваль мерекелік концертке ұласты. Кеш барысында қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Әбдіжаппар Әлқожа, Мұхтар Ханзада өнер көрсетіп, белгілі әзілкештер Қайрат Әділгерей, Қанат Әлжаппаров, Асқар Көмекбаев, «Шаншар» мен «Шымкент шоу» театрлары және “Миллион” командасы көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.