Шымкент қаласы әкімінің қала тұрғындарын өтініштері бойынша қабылдауына азаматтар көп жиналады. Көбіне тұрғындар әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелерін, баспана, жер телімдерін заңдастыруға қатысты түйіткілдерін алға тартады. Әрине, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік, білім беру салаларына қатысты да мәселелерді жеткізетін азаматтар аз емес. Әсіресе, қаланы абаттандыру, көшелерді асфальттау және заңсыз құрылыс нысандар туралы да талап-тілектер көп.
Жуырда осындай қабылдау барысында қала әкімі мен оның орынбасарлары, басқарма басшылары және аудан әкімдері шамамен 200 тұрғынды қабылдады. Қала басшысы жауаптыларға өзекті мәселелерді шешуде азаматтардың ұсыныс-пікірлерін ескеруді тапсырды. Осындай қабылдауларда туындаған мәселенің бірі — Қаратау ауданындағы 10 мыңға жуық халқы бар Бозарық тұрғын алабының газсыз отырғаны болатын. Тұрғындардың талап-тілегін мұқият тыңдаған қала басшысы сол кезде бұл мәселенің жыл соңына дейін шешілетіндігіне уәде берген-ді. Кешегі аптада сол уәде орындалды. Былтырғы жылы басталған газ құбырының құрылысы толығымен аяқталды.
Газ келгеніне риза болған тұрғындардың қуанышын бөліскен қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындармен әңгімелесу барысында газдандыру кез-келген қаланың дамуындағы аса маңызды қадам екенін атап өтті. Газбен қамтамасыз ету мегаполистің экологиясын айтарлықтай жақсартуға ғана емес, сонымен қатар тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қала әкімі тұрғындарды газды пайдалану кезінде сақтық шараларын сақтауға шақырды.
Тұрғын үйлерді газдандырудың екінші кезеңі аясында осылайша 700-ге жуық абонент көгілдір отынға қол жеткізген. Жыл соңына дейін үшінші кезең жүзеге асырылғаннан кейін тағы 700-ден астам абонент көгілдір отынмен қамтылады. Бұл ретте жыл соңына дейін Ынтымақ-2, Тассай және Қаратөбе шағын аудандарын газдандыруды аяқтау жоспарлануда.
Айта кетейік, газ желісіне қосылуды жылдамдату үшін тұрғындар «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ына өтініш білдіріп, құжаттарды дер кезінде тапсыруы қажет.