3 маусым күні Ордабасы аудандық сотының сот залында сотталушы Хасен Ерімбетов өз өзіне қол жұмсап, суицид жасауға әрекеттенді. Көпшілік мұндай жағдайдың Қазақстанның сот жүйесінде алғаш рет болғанын айтады. Яғни сотталушының өзімен бірге сот залына суық қару алып кіруі Тәуелсіз Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған екен. Бүгінде пышақ жарақатын алған Хасен Исақұлы Ордабасы аудандық ауруханасында ем қабылдап жатыр.
Бұл жағдай қалай болды, оған қалай жол берілді? Біз осы мәселе төңірегінде бірашама зерттеу жасау үшін Х.Ерімбетовтың қорғаушысы Жаңабек Әбішевке хабарластық. «Кім жауап беретінін білмеймін, бірінші заңсыздық сот ғимаратында болды, – деді қорғаушы. – Заң бойынша сот залына пышақ, басқа да суық қару алып кіруге болмайды. Соны қамтамасыз етпеген күзет қызметі мен аудандық соттың төрағасы кінәлі деп санаймын. Кез келген мекемеде жауапкершілік бірінші басшыда болу керек.
Екіншіден, «неге өзіне пышақ салды?» деген сұрақ туындайды. Кейбір ақпарат құралдарында Ерімбетов өзін жұмыстан шығарғанға күйініп, өз-өзіне пышақ салды деп айтылып жүр. Олай емес. Ол судьяның қаулысына наразылық ретінде өзін жарақаттады».
Бұдан кейін Хасен Ерімбетовтың өзінен сұхбат алу үшін ауруханаға бардық. Бірақ Ордабасы аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Сырлан Кенжеев мырза Ерімбетов арнайы палатада полиция күзетінде жатқандықтан, оған ешкімді кіргізе алмайтынын айтты.
Амалсыздан Х.Ерімбетовтың өзімен телефон арқылу сөйлесуге тура келді. «Ордабасы аудандық сотының судьясы Қ.Әбубәкірдің құқым мен арымды таптап шығарған қаулысына келіспегендіктен солай жасауға мәжбүр болдым, — деді Х.Ерімбетов. — Өзіме қол жұмсау — алдын ала ойластырылған әрекет емес. Сөмкемдегі пышақ үйге алынған, оны ноутбукты жинап жатқанда көріп қалдым. Судья қаулыны дұрыс шығармады деп ашуланғандықтан, осындай қадамға бардым. 3 маусым күні кешке аяққа салынған «сақина құрсау» әлі тұр. Терезеге темір тор қақты. Полиция сол күннен бері күні-түні қасымда. Сыртқа шығармайды, сырттан адам кіргізбейді. Не үшін менің құқымды бұлай бұзып отырғанын түсінбеймін. Алғашында осында күзетпен жатқан күндерім сот қаулысында көрсетілген 5 күндік әкімшілік қамауға есептеледі деп еді, енді ем қабылдап шыққан соң қайтадан 5 күнге қамайды деген сөздер айтылуда. Судья әділ шешім шығармады. Түсінгенім, өкіл қарсылық білдіргенге қарамастан істі жүргізе бермек болды-ау. Біз судьяға қарсылық білдіргеннен кейін шығып бара жатқанда, судья: «Сот процесі біткен жоқ, шықпа!» – деді. Соған қарағанда судья өзіне қарсылық білдірілгеннен кейін сот процесін жүргізуге құқы жоқ екендігін білмегені ме, әлде…»
Х.Ерімбетовтың ауруханада күзетпен жатқан күндері қаулыда көрсетілген жазаға есептеле ме, әлде ауруханадан шыққан соң басынан өтейді ме деген сұраққа жауап табу үшін Ордабасы аудандық полиция басқармасының басшысы Нұркен Сарыпбековке бардық. Ол кісі «бұл соттың құзырындағы шаруа екенін, ал ауруханада күзетте ұстауды Хасеннің алдағы уақытта өз-өзіне қайта қол жұмсамауы үшін жасалған қауіпсіздік шарасы» деп түсіндірді.
Бұдан кейін мәселенің мән-жайын анықтамақ болып Ордабасы аудандық сотына барғанымызда ондағылар хатшы арқылы төраға міндетін атқарушы Қиятбек Мырзабеков те, қаулы шығарған судья Қанат Әбубәкір де бос еместігін, Х.Ерімбетовтың талабы бойынша әлі қылмыстық іс жүріп жатқандықтан алдын ала түсінік бере алмайтындықтарын білдірді. Біз олардың қолы босағанын күтуге дайын екендігімізді білдірген соң сот әкімшісінің басшысы Сәкен Бәйменов шықты. Ол «Хасеннің 5 күндік жазасы өтелді ме, жоқ па деген сұрақты полиция шешетінін, себебі сол сәтте қаулы орындалу үшін полицияға жолданғанын, егер олар білмесе немесе түсінбесе бізге хатпен шықса, түсінік берілетінін» айтты.
Бір-біріне сілтеген бұл жауаптардан нақты бір нәрсені түсіну қиын. Сонда сот, әлде полиция өздерінің құзырындағы міндеттерді толық білмейді ме? Бәлкім, мұның заңдылығын прокурор білетін шығар? Осы оймен Ордабасы аудандық прокуратурасына барғанымызда, бізді прокурордың орынбасары Нұрмахан Елшібаев қабылдады. Бірақ ол кісі Х.Ерімбетовке қатысты болып жатқан оқиғадан бейхабар екенін айтып, мәселені тексеру үшін арыз жаздырып алды.
Қазіргі кезде Х.Ерімбетовтың жағдайы дәрігерлер мен сырқаттың өз айтуына қарағанда жақсы секілді. Орнынан тұрып, өздігімен жүре алады. Ендігі мәселе: ол ауруханадан шыққан соң қайтадан 5 күнге қамала ма, жоқ па? Егер қайта қамалатын болса, онда неге жақын адамдарымен жолығуына шектеу қойып, аяғына «сақина құрсау» салып, полициямен күзетіп, аурухана терезесін темір тормен тұмшалады? Яғни белгілі дәрежеде Х.Ерімбетовтың құқы шектелді.
Р.S.
Айтпақшы, біз журналистік зерттеу жүргізгеннен кейін Х.Ерімбетовтың аяғындағы «сақина құрсау» шешіліп, 7 күннен бері оны күзетіп отырған полиция өкілі кері қайтыпты.
Балқы БАЗАР.
