Басты жаңалықтар Қоғам

Дроныңыз сай болса…

Бүгінде әскери дрондар соғыс қимылдары жүріп жатқан елдерде көп мәселені шешуде. Олар барлау жасайды, күзетеді, нысананы көрсетеді, соққыны бағыттайды, тікелей соққы да береді.

Олардың көзге елеусіз көрінетін титімдейі де, ұшаққа ұқсас үлкендері де бар. Мысалы, АҚШ-тың «Wasp» барлаушы дронының ұзындығы 33 сантиметр болса, салмағы бар-жоғы 200 грамм ғана тартады. Ұшақтасығыш кемелерге арналған «GAAS Avenger» дроны 18 шақырым биікке дейін көтеріле алады, сағатына 740 шақырым жылдамдықпен ұшады. Нысанаға салмағы 440 кило болатын лазерлік көздеуіші бар екі бомбаны жеткізеді. Ал «MQ-9 Reaper» дроны 14 шақырым биікке дейін көтеріледі, әуеде 30 сағат бола алады. Сағатына 480 шақырым жылдамдыққа дейін алады. 4 тонна 700 килоға дейін жүк көтереді. Ол тіпті өзінен 3 шақырым қашықтағы көліктің нөмірін оқып, ішіндегі нысананы көздей алады. Оператор бұйрығын 1,5 секундта қабылдап соққы береді. «MQ-9 Reaper» танкке қарсы зымыран, басқарылатын бомба, 14 дана «әуе-жер» зымыраны сияқты қаруларды оңай алып ұшады. Оны жеке адамның көзін жоюға да қолдануға болады. Мысалы, осы дронның күшімен АҚШ Иран генералы Касем Сулейманиді өлтірген болатын.

Ал Қытайдың бомбалай алатын, ядролық қару тасымалдауға қауқарлы гипердыбысты континентаралық «WU-14» дроны нысананы зымыранмен атқылай алады. Ол, сондай-ақ, көзделген нысананы тауып, өзін соғу арқылы да жарып жібере алады. «СH-5» дроны болса 16 дана «әуе-жер» зымырандарын немесе салмағы 900 килоға дейін тартатын басқа да оқ-дәрілерді тасымалдайды. Ол аспанда «заправкасыз» 60 сағат бойы жүре береді.

Израильдің  «Heron TP» дроны 13,5 шақырым биікке көтеріледі, 36 сағат бойы қонбай ұшып жүре алады. Сағатына 460 шақырым жылдамдыққа дейін алады.

Түркияның да мықты дрондары бар. Әзірбайжан-армян соғысында, мысалы, «Bayraktar» өзінің қаншалықты қуатты екенін көрсеткені мәлім. Ол 55 кило жүгімен 7 шақырымнан да аса биікке көтеріле алады. Сағатына 250 шақырымға дейін жылдамдықпен ұшады. Әуеде бір тәулік бойы жүре алады.

Ал БАӘ-де жасалған «Yabhon United 40» дроны әуеде бес тәулік бойы жүруге қауқарлы. 1 тоннадан аса жүкті 7 шақырым биікке алып ұша алады.

Ресейдің «Охотник» деп ат қойылған дронының салмағы 22 тоннаны құрайды. Ол да «әуе-жер» зымырандарымен және басқарылатын авиабомбалармен жарақталған. 6 тоннаға дейінгі жүкті 18 шақырым биікке дейін көтеріп, сағатына 920 шақырым жылдамдықпен ұшады.

Дрондарды оператор қалқада отырып басқарады. Олардың жойғыш ұшақтардан бағасы кемінде 20 есе арзан. Есесіне соққысы қымбат. Оған адамды оқытып үйрету де аса көп уақытты қажет етпейді. Жанар-жағармайды да аз қолданады. Қысқасы, әскери дрондар бүгінде соғысушы жақтардың ең негізгі жойғыш қаруы болып тұр. Олар әсіресе әскери әуе күштері мен әуеден қорғау күштері әлсіз елдер үшін аса қауіпті.

Қазіргі күндері Қытай дронның әр салаға арналған түрлерін өнеркәсіптік деңгейде шығарып жатыр. Қосалқы бөлшектер алу жағынан оған көп елдер тәуелді. Ал АҚШ негізінен жасанды санамен басқарылатын жоғары технологиялық модельдерін шығаруға басымдық берсе, Израиль лаңкестікке қарсы күресте озық дрондар жасап шығаруда. Түркия да қалыспай, барлау және соққы беру бағытындағы дрондарды көптеп жасап, экспортқа шығаруда. Украинамен соғысып жатқан Ресей де дрон өндірісін жанталаса жолға қоюда. Яғни соғыс жағдайындағы елдерде дрон өндірісі қауырт дамып жатыр. Мысалы, бүгінде Украина әскери өнеркәсібі бір күнде 10 мың дрон жасайтын шамаға жетті деп айтылуда. АҚШ Орталық барлау басқармасының деректеріне қарағанда, Украина тек өткен жылы ғана 3,5 миллион дрон шығарған.

Дрон арзан тұрады, ал оны атып түсіруге немесе «аулауға» аса қымбат зымырандар мен басқа да қару түрлері қажет. Сондықтан әлемде «дрон жасау жарысы» қызу жүріп жатыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *