Uncategorized

Махаббаты ерек, мақамы бөлек…

Мархабат Байғұт атында зал ашылды

Түркістанда, «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында Көзі тірісінде-ақ классик жазушы атанған, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Түркістан облысының Құрметті азаматы, «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері Мархабат Байғұтқа арналған зал ашылды.

Мақамы майдақоңыр қаламгердің махаббаты – кітапхана, кітапханашылар болғаны рас. Бәрінен кітап құшақтаған қызды артық көрген, парасаттылықтың бастауы кітапқұмарлықта жатқанын өскелең жасқа үнемі өсиет етіп өткен көркемсөздің көсеміне деген ілтипат пен құрметтің кітапханадан бастау алуы да осыдан.

Бір апта бұрын ғана Түркі дүниесінің түпқазығы –Түркістаныңызда руханиятты түгендеп, әдебиетті әспеттеп, мәдени іс шаралардың да мәнін келтіре ұйымдастырып жүрген «Фараб» кітпаханаңызда қазақтың салт-санасы мен ұлттық өнерін, ою-өрнегін, этнографиясын түгендеген, бүгінгі ұрпаққа мәдениеттің мәнісін ұғындыра талай кітап жазып қалдырған, қазақ мәдениетінің майталманы, мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековке арналып атшаптырым зал ашылған екен. Енді міне әр ісінде мағына бар кітапхана ұжымы әдебиетте өз табиғатындай жасандылықтан ада, ақтолғап, көшелі көркем туындылар қалдырған Мархабат Байғұттай қаламгеріне арнап дәл сондай кең залды ашып отыр. Руханияттың екі тармағының тарланына арналған қос залдың маңдайшасына ілінген фотолары бір-біріне жылы жимыспен қарап отыруы да жарасымды, ұтымды ойластырылған іс. Қос тұлға бір-бірінен айырып алмас қос өнерді көтеріп, кейінгілерге әлі де аманаттап тұр. Шығармаларымен, өнегелі өмір іздерімен.

Кітапхананың сән-салтанаты келіскен фойэсінде көпшілікті Мархабат Байғұттың өмірінен сыр шертер фотокөрмемен қатар шығармаларының өзегі болған, тақырыбына айналған «Бір дорба диплом», иісі жұпар жусаны мен киікотыны, жалбызы мен патефоны, талай туындысына түрткі болған жазбалары мәнерлене жазылған қойынкітапшалары қарсы алды. Әсері мол осы бір әдемілікті әспеттей, әріптей білген кітапхана ұжымына келгендер риза болды.

Орайы келгенде айта кету керек, осынау  игі істің басы-қасында облыстық мәслихат депутаты, қаламгердің рухани інісіне айналған, шәкіріттерінің бірі Ғалымжан Елшібайдай жанашырдың жүруі де тектен-тек емес. Облысты Асқар Мырзахметов басқарған тұста бастау алған елді ынытмаққа, бірлікке шақырған, ауыл арасындағы алауыздықты дер кезінде шешіп, көше бойындағы кемшілікті жұрт болып жұмыла жақсартуға, елді үлгілі іске ұйыстыра білуге ықпал еткен «Ырыс алды–ынтымақ» атты қоғамдық форумының жетекшісі Мархабат Байғұт еді. Алқалы жиынның тізгіншісі ғана емес, жамағатты жақсы ниетке шақырушы, санаға ізгілік дәнін себуші де бола білген қаламгердің толғағы тоқсан тарау кей тақырыптардың түйінін тарқатыудағы тапқырлығы, орынды қалжын-қағытпалары да елдің есінде. Міне, осының бәрі де тәлімді тәрбие, ұғынғанға ұлағатты өнеге болатын. Бүгінгі таңда өңірімізде руханият, елдің бірлігі турасындағы іс-шараларды ұйымдастыру тізгінін жиі алатын Ғалымжан Елшібайдан осындай ілкімділікті аңғарамыз.

–Келер жылы Мархабат ағамыздың мерейтойына орай, өзі негізін қалап кеткен өнегелі істің бірі, үш жылда бір өтетін «Таупістелі-тағлымы» жобасының өту кезегі. Әр жолғы шараға өзі тақырыбын әспеттеп қойып отырушы еді. Келер жылғыға «Түркінің текті қыздары» тақырыбы арқау болмақ. Осы істі лайықты өткізу бізге сын. Болымды тірліктің басынан табылуға облыс басшылығы да атсалысатыны кәдік,-деген Ғалымжан Елшібай болашақтың тағлымды тірлігінен, жарасымды жобасынан жұртшылықты хабардар етті. Мағыналы істің мазмұнын тереңдетуге үлестерін қосудан аянып қалмасын облыстың мәдениетіне жауапты Әзімхан Қойлыбаев та аңғартып, салаға жауапты басшыларға арнайы жоба әзірлеп ұсыну үшін, қойындәптеріне түртіп алып жатты.

Кеше «Фарабтағы» залдың лентасы салтанатты түрде қиылған соң ел дөңгелек үстел басында марқасқа Мархабаты туралы естеліктер айтты. Әсіресе, жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевқа қарата базына айтып, «өңір басшысына ұсынысымызды жеткізгейсің» деп сөз бастаған облыстық ардагерлер алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов атамыз «Мархабаттың мол мұрасы туралы насихат тоқтамауы керек. Оның елдің өркендеуі мен дамуына қарымды қаламымен қосқан орасан зор еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Әбіш Кекілбай, Шерхан Мұртазадай әдебиеттің алыптары өзімен тең көрген, талантын мойындаған арда азаматымызды ардақтауда аянып қалмайық. Өңірде жаңадан салынып жатқан мектеп көп. Сол мектептердің іргелісіне Мархабат Байғұт есімін беріп, ол басатп кеткен «Ырыс алды –ынтымақ» қоғамдық форумын жалғастыру қажет. Бұл Мархабат мұрасына деген құрметіміз, адалдығымыз болмақ» деп шегелеуі жиналған көпшіліктің көкейіндегісін дөп басқандай болды.

«Өмірбаяндық қана емес, жастарға өнегелік өсиет сөзін өрнектеп кеткен «Ақтолғай» эсселер жинағының жазылуына кезінде облыстық басылымды басқарған Бейсенбай Дәулетұлы баламыздың түрткі болғаны белгілі. Бүгінгі мына игілікті істің де басы-қасында өзің жүргеніңе ризамын» деген жампоз жазушының жары Қыздаргүл Пернебайқызы қаламгердің сол кітабын зор құрметпен облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевқа тарту етті.
Дәл осындай құрметпен жазушының жары Мархабат ағамыздың соңғы жылдары жазған дүниелерінің бірі «Түркілер төрі –Түркістан» кітабын Жарылқасын Әзіретбергеновке, «Фараб» кітапханасының директоры Жанат Шардарбековаға сыйлады.

Өз шығармаларында адамның ішкі дүниесіне көбірек үңіліп, психологиялық иірімдері арқылы қоғамның дертін ділмен дегдарлай білген қаламгердің біршама уақыты мемлекеттік қызметте өткені де белгілі. Мемлекетшіл, ұлттың құндылығын бәрінен биік қоятын жастар тәрбиесін ол облыстық әкімдікке қарасты түрлі басқармаларды басқарған кезде де жанына серік еткендей. Сол ісін бүгінде Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы, мемлекетшіл Мархабат Байғұттың шәкірті Бахадыр Нарымбетов өз естелігінде ұстазының әсіресе мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерудегі жанкешті еңбегін, іс-қағаздарын сауатты жазудағы машығын, отаншылдық жалаң ұранмен емес, әрбір қарапайым іспен өрнектелуі тиіс іс екенін ұғындырған сәттерін көпшлікке айтып берді.

Көзі тірісінде қалын оқырманының құрмет қошеметіне молынан бөленген қаламгердің өзі өмірден өтсе де шығармаларын іздеушілер күн санап артуы жазушының бағы, бақыты. «Мархабат бақытты жазушы. Әңгімелерін әлем оқуда. Өзі әлем кластиктерін аударса, бүгінде өзінің де шығармалары әлемнің бірнеше тіліне аударылып ағылшын, өзбек, түрік тілдерінде оқып жатқандар» деді қаламдас әріптестері, белгілі жазушылар Захардин Қыстаубаев, Есқара Тоқтасынұлы.

«Қасында жүрсең үлкен орталарда көтермелеп, өзгелерге мәртебемізді биіктете таныстырып, абыройымызды арттыра айтып жүретін ағамыздың өзінен кейінгілерге деген қамқорлығы көп еді. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің төл жобасы «Батырлар жыры» байқауын өткізу идеясын алдымен ағама айтып ақылдасып едім. Балаша қуанып, арқамнан қағып, сол байқауды өткізгенше дему болғаны әлі есте. Алғашқы байқауда өңірдің абызы болған Әбдіхам Шілтерханов ағамыздың ақеділ батасын көрермен толы залда тік тұрып, алақанын жайып, зор ықыласпен қабыл алған жалғыз адам – Мархабат Байғұт ағамыз. Ағаға деген ілтипат, бата-өсиетке деген құрмет, өнерге деген ізет осындай-ақ болар?!» деді «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажан.

Шара барысында «Фараб» кітапханасының ұжымына Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтың арнайы алғыс хаты табысталды.

«Келер жылы ағамыздың 80 жылдық мерейтойы. Облыстық мәдениет басқармасы Түркістанның төрінде Мархабат Байғұттың драматургиясына да көңіл бөліп, шығармаларының театр сахнасынан орын алуына мүдделі болса» деді белгілі драматург-жазушы Сая Қасымбек.

«Кезінде Президенттің құлағына кітапханашылардың мүшкіл хәлін алғаш жеткізген, кітапханаға мән берілу керектігін, кітапханашының мәртебесін айшықтауды ұсынған – Мархаббат ағамыз еді. Бүгінде сол ұсыныстың там-тұмдап болса да жемісін сезіне бастадық» дейді кітапханашы Шәрбану Дінәсілова апайымыз.

Қаламгердің қызы Ақлима Байғұт «Қиындығы мол, ауыртпалығы бір адамның бойынан жетіп артылатын өмір жолында әкемнің әдебиетке деген махаббаты бір сәтке де азайған емес. Әскердегі қиындығын ұмыту, сейілтудің амалын ол елге орала салысымен кітапханадан тапты. Өмірлік жарын да сол кітапханадан, кітапханашыдан тапты. Міне сол өмірлік өрнек үзілмей әдемі өріліп жалғасын тауып, өзі сүйген кітапханасынан арнайы зал ашылып отырғанына қуаныштымыз» деді.
«Менің рухани әкеммен арамызда сыр да, жыр да, аңызға бергісіз неше түрлі қызықтар да көп. Құдай қаласа, мен оның бәрін жиып-теріп, бөлек жазамын. Жазып та жүрмін» деп толғанды белгілі ақын Бақытжан Алдияр.

Шара барысында «Менің Мархабатым еді…» деп естелік айтқандар көп. Бәрі де оқырманына мәшһүр майталман, майда қоңыр өмірі өнегелі, әдебиетте мәртебесі биік, махаббаттағы мақамы бөлек, жазушылықтағы жампоздығы жамағатына ерекше із қалдырған өз Мархабатына деген сағынышынан сыр шертті… Жазушының шынайы бақыты деген осы емес пе?!


Жәмила Мамырәлі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *