Басты жаңалықтар Біле жүріңіз

ҚҰРБАН АЙТТА НЕНІ БІЛГЕН АБЗАЛ?

 

ҚМДБ Шымкент қаласы бойынша өкілдігі Қасиетті Құрбан айт мерекесіне байланысты арнайы брифинг өткізді. Ақпараттық коммуникациялар алаңында ұйымдастырылған жиынға қала имамының орынбасарлары Мұсабек Ақтамберді мен Мұхамеджан Естеміров қатысып, діни мерекенің ерекшеліктері, жұрттың біліп жүргені дұрыс болатын жайлар жөнінде әңгімеледі.

 Айт намазы сағат таңғы 6-да оқылады

«6-маусым – Құрбан айт мерекесі. 5-маусым – арапа күні. Арапа – айт мерекесі мен дастарханына дайындық жасалатын күн. «Құрбан» – «жақындау» деген сөз, шариғаттағы маңызы – белгілі бір шарттарын орындап, бір малды Алла жолында шалуды «құрбандық» деп атайды.

Айт намазы үшін Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бір уақытты белгіледі. Ол 6-маусым күні таңғы сағат 6.00 деп бекітілді. Құрбандыққа мал шалу содан кейін басталады», – деді М.Ақтамберді.

 Мүмкіндігі бар адамға – міндетті

Имам орынбасары құрбандыққа мал шалудың сүннет амал екенін айтты. Мүмкіндігі бар мұсылман баласына бұл – уәжіп, яғни ынсап мөлшері мүмкіндік беретін жағдайға жеткен адамға міндетті. Құрбандыққа қой, ешкі мен ірі қара және түйе шалынады. Уақ мал 1 жасқа, ірі қара – 2, түйе малы 5 жасқа толған болуы керек. Зекет беретін шамасы бар адам отбасының әр мүшесіне уақ малдан бір-біреуден шалса да, әйтпесе олардың атынан бір ірі қара немесе түйе шалса да болады. Ал мүлкі нысап мөлшеріне жетпеген, күнделікті ішіп-жемінен артылатын аз ғана қаражаты бар кісілер отбасы атынан бір малды құрбандыққа шалса жарайды.

 Онлайн құрбандық шалуға болады

М.Ақтамберді жиналғандарды ҚМДБ-ның «QURBAN2025.KZ» деген қашықтықтан құрбандық шалу сайтын ашып қойғаны жөнінде де құлағдар етті. Онлайн құрбандық шалу Шымкенттің «Бозарық» аумағындағы қасапханада іске асырылады. Яғни онда қажет еткендерге деп жиналған мал басы бар. Ниет еткен адам өзінің қандай мал шалатынын айтып, соған сай ақшасын аударса, құрбандыққа мал сол жерде шалынады. Басында жүрген дін адамдары бұған қатысты бейнежазба жасап, батасын беріп, құрбандық шалып береді. Мұның бәрі ашық, қанша мал түскені, есебі сайттан көрініп тұрады. Ет аламыз деген мұқтаж жандар ол жерге өздерінің өтініштерін бере алады. Өтініште өздерінің байланыс нөмірі, мекен-жайларын көрсетеді. Қасапханада арнайы тоңазытқыш орнатылған, онлайн тапсырыс берілген құрбандық еті сонда сақталады. Қасапханадан өздері мал сойдырып алғандар да құрбандық етінің бір бөлігін сонда қалдыра алады.

Құрбандыққа шалынған уақ малдың етін үшке бөліп, бір бөлігін өзінде қалдырып, бір бөлігін көршілерге, туыстарға, бір бөлігін мұқтаж жандарға берсе де болады. Құрбандық шалатын адам мұсылман болуы шарт. Құрбандыққа мал шалу нысап мөлшері 80 грамм алтыннан асатын, дүние, мал-мүлкі бар адамдарға уәжіп амалының бірі боп табылады.

   Мешіт маңында мерекелік шаралар өткізіледі

Өз кезегінде сөз алған М.Естеміров те жиналғандарды қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтап, мереке кезінде жүргізілетін іс-шаралар жайында  айтты. «Мереке күндерінде азық-түлік, мал бағасын қымбаттатпау жөнінде Бас мүфтиіміз кешегі күні айтып өтті. Біріншіден, халайық осыған үн қосса, бағаны шарықтатпаса екен дейміз. Екіншіден, Құрбан айт қайғылы емес, қуанышта жүретін мереке. Сондықтан биыл еліміздегі бүкіл мешіттердің барлығының айналасында мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Яғни ұлттық ойын түрлеріне кезек беріледі. Құрбан айт намазынан кейін халықтың көңілін көтеру мақсатында арқан тарту, кір тасын, қой көтеру сияқты ойын түрлері өткізілгелі отыр. Сонымен қатар биылғы жылы айт намазынан кейін «Балаларға – тәтті» деген мереке өткізіледі. Құрбан айтқа ата-анасымен келген балаларға түрлі сыйлықтар берсек деген жақсы бастамамыз бар. Бұл балалардың есінде, санасында қалады», – деді қала имамының орынбасары.

М.Естеміров Құрбан айт кезінде қаламызда қызмет көрсететін екі қасапхана бар екенін айтты. «Бәйтерек-Агро» және Бозарықтағы «Халал» қасапханаларында онлайн құрбандық шалдыруға болады. Онда барлық санитарлық талаптар сақталған. Баға қымбаттамайды, тұрақты баға қойылған.

     Қайырлы істер жасаңыз

Имам орынбасары айт күндерінде бірінші кезекте әлеуметтік мәселелерді қамтығалы отырғандарын айтты. Тұрмысы төмен отбасыларға көмек ұйымдастырылады. «Бізде зекет қоры жұмыс істейді. Имамдар кәсіпкерлермен бірлесе отырып, Құрбан айт күндерінде жағдайы төмен отбасыларға көмектесеміз деп отырмыз. Қалталы азаматтарды біздің осы акцияға қатысуға шақырамыз. Былтырдың өзінде 33 мың отбасыға көмек бердік. Алдағы айт күндерінде де тізімде тұрған отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетсек деген жобамыз бар. Айт күндерінде игілікті істердің жанынан табылсақ дейміз», – деді имам орынбасары.

Айт күндерінде ынтымақ-бірлік мәселесіне де мән берілгені абзал. Араздасқан адамдарды татуластыру – үлкен сауапты амалдың бірі.   Науқастардың көңілін сұрау, қиналып, қарызданып қалған бауырлар болса, мүмкіндігінше көңілін аулап, жәрдемдескен жақсы. М.Естеміров мереке күндерінде кемінде жеті үйге дейін айттау, шаманың келгенінше дастархан жайып, қонақ күту – әрі ұлттық салт-дәстүріміз әрі сауапты амал екенін де айта кетті. Үйімізде әрдайым береке, мереке болсын десек, қасиетті күндерде осындай игі істерді атқаруға болады.

Айта кетер тағы бір жайт – құрбандық малының етінен өзге дін өкіліне беруге де болады екен. Көршіңіз басқа дін өкілі болуы мүмкін, ынтымақ, бірлік ретінде, ұлттар арасындағы татулықты нығайту, сүйіспеншілікті күшейту мақсатында құрбандық малы етінің үштен бір бөлігін сол азаматтарға да беруге болады. Имам орынбасары мұның дінімізде бар, бекітілген нәрсе екенін айтты.

Тәшрик тәкпірін айтуды ұмытпаңыз

Осыдан кейін имамдар БАҚ өкілдерінің қойған түрлі сауалдарына жауап берді. М.Ақтамберді айт күндерінде тәшрик тәкпірін жиі айту уәжіп болатынын еске салды. Яғни ол таң намазынан бастап Құрбан айттың соңғы күніндегі намаздыгер-намазшамға дейін жалғасады. «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, лә иләһа иллаллаһу. Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, уә лиллаһи хамд» деген тәкпір әрбір парыз намазынан кейін айтылады. Оны жай уақыттың өзінде де айтып жүрудің өзі сауапты амалдардың бірі. Құрбан айт намазына бара жатқан уақытта еш нәрсе жемей барған – сүннет, Пайғамбар сүннеті», – деді М.Ақтамберді. Яғни таңертең ештеңе ішпей-жемей, Айт намазына барғанша тәкпір-тәшрикті айтып барған дұрыс болады.

Кей жерлерде «шек» дейтін нәрсе бар, Құрбан айттан бір күн бұрын, арапа күні мал сойып жатады. Ол құрбандыққа жатпайды. «Кімде-кім айт намазынан бұрын құрбандық шалса, ол өзі, отбасы үшін әзірлегендей болып қалады» деген хадис бар. Құрбандыққа мал айт намазынан кейін шалынады. Имам осыны еске салды.

Жалпы, қаржылай мүмкіндігі бар әрбір мұсылман баласына құрбан шалу – уәжіп, яғни міндетті. Ал шамасы келмеген адамға мұндай міндет жүктелмеген. Айт күндері аз да болса садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға көңіл бөлу – сауапты іс.

Д. НҰРПЕЙІС.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *