Басты жаңалықтар Мәдениет және өнер

Көнеміз ғой, қайтеміз көнбегенде…

        «Көнеміз ғой» әнінің шығу тарихы

Естеріңізде болса, осыдан біраз бұрын «Көнеміз ғой» әнімен Тұрар Тұрмысов, Сапарбай Алтыбай, Азат Әбілдаев есімді үш зағип жеткіншектен құралған «Сәт» триосы ән әлемінде жасындай жарқ ете қалды. Әнді естіген жанның көңілі толқып, тұла бойы шымырлап, әрі-сәрі күй кешкені анық.

Олардың бағын ашқан әдемі ән кімдікі еді? Ән қалай туды? Бүгінгі әңгіме сол туралы болмақ. Бұдан бұрын «Отыздан асып барамын» әнімен танылып қалған Садық Қынат Ордабасыдан Шым қалаға көшіп келіп, «ШТВ» телеарнасы маңынан пәтер жалдап тұра бастайды. Кешқұрым сол маңайда қыдырыстап жүріп, телеарнада қызмет істейтін, өзін «Сәт» триосының продюсерімін деп таныстырған Нұржан Қожабековпен тілдесіп қалады. Сосын мұның ән жазатынын біліп, өнер тобы орындауға лайықты ән жазып беруін өтінеді.

– Ән жазуды тұрақты кәсіп етпегенліктен, «ойланып көрейін» деп құтыла салдым, – дейді Садық. – Үйге келген соң әдеттегідей («Отыздан асып барамын» әнін де дәл осылай жазғам) жастығымның астында өнебойы жататын Мұқағалидың кітабын парақтап, лайықты өлең іздестіре бастадым. «Көнеміз де» деген өлеңі әнге сұранып тұрғандай көрінді, әрі бұл әнші балалардың ыңғайына келіп тұрған сияқты. Бірнеше рет қайталап оқығаннан кейін кеудеме әлдебір әуез келе бастады. Әдепкіде ұқыпсыздығымнан оның ырғағын есімде ұстап қала алмадым. Көп ұзамай Нұржан қайта іздеп келді. «Сәт» триосының әншілері тәрбиеленіп жатқан «Үміт» мектеп-интернатына апаруын өтіндім. Сонда әнші балалармен және олардың музыкалық жетекшісі Тамара Шілдерхановамен кедестім. Менің шабытымды осы кездесу ашты. Әсіресе, ән айтқанда үндері бөлек үш зағип баланың тағдыр тауқыметінен тайсалмай, ән айтуға ұмтылысы шабытыма қамшы басты. Олардың көздерін жапқан қара көзілдіріктерінің ар жағынан ешнәрсе байқай алмасам да, бойларынан өмірге деген құштарлықты, өнерге деген адалдықты анық сездім.

Содан бірер күннен соң жаңа әуеннің нобайы ыңылдап келе бастады.

– Үш зағип бала орындайтын болғандықтан, ән мәтінінің кейбір сөздерін өзгертуге тура келді, – дейді әуесқой сазгер.

«Сәт» триосы әнді сахнаға шығарысымен-ақ танымалдығы бірден артып кетеді. Бірде сазгер телеарнадан Айқын Төлепбергеннің осы әнді айтып тұрғанын байқап қалады. Астына көз жүгіртсе, «әні Нұрлан Еспановтікі» деп тұр екен. Дереу Айқынға телефон шалады. Айқын қателік кеткеніне өкініш білдіріп, лезде түзетіп, өзгерте қояды. Жалпы, клип түсіруші әншілерде мұндай ағаттықтар жиі кезігіп жатады. Не сазгері мен ақыны ауысып жатады, не мүлдем басқа авторлар жазылып кетеді. Осындайда клип халыққа лезде тарайтындығын ескеріп, өнерпаздардың ән мәліметіне ұқыппен қарағанын қалар едік.

Өзгелердің өздерін мүсіркегенін емес, өнерлерін қадірлегенін қалайтын «Сәт» триосы алғашқы қадамдарын, міне, осылай, осы әнмен бастаған еді.

Бекжігіт Сердәлі,

композитор-журналист.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *