Құқық Мәселе

Ата-ананы алдап жүрген кімдер?

       Аттап бассаңыз алаяққа тап болатын заман келді ме дерсің. Теледидарды қоссаңыз да, газетті ашсаңыз да, әлеуметтік желіге кірсеңіз де алаяқтардың қармағына ілігіп, сан соғып, зар еңіреп жүргендерді кездестіресіз. Соларды көрген сайын алаяқтардың қармағына түспеуге қанша тырысқанымызбен, кейде өзіңіздің де қалай арбалып қалғаныңызды сезбей қаласыз. Олар алдау-арбаудың неше түрлі сценарийін ойлап тауып, оны сәтті жүзеге асыру жолында алдына жан салмайды.

Қылмыстың бұл түріне құрық салуға осы әрекеті үшін темір торға қамалып, сотты болғандардың көптігі де сабақ болмай отыр. Олардың темір тордың арғы жағында отырып, өкініштен өзегі өртеніп, өзгелерді алаяқтықтан аулақ болуға үндеген үндеулері де әсер етер емес. Ендігі жерде өздерінің құрған торына оқушылар, яғни балалары арқылы ата-аналарды түсірулері еріксіз жаға ұстатады. Ата-аналардың әлсіз тұсы – перзенттері екенін, олар үшін ештеңеден аянбайтынын олар жақсы біледі. Сол себепті де ауды осы әлсіз тұстан салуға кіріскен сыңайлы.

«Менің немерем Шымкент қаласындағы №99 мектептің үздік оқушысы, суреті мектеп мақтаныштарының тақтасында ілулі — дейді алданған әже Шарухия Сәденбаева. — Өткен жазда өзін «Жарық жұлдыз» деген республикалық журналдан хабарласып тұрмын деп таныстырған бір қыз баласы немерем жайлы «Қыздарыңыз мектептің үздігі екен, анықтаманы ұстаздары берді. Біздің журнал Қазақстандағы ең үздік 100 оқушыны анықтап жатыр. Сол тізімге сіздердің қыздарыңыз ілінді. Енді 25 мың теңге мен фотосессия жасап, жақсы суреттерін жіберіңіз, түрлі-түсті бетке орналастырылады», – деді. Қайда кетпеген ақша, қазір екі адам болып дәмханаға бір кіріп шықсаңыз 25 мың теңге жұмсап жібересің ғой, одан да немереме мотивация болсын деп, зейнетақымнан аударып жібердім. Суреттерін де салдық. Анасына бір қағаздарға онлайн қол қойғызды. Міне, содан бері арада 8 ай уақыт өтті, жым-жырт. Шынымды айтсам, күнделікті күйкі тірлікпен жүріп, ол жайында ұмытып та кетіппін. Жуырда есіме түсіп, анасынан не болғанын сұрасам, «әлі шыққан жоқ, оны айтасыз енді 15 мың теңгеге медаль алыңыз» деп басымды айналдырып жүр. Мен «бірінші журналдарыңа шығарып алыңдар, кейін көрерміз» дедім. Содан бері телефонын да көтермейді, ватсаптағы жазбаға да жауап бермейді», – деді.

Әлгі қызға мен де хабарластым, телефонын алмайды. Бұл да алаяқтықтың бір түрі ме? Ата-аналарды алдап, балалардың сағын сындырып жүрген бұл кім болды екен? Аздап зерттеу жасап көріп едім, өзі жіберген сілтемеде «Қазақстан бойынша дарынды оқушыларды баспа бетінен көре аласыздар» деп жазып қойыпты. Жарнамасы жарасып-ақ тұр. Соған сеніп, көптеген ата-ана өз баласын дарындылар қатарынан көргісі келіп, келісетінін түсінемін. Ал, олардың көздегені басқа нәрсе сияқты. Мен 25 мың теңге жоғалтқанға кедейленіп қалмаспын. Бәлкім бұл маған сабақ болар. Менен басқа қанша ата-ананы алдап, ақшасын қалтасына басқанын кім білсін? Қарапайым арифметикаға салсақ, мәселен, мың ата-ананы көндірген болса, қалтасында 25 миллион теңге бар дей беріңіз. Бәлкім одан да көп. Енді бұлар газет-журналдардың да атын былғайын деді ма?»

Осыны айтқан Ш.Сәденбаевадан әлгі қыздың телефонын сұрап алдық. Хабарластық. Жауап бермейді. «Жарық жұлдыз» деген журнал бар ма, шығып тұрады ма? Бар болса, бұл басылымның басшысы өз аттарын былғап жүрген адамның кім екенін анықтап, тиісті шара көру керек. Ал егер жоқ болса, онда мұны құқық қорғау органдары іздеп тауып, жауапкершілікке тарту қажет. Әйтпесе, алдағы уақытта әлі қанша ата-ананы сан соқтырары белгісіз. Ал, санасы лайланбаған баланың психологиясына ауыр соққы болары сөзсіз.

Қ. БАСТАУ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *