Басты жаңалықтар Біле жүріңіз

Жылу сақтаудың қауіпсіз жолдары

Адам денесі үшін жылудың маңызы зор. Егер ішкі жылудың реттелуі бұзылса, онда ағзада жағымсыз жайлар туындайды.

Жылу түзетін тағамдар жеңіз

Дене температурасының оңтайлы жағдайында (+36-37 градус) ферменттер дұрыс жұмыс істейді, ағзадағы зат алмасуын орнымен реттеп отырады. Ас дұрыс қорытылады, қажетті заттар тиісті жеріне дер кезінде жетеді, жасушалардың қызметі қалыпты деңгейде болады. Ал адам қандай да бір себеппен ұзақ тоңып немесе суықтаса, онда ферменттердің жұмысы бұзылады. Адамның сырқаттануына, вирус жұқтыруына, созылмалы ауруы қозуына жол ашылады. Сондықтан әркім өз ағзасын тыңдап үйренгені жақсы, «ештеңе етпейді» деп жүре беруге болмайды.

Ағзаға мұндайда жылу түзуге жәрдемі тиетін тағамдар керек. Мысалы, майлы ет, балық, бұршақтұқымдастар (бұршақ, ноқат, маш, жасымық, нұт, жержаңғақ, т.б.), сары май, жарма, кебегі ажыратылмаған дән ұнынан пісірілген нан жақсы көмектеседі. Бірақ оларды шамадан асырмай пайдалану керек. Әрине, жыл маусымына сай жылы киініп жүрген жөн.

Көміртегі тотығы – аса қатерлі

Үйін от жағып жылытатындар әсіресе көмір иісіне уланудан сақтануы керек. Өйткені көміртегі тотығы түссіз, иісі жоқ, арнайы аспаппен болмаса, оның ауаға жайылып жатқанын бірден аңғару қиын. Ол қанға ауамен бірге өтіп, гемоглобинмен әсерлеседі де, оттегінің қан мен ұлпаларға жетуіне кедергі келтіреді. Осыдан оттегінің жетіспеуі, ми жасушаларының, жүректің және басқа да органдардың улануы туындайды. Сондықтан пештің, су жылытатын құрылғылардың, каминнің дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек. Тіпті көлік гараж ішінде оталған күйде біраз тұрса да абайлаған абзал.

Адам көміртегі тотығымен уланып қалған жағдайда басы ауырып, шекесі солқылдайды, жүрегі лоблып, құсады, құлағында шуыл пайда болуы мүмкін. Әлсіреп, ұйқы басады, дел-сал болып, қозғалысы тежеледі, түрлі жайларға реакциясы төмендейді. Қатты уланғанда есінен танады, денесі құрысады, комаға түсіп қалуы да мүмкін. Демігіп, жүрек жұмысы бұзылады. Дер кезінде медициналық көмек тимесе, көмірге улану өмірге қатер төндіреді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *