Кешегі аптада Бәйдібек ауданындағы Шақпақ ауылында болып, жергілікті жұрт «Ақылтөбе» деп атайтын төбеге шықтық. Жер-су аттарына мән беріп қарайтыным бар, жұрттан төбенің аты неге бұлай екенін сұрадым. «Биіктеу жер болған соң малдың алдынан шыққан, басқа да себеппен жолы түскен адамдар «бас қосып ақылдасатын төбе» деп жүріп «Ақылтөбе» атанып кеткен» деген жауап естідім.
Ойды ой қозғайды. «Жұрт ат қойғыш қой, — деді бір кісі. – Анау Шаянның бергі жағында, Майбұлаққа кететін жол қапталында канал-арық бар, сол «Пиянарық» деп аталады екен. Біздің Жеткіншек жақта да «Пиянарық» деп аталатын арық бар. Кеңестік кезеңде қойылған халықтық атау ғой. Сулы жер болғасын өткен-кеткен, ауылына келген, құдалық күткен жұрт жазда осы арықтарға шомылып, тынығатын болған. Ол кезде бас қосудың бәрі ішімдікпен өтуші еді. Содан естелікке қалған атаулар ғой».
Тағы бір қызық қайтарда болды. Терістік беттен Шақпақ ауылына қарай ағып жатқан шағын өзеннің атауы «Арыстанды» екен. Ойланып қалдым. «Неге – Арыстанды? Бұл жақта сонда арыстан болған ба?» — деп сұрадым. Осы сұраққа ешкім де мандытып жауап бере алмады. Бірі «Арыстанбаб әулиеге қатысы болған шығар, мүмкін», — деді, екіншісі: «Бәлкім суы Арыстан келетін шығар», — деді. «Арыс өзені қайда, Шақпақ қайда, бір-бірінен мүлде алшақ жатқан жоқ па?» — деп бұл нұсқаны жаратпай тастадық. «Арыстанды-Қарабас» желі осы өзен аңғарымен соғады, сондықтан солай аталған шығар», — деді бір кісі. Бұдан әрі әңгіме осы желдің ерекшеліктері туралы болып кетті. «Бір басталса, кемінде бір апта соғады. Бұған үйреніп кеткенбіз, соқпай қалса басымыз ауырады», — деп күлдірді жергілікті азамат. Дегенмен «Бұл жақта арыстан болған ба?» деген сұрақтың басы ашық күйінде қалды.
Содан қазіргі білгіш «чат жипити»-ден сұрадық. Ол қазақша сауалға орысша жауап берді. «Өзен атауы түркінің «арыстан» деген сөзінен шыққан, «ды» деген жалғау оның тиесілігін білдіреді. Яғни «Арыстанды» — сөзбе-сөз «арыстанға тиесілі» немесе «арыстанның өзені» дегенді білдіреді. Осы өңірде аса қадірменді әулие немесе батыр Арыстанбабтың ұрпағынан болған, жергілікті жұртты жаудан қорғаған арыстанның ерлігімен байланысты, «оның рухы өзен суын күзетеді» деген аңыз бар» дейді қысқаша айтқанда.
Өз басым бұл жауапқа да тұшына қойған жоқпын. Жалпы, Қазақстанда бұрын-соңды арыстан болған ба? Меніңше, «зоопаркте» бар, ал өмірде ерте кезде де біздің ел аумағында арыстан болмаған сияқты. Ендеше бұл өзеннің «Арыстанды» аталуының түпкі сыры неде болды екен? Сіз қалай ойлайсыз?
Ғ.ӘБЕН.
