Мамыр айынан бастап елімізде медициналық жедел жәрдемнің жұмыс тәртібі біршама өзгерді. Атап айтқанда, енді 4 санаттағы шақыртулар бойынша пациенттерге қызметті күндізгі сағат 08.00 – 20.00 аралығында олардың өздері тіркелген аумақтағы медициналық ұйымның мобильдік топтары көрсететін болды.
Аталған тәртіп жедел жәрдемнің тиімділігін арттыру үшін, әсіресе үлкен қалалардағы жүктемені оңтайландырып, күту уақытын қысқарту мақсатында ендіріліп отыр. Ал кешкі сағат 20.00-ден таңғы 08.00-ге дейінгі және демалыс күндеріндегі шақыртуларға, соның ішінде 4-санатқа да қажетті қызметті бұрынғыша жедел жәрдем бригадалары көрсете береді. Өзгеріс тек күндізгі уақыттағы қызметке ғана байланысты.
Жалпы, жедел жәрдемнің пациент шақыртуынан кейін оған жетуге дейінгі уақыты арнайы тәртіппен шектелгені белгілі. Шақыртылған аумаққа жету уақыты 1-санат шақыртуы үшін 10 минут, 2-санатқа – 15, 3-санатқа – 30, ал 4-санат шақыртуы үшін 60 минут деп бекітілген. Жеделдіктің 4-санаты – ең жиі болып тұратын шақыртулар, жалпы шақыртулардың жартысынан астамы осы санатқа тиесілі. 4-санатқа дене қызуы, қан қысымы көтерілген, созылмалы ауруы қозған, жеңіл жарақат алған секілді өмірі мен денсаулығына аса қауіп төніп тұрмаған науқастардан түскен шақыртулар жатқызылады.
Қазіргі күндері Шымкенттегі жедел жәрдем қызметі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жұмыс істеуде. 4 негізгі филиал мен 10 қосалқы станциялар қызмет көрсетеді. 120-ға жуық автокөлік бар, соның 100-і күнделікті қызмет көрсетуге шығып тұруы тиіс. Жедел жәрдем станциясына қала бюджеті есебінен былтырғы жыл соңында қосымша жиырма шақты автокөлік сатып алынған. Биыл тағы да түнгі жұмыстағы медициналық жәрдемге деп 25 автокөлік әперу көзделіп отыр.
Бүгінде Шымкентте халыққа медициналық қызмет көрсететін амбулаториялық персоналды деңгейдегі 14 мемлекеттік, 46 жеке меншіктегі – барлығы 60 мекеме жұмыс істейді. Қаламызда 1 миллион 260 мыңнан астам адам тұрады. Осының ішінде тұрғындардың 49 пайызы мемлекеттік, 51 пайызы жеке емханаларда тіркелген. Орташа алғанда 1 емхана 20-25 мың адамға қызмет көрсетеді.
Осы орайда бірқатар сұрақтар туындайды. Шымкенттегі емханалар 4-санаттағы шақыртулар бойынша қызмет көрсетуге дайын ба? Оларда арнайы автокөліктер, тиісті персонал саны жеткілікті ме? Көліктердің ахуалы қандай? Енді оларда МӘМС қорынан көбірек қаржы аударту үшін жалған жазбалар, жалған шақыртулар тіркеу орын алмай ма?
Бүгінде қарапайым тұрғындардың көкейінде туындап жатқан осындай сан түрлі сұрақтар бар. Оңтүстіктің аптап ыстық жазы келе жатыр. Бұл қан қысымы тұрақты емес, жүрек, тыныс жолдары секілді көптеген созылмалы ауруы бар науқастарды жиі мазалайтыны түсінікті. Жұқпалы аурулардың да өршитіні белгілі. Емханалардың 4-санаттағы шақыртуларға қаншалықты дайын екені сол кезде анық байқалатын шығар.
Д. НҰРПЕЙІС.