Жуырда Түркістан облысының бірнеше аудандарында ауылдық округ әкімдері сайланды. Сайлаудың мақсаты – елге жаны ашып жұмыс істейтін әкімді жергілікті халықтың өзі бірлесе отырып таңдау болатын. Алайда, бүгінгінің сайлауы елді біріктірудің орнынан бірлігін қашырып жатқан секілді. Тіпті, жақын ағайындар арасында да жік түсуде.
Өткен жексенбіде Шардара ауданы Ақшеңгелді ауылдық округінің әкімі сайланды. Естуімше үш үміткер болған екен, сайлауға бірнеше күн қалғанда біреуін сайлау комиссиясы сот арқылы тізімнен шығарып тастаса керек. Білетіндер мұны қарсыласты аяқтан шалудың ең тиімді тәсілі деп есептейді. Кім білсін, бәлкім бір кемшілігі де болған шығар, бірақ менің айтпағым басқа, дәлірегі сайлаудан кейінгі жанжал жайы. Әлеуметтік желіде бір топ адамның әкімнің кабинетіне келіп, жанжал шығарып тұрғаны туралы түсірілім тарады. Сол түсірілімнен байқағанымыз, ауыл адамдарының арасында алауыздық пайда болған. Шындығында, белсенділер ауыл әкімі етіп жұмыс істейтін адамды емес, өз адамын қойғысы келгені, сол үшін талас-тартыс өрбігені көрініп тұр.
Сайлау елді ру руға, ауыл ауылға бөлу үшін емес, керісінше оларды біріктіретін құрал болу керек. Тек өз туысқанын қолдау бұдан 1-2 ғасыр бұрын қалып кеткен. Біз әлі сол ескі рулық түсініктен арыла алмай жүрміз. Бүгінде руына, ұлтына, дініне қарамастан қолынан іс келетін адамды таңдау керек. Сонда ғана ауыл дамиды, ел көркейеді. Ал қолынан іс келетін азаматты емес, әркім өз туысын, көршісін, ауылдасын қолдайтын болса еліміз дамудың емес, кері кетудің жолына түсері анық.
Сүндет Абаев,
Шардара ауданы.
