Шымкент қаласындағы №5 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі, азаматтық қорғау сержанты Марат Алипбаев Панкратион федерациясының ұйымдастыруымен өткізілген ашық чемпионатта 1-ші орынды иеленіп, чемпион атанды.
Спорт пен өрт сөндірушінің қызметі егіз ұғымдай. Физикалық тұрғыдан осындай мықты өрт сөндірушілеріміз адамның өмірі мен материалдық құндылықтарын тілсіз жаудан құтқарудан алдына жан салмайды. Спортта да, қызметте де алдыңғы шепте көрініп жүрген Марат өзінің қайсарлығын екі бүлдіршінді оттың арасынан аман алып шыққанда да дәлелдеген болатын. Батыл да, ержүрек, өз ісінің нағыз маманы атанған мұндай өрт сөндірушілер Шымкентте аз емес.
Мысалы, жақында Шымкентте ҚР өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша әйелдер ұлттық құрама командасының аға жаттықтырушысы Д.Абдухаликовты салтанатты түрде күтіп алу шарасы өтті. Данияр Абдуалиұлы өзі де талай жыл өрт сөндіру қызметінде аянбай еңбек еткен азамат. Өрт сөндіру-құтқару спортының дамуына үлес қоса жүріп, спорттың осы түрінен талай шәкірт тәрбиеледі. Азаматтық қорғау ардагері.
Жуырда, нақты айтқанда қыркүйектің 5 — 11 аралығында Қытай Халық Республикасы Харбин қаласында әлем чемпионаты өтті. Байрақты сол бәсекеде Д. Абдухаликовтың шәкірттері жақсы көрсеткіштер көрсетіп, жеңіс тұғырына көтерілді. Олар өрт эстафетасынан күміс медалдың иегері атанды және ұлттық рекордтарды жаңартты. Бұл жаттықтырушының еңбегінің жемісі. Жаттықтырушының осынау еңбегін жоғары бағалаған шымкенттік әріптестері оны әуежайдан салтанатты жағдайда қарсы алып, мәртебесін көтерді.
Өрт сөндіру ісіндегі жігіттер өз міндетін мүлтіксіз атқаруы үшін шымыр, спорттық тұрғыдан дайындықтары жақсы болуы керек. Міне, осы тұрғыдан алғанда Данияр Абдуалиұлы сынды азаматтардың ерең еңбегінің ықпалы зор.