Басты жаңалықтар Құқық

Түркістанда зорлық-зомбылық көбейіп тұр… 

   

Өкінішке қарай, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық әлі де күн тәртібіндегі өткір мәселелердің тізімінен түспей келеді. Бұрынғы кездері жәбірленуші тарапынан шағым түспесе, зәбір көрсетушіге шара көрілмейтін. 2023 жылдың 1-шілдесінен бастап әкімшілік іс қозғалу үшін жәбірленушінің арызы міндетті саналмайтын болды. Полиция оны көршілердің немесе өзге де куәгерлердің растауымен өздігінше анықтай алады. Ал 2024 жылдың 15 маусымынан бастап бұрын әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қаралған денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу әрекеттері қылмыстық теріс қылықтар санатына енгізілді. Яғни әйелдердің құқы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында заң барынша қатаңдатылды. Алайда, бұл да зорлық-зомбылық әрекеттерін түбегейлі тоқтата алмай отыр. Неге?

Түркістан облыстық полиция департаментінің ресми мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 286 дерек анықталып, олардың 118-і бойынша әкімшілік шара көрілген. 29 дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізілуде. Одан бөлек 113 қылмыстық іс өндіріспен аяқталған. 2024 жылдың 15 маусымынан бастап, яғни әкімшілік құқық бұзушылықтың қылмыстық теріс қылық санатына ауыстырылғанынан бастап жыл соңына дейін 24 қылмыстық іс өндіріспен аяқталған болатын. Сонда биылғы жылдың көрсеткіші күрт өсіп отыр. Өкінішке қарай, адам өлімімен аяқталған оқиға да тіркелген. Денсаулыққа қасақана жеңіл және орта зиян келтіру қылмыстары бірден өсіп отыр.

Көңілге медеу болар бір ғана көрсеткіш — отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық құқық бұзушылықтарының төмендеу тенденциясы байқалады. Айталық,  2024 жылдың алғашқы алты айында тұрмыстық қатынаста 2 мың 878 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген болса, биыл 1 182-мен шектелді. Яғни 59 пайызға азайған. Сонымен бірге, отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы хабарламалар саны да 1,1 пайызға кеміген.

Зорлық-зомбылық құқық бұзушылықтар қай аудандарда жиі көрініс береді деген сауалға қатысты жасалған сараптама төмендегідей болып отыр. Ең көп дерек Түркістан қаласында тіркелген – 801. Одан кейінгі орында тұрған Сайрам ауданында 450 дерек орын алса, Мақтаарал ауданында – 229, Сарыағаш ауданында 261 оқиға тіркеуге алынған. Ал, оң мысал ретінде Отырар және Созақ аудандарын атап өтуге болады, оларда мүлдем отбасы-тұрмыстық саласында қылмыстық теріс қылықтар орын алмаған.

Қазақ тарихында отбасыдағы жанжал босағадан сыртқа шыға қоймаған. Ушыққанына әулет үлкендері араласса, әрі кеткенде ауыл ақсақалдары тентегіне тыйым салып отырған. Ал қазір бұл тәртіп сақшыларының тікелей міндетіне айналды. Осы мақсатта биылғы жылдың қаңтар айында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі арнайы мамандандырылған бөлімшелер құрылды. Оны ашуға жергілікті бюджет есебінен 74 штатқа қаржы бөлінді. Әрине, жаңа бөлімнің отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық іс әрекеттердің алдын алуға, ауыздықтауға көмегі тиіп жатыр. Мәселен, осы жылдың алғашқы жартысында полицияның өтініші негізінде сот тәртібімен құқық бұзушылардың мінез-құлқына 446 ерекше талаптар қойылса, оның ішінде 293 азаматқа алкогольдік ішімдіктерді пайдалануға тыйым салынған. Бұл шектеулерді бұзғаны үшін 67 «отбасы тирандары» әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 53 маскүнем мәжбүрлі түрде емдеу мекемесіне жолданған. Мамандар тарапынан жүргізілген талдау нәтижесі көрсеткендей, отбасы-тұрмыстық қатынаста жасалған қылмыстардың 24,8 пайызы мас халде немесе спирттік ішімдіктерді бірлесіп ішу кезінде туындаған. Мас күйінде жасалатын қылмыстың алдын алу мақсатында «Уақытша бейімдеу және детоксикациялау» орталықтары ашылуда. Мұндай орталық Шымкент қаласында (60 төсек орындық), Түркістан мен Сарыағаш қалаларында (20 төсек орындық) және Арыс, Жетісай, Сайрам аудандарында (5 төсек орындық) ашылған. Онда биылдың өзінде 1 457 азамат жеткізілген. Ендігі жерде Түлкібас ауданында осындай орталық ашу жоспарланса, Кентау, Шардара және Төлеби аудан орталықтарына ашуға ұсыныс берілген. Тәртіп сақшыларының пікірінше, бұл да әлі жеткіліксіз екен, негізінде барлық аудан орталықтарында кем дегенде 5 орыннан тұратын осындай мекемелер болуы қажет көрінеді.

Осы жылы кәмелетке толмағандарға қатысты орын алған қылмыстар да 53,2 пайызға (111-ден 170-ке, 59 дерекке) өскен. Аталған санаттағы қылмыстардың өсуіне әкімшілік құқықбұзушылықтардың қылмыстық сипатқа ие болуына байланысты заңнамаға енгізілген өзгерістер ықпал етіпті. Кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстардың 21,7 пайызы немесе 37-сі жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар. Бұл қылмыстарды бұрын полиция назарына түспеген жақын ортадағы адамдары – әкелер, өгей әкелер, бірге тұратын адамдар, көршілер, туыстар, таныстар жасаған. Ерте жыныстық қатынастарға түсу себебi отбасындағы тәрбиенiң тиiстi деңгейде болмауы, жасөспiрiмдер жүктiлiгiнiң терiс салдары туралы бiлiмнiң жоқтығы, сондай-ақ әлеуметтік желілерде интимдік қарым-қатынасты ашық насихаттау болып табылады. Сонымен қатар, ересектер тарапынан әлеуметтік желілердегі балалардың виртуалды өміріне бақылаудың жеткіліксіздігі ықпал етеді. Интернет мониторинг жұмыстарының нәтижесінде биыл порнографилық 260 ақпараттық сайттар анықталып, Ішкі істер министрлігінің «Киберқадағалау» бағдарламасымен бұғатталған.

Кәмелетке толмағандармен өзіне өзі қол жұмсау оқиғалары әлі де тоқтамай келеді. Осы жылдың алғашқы жартысында мұндай 46 дерек орын алған. Өкінішке қарай, оның 19-ы өліммен аяқталған. Қайғылы деректердің басым бөлігі отбасындағы кикілжіңдерге байланысты орын алған. Өзіне-өзі қол жұмсау бойынша Сайрам ауданында 16 жағдай орын алып, облыс бойынша ең жоғары көрсеткішті көрсетті. Сонымен қатар, Жетісай ауданы – 5, Сарыағаш ауданында – 4, Бәйдібек, Түлкібас, Мақтаарал аудандарында – 3 жағдай орын алған. Ал, Қазығұрт, Отырар, Созақ, Төлеби аудандары мен Кентау қаласында тіркелмеген.

Отбасындағы зорлық-зомбылық, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар жылдан жылға қарқын алып, оған бөлінген қаражаттың ұлғаюына, заңның қатаңдатылғанына қарамастан аталған қылмыстық құқық бұзушылықтар қатары әлі де азаймай келеді. Себебі неде? Бәлкім, дұрыс жүйе қалыптаспай отыр ма? Мүмкін қазақы тәрбиенің батыс тәрбиесіне қарай ойысуы да себеп болып отыр ма екен?..  

Ш.Мекенбайұлы.  

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *