Мәселе

Су министрі өткізген Жетісайдағы жиыннан шу шықты

Оңтүстікке көктем ерте келеді, ал көктемнің әр күні – жылға азық. Осыны ой елегінен өткізсе керек, жоғарыдағылар жылы жаққа ертерек ат басын бұрыпты. Дәлірек айтсақ, кешегі аптада Жетісай ауданына Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов келіп, шаруалармен кездесті.

Ресми мәліметте министрдің шаруалармен кездескені айтылғанымен, жергілікті дихандар мұны жоққа шығарғысы келеді. Не себепті? Енді соған тоқталайық.

Министрдің шаруалармен емес, басқа саланың адамдарымен кездескенін кездейсоқ біреу емес, Түркістан облыстық диханшылар мен мақташылар одағының төрағасы Төрехан Нұрлыбековтың өзі айтып жүр. Тіпті, бейнеүндеу де жариялады. «Ассалаумағалейкум, құрметті Президент әкімшілігінің, Үкімет аппараты! Біздің аптап ыстық өңір үшін жаздың күндері ағын су өте қажет. Облыстық диханшылар мен мақташылар одағының құрамында 32 мың мақташы, жалпы Түркістан облысында 80 мың дихан ағын судың арқасында егісін өсіріп, нәпақасын тауып, күнін көріп отыр. Ауданымызға Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мырза келгенін есітіп, көкейдегі сауалымызды қойғымыз келген-ді. Алайда, әкімдік қызметкерлері есікті іштен жауып алып, бізді – дихандарды ішке кіргізбей тұр. Мұны Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен жиынға арнайы келген Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының білмей қалуы мүмкін емес. Сонда Су ресурстары министрі өткізген жиынға осы салаға тікелей қатысы бар шаруалар кірмегенде кім кіреді?».

Біз осы сауалдың жауабын Төрехан Нұрлыбековтың өзінен сұрадық. «Жиынға қатысқандардың көпшілігі ауылшаруашылығы саласына қатысы жоқ адамдар. Алдын ала дихандарға ерте келіңдер деп ескерткеніміз дұрыс болыпты, жиынға өкілдеріміз кіріп үлгерді. Бейнеүндеу жасаған соң ғана мені кіргізуге мәжбүр болды. Мүмкіндікті пайдаланып, министрге ұсыныстарымызды айттық, сұрақтарымызды қойдық», – деді одақ төрағасы.

Біздің қоғамда ақиқатын айтып, құқын талап еткен адамға қысым көрсетілетін қалыптасты жаман әдет бар емес пе?! Дүйсенбі күні түстен кейін құқын талап еткен Т.Нұрлыбековтың қоғамдық орында тәртіп бұзды деген айыппен он тәулікке қамалғанын естідік. Сұрастырып білгеніміздей, шағым иесі аудан әкімдігіндегі білдей бір жауапты қызметкер екен. Министрдің қатысуымен өтіп жатқан жиынға кіре алмай, амалы таусылған төраға есік алдында тұрып біраз ашуға бой алдырса керек. Осыдан кейін іштен шыққан әкімдіктің бір қызметкері өзгелерін сыртта қалдырып, Т.Нұрлыбековты ішке кіргізгенімен, кейіннен қаматыпты.  

Министр диханның мұң-мұқтажын тыңдап, ортақ мәселені дихандармен талқылап, оңды шешім қабылдауы керек емес пе? Бұл жиынға мұғалімнің немесе дәрігердің қатысып, диханның сырттан сығалауы қаншалықты миға қонымды? Министр жиынға кімдер қатысқанын білмеуі мүмкін, ал жергілікті әкімдік ше?

Болған оқиғаға байланысты Т.Нұрлыбековтың қорғаушысы Сабыржан Ақназаровпен хабарласып көрдік. «Ия он күнге қамалды, — деді ол кісі. — Арызданушы Әлішер Есенбеков кешірім беруден басын алып қашқан жоқ, бірақ судья екі тараптың ымыраға келуін сұрамастан асығыс шешім қабылдап жіберді».

Біз шағым иесі Ә.Есенбековке хабарласқанда ол кісі былай деді: «Мені әкең, шешең деп боқтады деп арызданған жоқпын. Ол кісінің қоғамдық орында дауыс көтеріп, дөрекілік көрсеткенін ғана жаздым. Егер қатесін түсініп кешірім сұраса, мен кешірім беруге де дайын болдым. Бірақ Т.Есенбковтен ондай әрекет байқалмады».

Бұл мәселеге қатысты осы оқиғаға куә болған, есімін атамауымызды сұраған әкімдіктің бір қызметкері де «Төрехан Нұрлыбековтың тарапынан расында да дөрекілік болды. Бұл бірінші рет емес, бұған дейін де болған. Көпшіліктің алдында ауызға келгенді айта беруге болмайды ғой. Ішке кіргіздік, ол жерде тұрып алып та көпшілікті «мына отырғандар қуыршақтар, сатылғандар» деп қаралады. Сонда ол кісіден басқаның бәрі кім болғаны? Сот процесіне мен де қатыстым, қателігін түсініп, кешірім сұрағанда кешірім берілетін еді. Бірақ ол кісі ештеңені мойындамады. Судья түсірілген дәлелдерді көріп, шешім шығарды. Бұл басқаларға да сабақ болуы тиіс», – дегенді айтты.

Әрине, әркім өз әрекеті үшін жауап беруі, жауапкершілікті арқалауы тиіс. Бірақ, билік болсын, басқа да құзырлы органдар болсын қарапайым халықтың ашу-ызасын тудыратын әрекеттерден бойды аулақ ұстаған жөн. Төрағаның «дихандар сыртта қалып, залды ауылшаруашылығына қатысы жоқ мамандармен толтырды» деген уәжі рас болса, бұл көзбояушылықтың айқын көрінісі емес пе? Бұдан кім ұтты, кім ұтылды? Кім ұтқанын білмейміз, бірақ, мұндай сорақы әрекет су тапшылығы қинаған шаруаның шаруасын шешіп бермейтіні анық.

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *